Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі сырт алаңдағы матчта Солтүстік Македониямен тең түсті, деп хабарлайды turkystan.kz Prosports.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу Скопьедегі «Тоше Проески» стадионында өтті.
Қазақстан алғашқы минуттардан-ақ шабуылдап, үзіліске дейін есеп ашуға мүмкіндік алды. Ислам Чесноков бір метрден бос қақпаны баспен дәл көздей алмады, сондай-ақ Ғалымжан Кенжебек пен Иван Свиридов та тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Өз кезегінде алаң иелерінің шабуылдарын Мұхамеджан Сейсен сенімді қайтарып отырды.
Екінші таймда Дінмұхаммед Қараманның әдемі соққысынан кейін Қазақстан құрамасы алға шықты. Дегенмен алаң иелері бұдан кейін Энис Барди орындаған айып добынан кейін есепті теңестіре алды. Осылайша кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Енді Қазақстан құрамасы келесі матчын 15 қарашада өз алаңында Бельгияға қарсы өткізеді.