Депутаттар Ақтөбеде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесін талқыға салды

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елімізде әйелдер құқығын қорғау шаралары тек осы заңмен шектелмейтінін атап өтті.

Депутаттар Ақтөбеде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесін талқыға салды
319

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе облысының әйел-депутаттарымен және әйелдер қауымымен кездесті. Отырыста соңғы заңнамалық өзгерістер талқыланды.

Дания Еспаева өз сөзінде өткен сессияда Мәжіліс әйелдер мен балаларды әлеуметтік, экономикалық және құқықтық қорғауға бағытталған бірқатар заң қабылдағанын айтты. Ең негізгілері – тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы қылмыспен күресуге қатысты түзетулер, кредит беру кезіндегі қатерлерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер мен «Ұлттық қор балаларға» заңы.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елімізде әйелдер құқығын қорғау шаралары тек осы заңмен шектелмейтінін атап өтті. Алдағы уақытта еңбек кодексіне қудалау ұғымын енгізу жоспарланып отыр. Жыныстық қудалауға қатысты жауапкершілік те қарастырылады. Сондай-ақ депутат алимент өндіруге көмектесу шаралары қарастырылып жатқанын айтты.

– Қазір бізде екі шешім бар. Оның біріншісі – алимент төлемей жүрген азаматтар үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін қарастыру. Ал екіншісі – жалпы алимент төлеу жөніндегі мемлекеттік қор құру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жиында Ақтөбе облысында белсенді әйелдердің рөлі артып келе жатқаны айтылды. Қазір облыста компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жеткен. Жалпы облыс бойынша кәсіпкерлердің 56,5 пайызы – әйелдер. Басшы әйелдердің басым бөлігі, яғни 70 пайыздан астамы білім беру саласында жұмыс істейді. Облыстың барлық деңгейдегі мәслихатындағы 205 мандаттың 46-сы немесе 22,8 пайызы әйелдер.

Жиынға қатысушылар білім беру ұйымдарына лицензия беру, гендерлік теңдікті қолдау, ажырасу кезінде мүлікті бөлу, мектеп оқушылары арасындағы бұзақылық, балабақшадағы маман тапшылығына қатысты және басқа да мәселелерді көтерді.

Серіктес жаңалықтары