Кеңестік дәуір қысымы құндылықты құртудан басталды
Айтыс-тартысқа еті үйренген қалам иелері де, күн сайын сенсация оқып үйренген оқырмандар да оған әбден бой үйретіп алғандықтан, дау-дамайсыз жазылған нәрселерге назар аудармайтын болды. Бұл да бір рухани сырқат іспетті нәрсе. Сондықтан «өзгені түгелдеп» болған қазақ баспасөзі енді қазақішілік мәселеге көшіп, бір-бірін жаппай әшкерелеуге көшкен бір кезең болды.
...Қара аспанды жерге түсіргенім емес, бірақ біз қазір тура осыдан жүз жыл бұрынғы қиындықтарға тағы да тап болып жатқан сияқтымыз. Сол кезде де халқымыз дәл бүгінгідей әрі-сәрі кезеңді бастан кешірген еді. Алайда оны дер кезінде ұғып, ұлттық болмысты қорғауға бар күшін жұмсап, бар қабілетін арнаған пассионарлар – Алаш арыстары еді. Олар ұлттық баспасөзді дүниеге әкелді, көптеген сала бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазды, әдебиетті дамытты. Бірақ қазақты біртұтас елдіктен айырып, дәстүрсіз кеңес адамы етпек болған коммунистік режим олардың түбіне жетіп тынды...
1909 жылы қазақ руханиятын өлі ұйқыдан оятатын 3 кітап шықты: Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» атты мысалдар жинағы және Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы. Алдыңғы екі кітаптың сіңірілуі қиындау, өйткені ол екеуі негізінен білімді оқырманға арналса, соңғысы – қара танитыны бар қазаққа жолданған жан ышқынысы еді, құлдырап бара жатқан руханият пен құрып бара жатқан құндылықты қорғауға бар қазақты жанталаса шақырған жанайқай еді. Сондықтан Міржақып Дулатұлының:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты. –
деген сөзі сол тұста қазақ руханиятының ұранына айналған қасиетті сөз болды. Бірақ ел билігіне төңкеріспен келген большевиктер де патша өкіметін құртса да соның шовинистік пиғылынан алыс кетпеді. Ұлттық болмысты Құдайсыз коммунистік саясатпен паршалап, бәрін біртекті совет адамына айналдырғысы келді, айналдырды да!
О бастан адамдарды таптық жікке бөліп, көпті (кедейді) азға (байларға) қарсы қою арқылы қатарын көбейтіп, жұрт наразылығын асқындырып соны кәдеге асырған қызыл большевиктер сол індетін қазаққа да таратты. Сөйтіп, тектік жағынан ұйысып ел болып отырған қазақты да екіге жарды. Солайша, ағайын-туыстыққа негізделген қазақ қоғамы аз уақыттың ішінде бай-кедейге бөлініп:
Кел, қазақ кедейі,
ұйымдас жалшымен,
Байларды, молданы
қойдай қу қамшымен, –
деп ұрандатып, әлеуметтік жіктелістің жетегінде кетті. Мұның соңы ұлттық дәстүрден айрылуға жеткізіп, ашаршылыққа, репрессияға ұрындырғаны тарихтан мәлім.
Ұлттың жаны – тілі мен әдебиеті, тарихы, салт дәстүрі. Ол – жүздеген жыл бойы тұрмыс-салт негізінде құрылған қоғамның ұстыны. Сол ұстындардың біреуіне зақым келсе, қалғандары да бірінен соң бірі құлап, күйрей бастайды. ХХ ғасырда қазақ халқы да сондай қасіретті бастан кешірді: ел қорғаған хандары мен батырлары, би-шешендері орыстан жерін қорғағаны үшін рекционер деп танылып тарихта айта алмады, айтылса да, жағымсыз түрде сипатталды. Отаншыл ақындары ескілікті көксеуші деп әдебиеттен аластатылды. Осылайша, кеңес ғылымында қазақтар «Октябрь революциясынан бұрын қараңғы, сауатсыз, надан халық болған» деп бағаланып, әлгі «бәтуа» әрбір ғылыми кітапта қайталанып отырды. Мұның соңы көптеген қазақтың маргиналдануына, нигилистердің пайда болуына әкелді. Алайда кеңестік дәуірде қазақтар негізінен ауылдарда тұрғандықтан, негізінен, қалаларда жүргізілген бұл саясат қалың қазақтың арасына әсері белгілі бір дәрежеде әлсіздеу болды. Өйткені ауылда тіл сақталды, дін мен дәстүр әлсіресе де, мүлде жойылып кетпеді. Екінші жағынан, Кеңес өкіметі саяси тұрғыдан ауылдарға «ағартушылық» жұмыстарды оншалық көп жүргізуге қызықпады, ауыл қазақтарын малшы, егінші деп қарап аса көңіл бөлмеді. Сөйтіп, Кеңес өкіметінің «құндылықтарды құрту» идеологиясы жартылай орындалды деуге болады. Соның өзінде сол саясаттың салқыны әлі сезіледі. Мәселен, тарихқа әлі күнге кеңестік көзқараспен қарайтындар бар, әлі күнге қазақ тілінен гөрі орыс тіліне мән беретін қазақтар аз емес, дәстүр-салт дегенге мұрнын шүйіре қарайтындар де жеткілікті... Соның кесірінен әлі күнге Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілінің жағдайы мәз емес. Әлі күнге мемлекеттік мекемелерде, мәдени орындарда қызмет көрсету салаларында қазақ тілінің қолданылуы көңіл көншітпейді.
Иә, құндылықтарды құрту идеологиясы кеңестік дәуірде едәуір қарқынды жүрді. Оның орындалуына өз ішімізде белгілі бір дәрежеде атсалысушылар болғандықтан, ол саясат «өз жемісін» де берді. Бірақ соның бәріне дем беріп тұрған КСРО деген мемлекет құлағандықтан, коммунистердің бүкіл елді орыстандырып, бір тілде сөйлейтін Homo Soveticus халқын жасау жоспары күйреп, мақсаты аяғына дейін жетпей қалды. Біз құрып кетуден аман қалғанымыз үшін тағдырға шүкір етіп, тәубә дейміз.
ТӘУЕЛСІЗ ДӘУІРДЕ НЕГЕ ТОЗЫП БАРАМЫЗ?..
Сөзіміздің басына қайта оралсақ, осыдан бір ғасыр бұрын халқымыз кешкен қиындыққа тағы да душар болып, елдік бірлікке, ұлттық тұтастыққа неге толық қол жеткізе алмай жатырмыз?
Әрине, сырт қарағанда қазаққа қарсы жүріп жатқан саясат жоқтай көрінеді, мемлекет саясаты қазақтың дәстүр-салтына, тілі мен әдебиетіне, тарихы мен мәдениетіне қарсы шешім шығарып, «анау ескіліктің қалдығы, мынау бүгінгі саясатқа қарсы» деп тыйым салып жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ неге рухани тұрғыдан азып, неге ұйысудың орнына ыдырап бара жатырмыз?.. Тәуелсіз кезеңде «құрту идеологиясы» қашан басталды, қалай жүрді?
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік сәл бұрын басталған «әшкерелеу» науқаны тәуелсіздіктен бергі жерде өте қарқынды жүрді. Оның басында баспасөз тұрды.
Асыра сілтеу әрқашан қателікке, кейде адам болжай алмайтын қасіретке ұрындырады. Біз соны дер кезінде ойлаған кім бар?
Әрине, еркіндік желі ескеннен кейін ХХ ғасырда қазақ басынан өткен қасіреттер жайында ашық та батыл айтыла бастады. Голощекиннің қолдан жасаған аштығы, Сталин әдейі жүргізген репрессия, тіпті, қазақ «Мырзажан» атап кеткен Левон Мирзоянның қазақтарды көбірек репрессиялау үшін Сталиннен сұраған рұқсаты – бәрі айтылды. Одан кейінгі кезеңде «тың игеру» сылтауымен қазақ елін славянтектестерге толтырып, қазақтың өз жерінде азшылыққа айналғаны да жазылды. Одан әрі 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен соң орталықтың жасаған зорлық-зомбылығы әшкереленді. Сөйтіп, 74 жыл бойы «халықтың қамқоры» болған Кеңес өкіметінің қазаққа істеген қиянаттары түгел белгілі болды.
Жалпы, ғасырға жақын уақыт бойы айтарын ашып айта алмай, іштей булығып келген халықты түсінуге болады. Әлгіндей, бүтін бір халыққа жасалған әділетсіздіктер туралы ұзақ жылдар айтылмай келген шындықтарға жол ашылғанда ол – биік тауда қанша жыл іркіліп тұрған судың құлап кеткеніндей ғаламат сөз тасқынын тудырды. Ондай тасқын жолындағының бәрін қирата ағызып кететіні бар. Сондықтан мұндай кезде дер кезінде ес жимаса болмайды ғой. Бірақ біздің елде шындықты айтам деп асыра сілтеген жағдайлар аз болған жоқ. Мәселен, баспасөздегі айтыс-тартыстар мен дау-дамайлар...
Айтыс-тартысқа еті үйренген қалам иелері де, күн сайын сенсация оқып үйренген оқырмандар да оған әбден бой үйретіп алғандықтан, дау-дамайсыз жазылған нәрселерге назар аудармайтын болды. Бұл да бір рухани сырқат іспетті нәрсе. Сондықтан «өзгені түгелдеп» болған қазақ баспасөзі енді қазақішілік мәселеге көшіп, бір-бірін жаппай әшкерелеуге көшкен бір кезең болды. Аты белгілі адамдар жөнінде алып-қашты әңгімелер гуледі. Аты елге мәлім тұлғалы азаматтардың бір-біріне өштескендей, біреу біреудің кемшілігін айтып, бір-біріне қара күйе жағуы қалыпты жағдайға айналып кетті. Газет-журналдар солай рейтінгілерін көтеріп, танымал болды.
Ашу-ыза, өштесу, есе қайтару, біреудің абыройын төгіп, беделін түсірудің соңы неге апарады? Ол тек адамдар арасына жік салады, жұрттың бір-біріне күмәнмен қарауға, сенбеуге әкеледі. Біз соған да жеттік...
Әр нәрсенің байыбына барып, мәсе-леге парасатты көзбен қарамаған әділдік іздеушілердің өзі әділетсіздік тудырушыға айналуы оп-оңай! Оны күнде көріп, сезіп жүрміз.
Мәселен... сталиндік репрессия кезеңі туралы жазғандардың басты фишкаларының бірі – «қазақтың сатқындығы» туралы әңгіме болды. «Егер қазақтар бір-бірін сатпағанда репрессияға аз ұшырайды екен-міс». Айналайын-ау, атышулы «Үштіктің» шешімімен мыңдаған адам итжеккенге айдалып, атылып жатқанда кімді де болсын, сатқын ету әңгіме ме екен? Репрессия кезіндегі құжаттардағы тергеу протоколдарына көз салып көрсеңіз, «кінәлі» болғандарға неше күн бойы ұйқы бермей, аш ұстап, тергеушілер кезек-кезекпен күніне 20 сағат тергегенін көріңіз (тергеу материалдарында қай сағаттан қай сағатқа дейін тергегені жазылып тұр), олардың адамдарды қалай қинағаны жайындағы зерттеулерді оқып көріңіз. Сосын дайын тұрған айыптау актісіне қалай ұрып-соғып, қинап қол қойдарғанын көріңіз. Иманыңыз қасым болмаса, маған кел!
Міне, осындайларға мән бермей, бір-екі кісі репрессияға ұшыраған белгілі тұлғаларды «сатқындық жасады» деп жазып еді, енді сол үрдіс қалыпты жағдайға айналып барады. Тіпті, жас алашшыл зерттеушілердің өзі осы «әнді» шырқайтын да отыратын болды. Осыдан не шықты енді? Өзі қазақ бола отырып, «қазақтар сатқын халық» деуге жүзі жанбай, шімірікпейтін қансыздар шықты! Тіпті, «қазақтардың сатқындығын» негіздеу үшін «37 жылы халық жауы боп атылғандар саны ұлтқа шаққанда тәжіктен – 1, өзбектен – 7, қырғыздан – 40, ал қазақтан 25 000 адам көз жұмыпты...» деген ертек ойлап тапты! Ал шынына келгенде, тәжіктен 15 мың адам репрессияға ұшырап, соның басым көпшілігі атылған болса, өзбектен 11 мыңдай адам қамалып, соның 4 мыңға жуығы ату жазасына кесілген, ал қырғыздан атылған адамдардың санының өзі 4 мыңға жуықтайды.
Демек, репрессияға байланысты қазақты «сатқын» етіп көрсетудің өзі де ұлттың өзіне деген сенімін кетіру үшін және өзгелердің алдында абыройын төмендету үшін қолданылатын «құрту идологиясының» саяси технологиясы! Ал біздікілер Абай сөзінің қолдану мәнін бұрмалап «қазақты жауы қазақ» деп, ұлтына өзі сатқындық жасап жүргенін сезбей, керісінше, жұртқа қара күйе жағуға әзір!
«Құрту идеологиясының» тағы бір дем берушілері – әсіре діншілдер немесе жат ағым өкілдері.
Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің елдің басшылығының ұзақты болжамай жасаған ең үлкен қателігінің бірі – діни бостандық және ождан еркіндігі туралы солқылдақ заңы болды. Ол заң елімізге түрлі конфессиялардың миссионерлерінің қаптауына жол ашты. Одан кейін шетелге кетіп мұсылманша оқып келгендердің алған білімдерінің біртектілігіне назар аудармады. Содан келіп, Түркия, Египет, Пакистан, Сирия сияқты елдерден білім алып келген молдалардың арасында көзқарас жағынан пікір қайшылығы туындап жатты. Олардың әрқайсысы әртүрлі уағыз айтып, жұртты адастырды. Сонымен бірге уаһһәбизм ағымының өкілдері қазақтың дәстүрін дінге қарсы қойып, елді ұлттық болмыстан бездіруге әрекет етті. Абырой болғанда халық тез есін жыйнап, оларға тойтарыс берді. Сөйтіп, бізді ұлттық тамырдан айырмақшы болғандардың қоғамға әсері әлсіреді. Бірақ олардың жетегіне ергендер әлі де аз емес. Солардың кейбірі Таразда, Ақтөбеде, Алматыда қарулы қақтығыс ұйымдастырып, біразы Сириядағы соғысқа қатысып бетперделерін ашқан соң, олардың шын кейпі әшкере болды.
Шынын айту керек, білімсіздік те құндылықтарды жою үдерісіне жол ашады. Осы күні қазақтардың ата-баба дәстүрін білмеуінен көп дәстүрдің өңі айналып, бұзылып жатыр. Этнографтардың кітаптарында дәстүр-салт туралы жазылғандардан хабарсыз болу, кейбір қазақ салттарының неге байланысты шыққанын білмеу – ғұрыптарды қате орындауға әкеледі. Содан әдет-ғұрыптардың мәні жойылып, маңызы өшеді.
Қазір ұзатылған қызды біреу сыңсу айтып шығарып салады, ал оны негізінде ұзатылатын қыздың өзі елімен қоштасу ретінде айтуы тиіс. Қыздың ұзату тойында әкесі қызын жетелеп күйеу балаға апарып беретін салтты орындап жүргендер көп, ал ол католик дініндегі адамдардың рәсімі...
Келіннің беташарына бұрын туыстары келмейтін, қазір жүре береді. Бұл – қазақ ұғымында өте ұят нәрсе. Бұрын ұзатылған қыз балалы болғанынша төркініне бармайтын, қазір аяғы ауыр қыздар ағайын-туысынан ұялмай көріне беретін болды.
Бұрын қазақта неке қидырғанда мәһр сұрау деген салт жоқ еді, кейінгі кезде арабтардың салтын діни рәсімге айналдырған молдалар осыны мода қылып жіберді. Енді біреудің босағасынан аттап отырған жас қалыңдықтың жаңа басы қосылған жұбайына қымбат телефон, жеңіл автокөлік, тіпті коттедж әпер деп отыруы әдеп түгілі адамгершілікке сия қоймас. Себебі қазақ салты бойынша әйелінің бар қалауын орындап, оны өзгеден кем етпеу – еркектің парызы.
Салт-дәстүрге өздерінше «жаңалық» енгізетіндер де көбейіп кеткен. Қазақта жаңа туған балаға ата-әжелері бесік дайындаса немесе сәбиді әкесі жатқан қасиетті бесікке жатқызатын болса, қазір нағашылары бесік әкелетін «салт» шықты. Бұл бізде болмаған, өзге халықтардың дәстүрі.
Кейінгі кезде салт-дәстүрге байланысты шығарылған бір кітаптарды көрсең, қазақтың ырым-тыйымының, дәстүр-салтының бәрін дінге апарып теліп, қазақтың өзіне ештеңе қалдырмаған. Яғни, діни көзқараспен манипуляция жасау арқылы қазақи құндылықтарды өзгенің шылауына байлап берген. Оған сенсек, қазақтың бірде-бір салты өзінікі емес, бәрін өзгеден алған болып шығамыз! Сонда қазақтың өзі ештеңе жасамаған, тек өзгелердің құндылықтарына ғана иек сүйеп келе жатқан дүбәрі ұлт болып шықпақшы! Міне, саған «құрту идеологиясының» бір мысалы!
Биологиялық жақтан құртуды кез келген адам тез түсінеді де, оған қарсы шығады, ал рухани жақтан құртуды ойластырған әрекеттерді көп адам байқамай қалуы әбден мүмкін!
Біздің рухани саламызда «құрту идеологиясы» кеңестік дәуірде басталғанын бәріміз білеміз. Әдебиеттің «партиялылығы» болсын деп, көркем сөзді саясатпен көмкеруге мәжбүрледі. Тарих ғылымында үнемі «Октябрь революциясынан бұрын қараңғы халық болғанымыз» үнемі еске салынып тұрды. Ұлттық музыкамыздың кеңірек дамуына мүмкіндік берілмей, классикалық музыкаларға басымдық беріліп, одақ көлеміне шығу үшін орысша ән шырқау қажет болды. Көптеген сала бойынша жергілікті халықтан маман дайындауға жол берілмеді. Мұның бәрі қазақты өзіне қабілетсіз халық екенін мойындату үшін жасалған қитұрқы әрекеттер еді. Сол, мысалы қазір де жалғасып келеді. Мәселен, баласын орыс сыныптарына берген ата-аналардан себебін сұрасаң, «қазақ мектептерінде білім берудің сапасы нашар, оқулықтары, мұғалімдері дұрыс емес» деген уәж айтады. Ал шын мәнінде еліміздің әлемге танылып жатқан талантты жастарының түгелге жуығы қазақ мектебін бітірген жастар! Демек, «қазақтың өзіне деген сенімін құрту идеологиясы» әлі жалғасып келеді деген сөз.
Қазақ киносы туралы да айтатын әңгіме көп. Қазақ тіліндегі кинолардың аз түсірілуі, олардың прокатқа шықпауы, киноларда қазақ ұлты өкілдерін кемсіту сияқты әрекеттердің болуы, қазақ киноларын қазақ болмысынан хабарсыз режиссерлердің түсіруі, кейбір тарихи киноларды басты рөлді өзге елдің актерларына беру секілді әрекеттердің бәрі – қазақтың ұлттық киносына деген сұранысын жою үшін істеліп жатқан шаруа десе, сенесіз бе, сенбейсіз бе?! Мен сенемін!
Рухани ағартудың басты құралының
бірі – кітап. Бізде кітап мәселесі де қиын. Бірінші, авторға қаламақы төлеу нашар, екіншіден кітап қымбат, үшіншіден насихаты өте төмен. Себебі елімізде қағаз өндірісі жоқ, оны монополистер салдырмайды. Салдырса, пайдадан қағылады. Ал бұл мәселе кітаптың өзіндік құнын көтеріп, елдің оны алуға ақшасы жете бермейді. Демек, бізді кітаптан саналы түрде алыстатуға мүдделі топтар бар. Ал олар қазақтың кітапқұмарлығын жойып, арзанқол материалы көп сайттың тұтынушысына айналдыруға тырысып отырғандар.
Қазіргі балалардың тілі қазақшадан гөрі орысшаға бейім болып барады. Неге? Балаларға арналған қазақша контент аз. Барының өзі «Алдар көсе» сияқты мән-мағынасы төмен мультфильмдер.
Халықтың ұғымындағы Алдар көсе – әлсізге болысатын, қарау байлардан қорғансыздың есесін қайтарып беретін тапқыр образ еді. Ал оны бүгінгі мультфильм кейіпкеріне айналдырғандар – Алдар көсені өзі ештеңе істемейтін, тек біреуді алдап, біреуді арбап, аңқауларды пайдаланып кететін алаяқ етіп жіберді. Осы мультфильмді қазіргі балалар көре ме? Көрмейді! Өйткені оның сценарийін жазғандар Алдар көсе туралы қазақ әңгімелерінен мүлде хабарсыз біреулер. Сондықтан олар Алдар көсенің халық сомдаған бейнесін білмей, Алдар дегенге алдай беретін біреу деп түсінген де, оны анекдоттың кейінкері сияқтандырып жіберген. Ал бұндай жөнсіздіктер жас балаларға теріс әсер етіп, Алдардан жерініп кетеді. Демек, құрту идеологиясының қолы балаларымызға дейін жетті деген сөз!
Адам бала кезінен өз ұлтынан жерініп өссе не болады? Нигилист, өзге мәдениеттің құлы болады, ал ол басқаның сойылын соғушы ғана.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ