Мемлекеттен 1,5 млн теңге беріледі – оны кімдер ала алады?

Грант мөлшері – 400 АЕК (1 476 800 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Мемлекеттен 1,5 млн теңге беріледі – оны кімдер ала алады?
cурет: istockphoto.com
507

Business.enbek.kz порталында 2024 жылғы 15 шілдеден бастап 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдана бастайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады

Мәліметке сүйенсек, Республика бойынша екінші лекте 4 655 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту.

Грант мөлшері – 400 АЕК (1 476 800 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін:

-        Порталда тіркелу;

-        грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

-        бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

-        өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:

-        тіркелген жұмыссыздар;

-        жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

-        мүгедектігі бар адамдар;

-        қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

-        өңіраралық қоныс аударушылар

-        аз қамтылған отбасы мүшелері;

-        көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

-        мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

-        асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.

Серіктес жаңалықтары