Түркияда 3 жастағы қазақстандық қызды заңсыз ұстаған
Түркия елінде болған Қазақстанның 3 жастағы азаматы туған анасына қайтарылды.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Комитеттің дерегіне сүйенсек, баланы Түркия Республикасының аумағында үшінші тұлғалар заңсыз ұстаған.
“Кішкентай қызымыздың аман-есен оралуы үшін орасан зор жұмыс атқарылды. Барлық құзыретті орган осы процеске тартылып, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хаттар жіберілді. Сонымен қатар көптеген кездесу мен келіссөз жүргізілді. Бұл барлық қатысушы тараптардың үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында мүмкін болды”, – деді комитет.
Комитет өкілінің айтуынша, Қазақстан Республикасының азаматы саналатын әрбір бала қорғаусыз қалмайды.
“Біз балалардың туған елінде қауіпсіз, әрі сүйіспеншілікке толы ортада өсіп-өркендеуі үшін бар күшімізді саламыз. Барша қатысушы тараптарға осы маңызды істегі қолдауы мен ынтымақтастығы үшін алғыс айтамыз”, – деп атап өтті оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Насымжан Оспанова.