СҚО-да уланып көз жұмған екі балаға қатысты тың ақпарат шықты

Туыстарының айтуынша, алдымен кішкентай сәби құса бастаған. Артынша қалған екі баланың хәлі нашарлапты.

СҚО-да уланып көз жұмған екі балаға қатысты тың ақпарат шықты
“ASTANA” телеарнасы
794

Солтүстік Қазақстан облысында уланып көз жұмған екі балаға қатысты тың дерек шықты. Оқиғаның мән-жайын «Астана» телеарнасы хабарлады. 

Телеарна мәліметіне сүйенсек, оқиға Қызылжар ауданының Надежка ауылында болған. Ауыл дүкенінен тамақ алған отбасы кешкі ас дайындап, артынша жатып қалған. Туыстарының айтуынша, алдымен кішкентай сәби құса бастаған. Артынша қалған екі баланың хәлі нашарлапты. 

«Олар дүкеннен тұшпара, шұжық және газдалған шырын алды. Отағасынан басқасының бәрі оны жеді. Кейін барлығы уланып қалды. Кішкентайымыз түні бойы құсып, таңертең көз жұмды. Ауылдың медбикесі қастарында болды», - деді ауыл тұрғыны Сергей Коваленко. 

Облыстық ауруханаға жеткізілгеннен кейін араға бірнеше сағат салып, екінші бүлдіршін де көз жұмған. Ал анасы мен 10 жасар бала қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. 

«Науқастардың бойында тағамдық токсикоинфекция анықталды. Салдарынан екі сәби токсикологиялық шок алып, мидың ісінуінен қайтыс болды. Қалған екі науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Раиса Құсайынова. 

Коваленко отбасына сапасыз азық-түлік сатқан ауыл дүкені қазір жабық. Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. 

«Аталған факті абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық талаптарды бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерулердің біріңғай тізіліміне енгізілді», - деп СҚО ПД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Азат Құсайынов. 

Сот - медициналық сараптаманың нәтижесі бір айдан кейін шығады.

Серіктес жаңалықтары