Тасқыннан зардап шеккен балаларға арналған «Талант тур-2024»

Тасқыннан зардап шек­кен отбасыларға мемлекет ерекше қолдау көрсетіп жа­тыр

Тасқыннан зардап шеккен балаларға арналған «Талант тур-2024»
сурет – автордікі
990

Көпбалалы отбасы Ербол мен Салтанат Рзиндердің баспанасы биыл суға кетті.  Наурыз-сәуірде болған табиғи апат салдарынан олардың бас­панасы жарамсыз деп танылып, бір отбасын емес, бүтін бір ауылды аудан ор­талығына көшіруге тура келді. Бір сәтте-ақ жиған-тергенінен, бас­па­насынан айырылу кім-кімге де оңай емес. Дегенмен тасқыннан зардап шек­кен мұндай отбасыларға мемлекет ерекше қолдау көрсетіп жа­тыр. Осындай шарапатты сезінген Рзиндер отбасы бүгінде аудан орта­лы­ғында самаладай жарқыраған үйге қоныстанып та үлгерді. Отбасының екі бірдей баласы Жамбыл және Ақмола облыстарындағы рес­публикалық оқу-сауықтыру орталықтарында демалып келді.

Қиын сәтте қолтығымыздан демеді...

Ербол мен Салтанат Рзиндердің шаңы­рақ көтергендеріне ширек ғасыр бол­ды. Олар – Ақтөбе облысы Ойыл ауда­ны­на қарасты Екпетал ауылының тұрғындары. Көп­балалы отбасы. Екпетал деген бүтін бір ауыл­ды жоқ қылған тасқынның зардабын Рзин­дер отбасы да тартты. Бар жиған-тер­генінен, ең бастысы – басындағы бас­па­на­сы­нан бір мезетте айрылған бұл отбасы да көп­пен бірге қиындыққа тап болды. 
– Өзім Екпеталдың қызымын. Жолдасым Ербол да осы ауылда туып-өскен. Екеуіміз шаңы­рақ көтеріп, 2001 жылдан бері Екпе­тал­да тұрамыз. Бүгінде бес баланың ата-ана­сымыз. Жолдасым Ойыл орман шаруа­шы­лы­ғына қарасты өрт сөндіру стансасының бас­­тығы, ал мен ауыл кітапханасында кітап­ха­на­шы болдым. Биыл соңғы рет 1993 жылы бол­ған тасқын қайталанып, ауылымыз тү­гел­дей су астында қалды. Мен балаларыммен ал­дын ала эвакуацияланып, аудан орта­лы­ғына кетіп қалғанмын. Қазір Ойыл аудандық ор­талық кітапханасына жұмысқа тұрдым. Үйі­мізді су басқан шақта балаларымызбен да­лада қалғанымыз рас. Алайда мемлекеттің қол­дауының арқасында бүгінде аудан ор­та­лығынан дайын үй сатып алып, қоныстанып та үлгердік, – дейді Салтанат. 

Жаңа үйдің тұрғындары

Рзиндер отбасы аудан орталығы – Ойыл ауылынан құны 17 миллион 300 мың теңгеге «Болат Өтемұратов қоры» ар­қылы дайын үй сатып алыпты. Іші кең әрі жа­рық үй отбасы мүшелеріне қатты ұнаған. Бау-бақша егетін алаңы бар, ауласы да кең үй­ге көпбалалы отбасының қоныстанғанына көп бола қойған жоқ. 
– Осындай қиын сәтте қолтығымыздан де­меп, сүйеу бола білген жандарға, әсіресе бір­лігі жарасқан еліміздің, мемлекетіміздің ша­рапатын сезінгенде, көзімізге еріксіз жас кел­ді. Қалтамыздан бір тиын шығармай-ақ, ау­дан орталығынан зәулім үйлі болып, қа­лып­ты өмір сүріп жатырмыз. Басымызға қиын­дық туғанда жалақымыз да үзілмей, тө­леніп жатты. Қазір аудандық орталық кі­тап­ханаға штаттық режимде жұмысқа қа­был­дандым. Жұрт қатарлы күнімізді көріп жа­тырмыз. Балаларымыздың да оқуы үзілген жоқ. Мектеп жасындағы екі ұлым табиғи апат кезінде Жамбыл және Ақмола облыс­та­рындағы оқу-сауықтыру орталықтарында оқып әрі демалды. Ұлдарымның лагерьден алған әсері ерекше. Бұған дейін Ақтөбе об­лысы аумағындағы жазғы демалыс лаге­рь­ле­ріне ғана барып жүрген балаларым бұл жо­лы Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ», Ақ­мола облысындағы «Балдаурен-Щучинск» ла­герьлерінде екі апта болып қайтты, – дейді Сал­танат. 

500 баланың қуанышы

Ақтөбе облыстық Білім басқармасы бас­шысының орынбасары Нұргүл Берті­леуова­ның айтуынша, тасқын суға байланысты жер­гілікті деңгейдегі төтенше жағдай жа­рияланған Ақтөбе облысының алты ауда­нын­дағы балалардың жазғы демалыс уақы­тын тиімді өткізу мақсатында облыста «Та­лант тур-2024» мәдени-ағартушылық, та­ным­д­ық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі маусымнан құралған жобаға алты ау­дан­нан 500 бала қатыстырылыпты. 
– Өңірімізде болған көктемгі су тас­қынына байланысты Алматы, Ақмола, Түр­кі­­­­­стан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында ор­наласқан сауықтыру орталықтарында Ақ­төбеден 343 бала демалды. Сонымен қатар ай­мақта төтенше жағдай салдарынан зардап шек­кен аудан балаларының жазғы дема­лы­сын тиімді ұйымдастыру, олардың мәдени-ағар­тушылық, танымдық бағытта білімін кеңей­ту, қолдау және жазғы демалыс уақы­тын ұтымды өткізу мақсатында «Талант тур-2024» мәдени-ағартушылық, танымдық жо­басы жүзеге асырылып жатыр. Жоба екі мау­сымнан тұрады. Қазір төтенше жағдай жа­­­рияланған алты ауданнан, яғни Әйтеке би, Ойыл, Темір, Ырғыз, Мұғалжар және Қоб­да өңірлерінен бұл жобаға 500 бала қатыс­тырылды, – деді Нұргүл Бертілеуова. 

Тур және тимбилдинг

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, «Та­лант тур-2024» жобасы аясында балалар қа­лаға және кері қарай арнайы жол қыз­меткерлерінің бақылауымен автобустармен жет­кізіледі. Жобаны жүзеге асыруға 15 мил­лион теңге қарастырылған. 
– Бағдарламаның басты мақсаты – үш­күн­дік мәдени-танымдық жоба арқылы ба­ла­­­лардың әлеуметтік-психологиялық ахуа­лын жақсарту, баланың тұлғасын дамыту, де­не, психикалық және эмоционалдық ден­­­­­саулығын бекіту, сауықтыру және бос уа­қытын қызықты ұйымдастыру. Сонымен қа­тар оларды ұжымдылыққа тәрбиелеу, ком­муникативтік білікті, рухани қасиеттерді да­мыту, – деді білім басқармасының өкілі. 
Жоба бойынша 3-5 маусым аралы­ғын­да ұйымдастырылған бірінші мау­­­сымға Мұғалжар, Ойыл, Темір аудан­да­ры­нан 250 бала, 7-9 маусым аралығында өт­кен екін­ші маусымда Қобда, Ырғыз, Әй­теке би аудандарынан 250 бала тартылды. Де­малуға келген балалардың жас ерекшелігі – 5-10 сынып оқушылары. 
– Облыс орталығына үшкүндік дема­лыс­қа келген балалар үшін іс-жоспар құрылды. Ал­­­ғашқы күн «Ашық аспан астындағы бел­сен­ді демалыс» деп аталды. Жобаға қаты­су­шы­ларды салтанатты жағдайда күтіп алып, топ­тарға бөліп, орналастырғаннан кейін, «Ме­нің есімім» тақырыбында танысу тре­нин­гі және ұжымдық шығармашылық жұ­мыс­тар жүргізілді. Сондай-ақ әлеуметтік тә­жірибе, ортаға араласуы, жас ерекше­лік­те­ріне қарай шығармашылық жұмыспен ай­налысудағы қабілеттерін де білуге ты­рыс­тық. Одан әрі лагерь жұмысы мәдени, сауық­тыру және ойын блогы арқылы өз жұмысына кірісті. Мәселен, сауықтыру блогында бала­лар қаладағы демалыс базаларының бірінде ты­нығып, сол жерде тимбилдинг ұйымдасты­ры­лып, түрлі локацияда фотосессиялар жүр­­гізілді. Еркін форматта өткізілетін түрлі іс-шараларға да балалар белсенді араласуға мүм­кіндік туғызылды, – деді Нұргүл Бер­ті­леуова. 
Жобаға қатысқан балалар демалыс база­сының су жағасында орналасқан жазғы мей­рамханада тамақтанып, катерге мініп, та­биғат сұлулығын тамашаласа, енді бір топ күш­терін арқан саябағында сынады. 

Жобаға қатысқан балалар

Жобаның екінші күнінде балаларға «Біз спортты жақсы көреміз» флеш­­­­мобы ұйымдастырылып, «Бәріміз бірі­міз үшін» тренингі және ұжымдық-шы­ғар­ма­шы­лық жұмыстар өткізілген Ақтөбе қа­ла­сын­дағы ойын-сауық орталығында кинопаркке бар­ған балалардың көңілі де шат-шадыман бо­лып, одан әрі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемо­риал­ды музейі, облыстық тарихи өлкетану музейі сияқ­ты орталықтар мен көрікті жерлерде мә­дени дамыту саяхаты ұйымдастырылыпты. 
– Демалыс турының үшінші күні де ар­найы іс-шаралар жоспарланған. Біз бұл күн­ді «Мәдени демалыс» деп атадық. Бұл күні ба­лалар әдеттегідей таңертеңгілік «Біз шап­шаңбыз, жүйрікпіз!» ертеңгілік жаттығудан соң «Эмоционалды калейдоскоп» пси­хо­ло­гиялық тренингі мен «Жалын» спорттық ту­ризм, «Аялы алақан» жас волонтерлар жә­не «Жас эколог» экологиялық отрядта­ры­н­ың қатарында болады. Бұл күні «Жас­DOSTAR» кешінде аудан балалары өз өнер­ле­рін де көрсетті, – дейді Н.Бертілеуова. 
Білім басқармасы мамандары тасқыннан зар­­дап шеккен отбасы балалары үшін осын­­дай демалыс ұйымдастырған жоба бүгінде өз мақсатына жеткенін айтады. 
– Балалар үшкүндік маусым­ның бағдар­ла­­масына сәйкес өт­кізілген іс-шараларға бел­се­не қатысты. 
Оларға лагерьдің жабылу рә­сімінде ма­дақ­тамалар мен но­минациялар, ал олардың же­­текшілері ретінде тағайын­дал­ған аудан­ның мектеп мұға­лім­деріне Алғыс хаттар та­быс­тал­ды. Үшкүндік мәдени-та­ным­дық жо­ба арқылы балалардың эмоционалдық ден­саулығы бекі­тіл­ді, – деді Нұргүл Бер­ті­леуова. 
Тасқын кезінде зардап шеккен от­басы ба­лалары үшін бұл жобадан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей, республикалық сауық­тыру-демалыс орталықтарына жіберу мә­се­ле­сі де аймақта жүзеге асырылып жа­тыр. Атап айтсақ, бүгінгі таңда Алматы об­лы­­сын­дағы «Тау Тұран» сауықтыру орталы­ғын­да – 100 оқушы, Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында – 50 ба­ла, Ақмола облысындағы «Балдәурен-Щу­чинск» республикалық оқу-сауықтыру ор­та­лы­ғында – 75 оқушы, Түркістан облы­сын­да ор­наласқан «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауық­тыру орталығында ақтөбелік 28 бала, Ал­маты облысындағы «Балдәурен-Қонаев» рес­публикалық оқу-сауықтыру орталығында 48 оқушы демалса, Қарағанды облысындағы «Бал­дәурен-Балқаш» оқу-сауықтыру орта­лы­ғында Ақтөбе облысынан барған 42 оқушы тынығып қайтыпты. 
– «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, бі­лім беру және сауықтыру орталығының бе­сінші ауысымына жергілікті сипаттағы тө­тенше жағдай жарияланған Қобда және Ойыл аудандарынан 8 оқушы демалуға бара­ды. «Жаздық жолдама» жобасы аясында да осын­дай өңірлерден 36 бала лагерьмен қам­ты­латын болады, – деді облыстық білім бас­­­­қармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

P.S. 
Мақаламыздың басында 
айтқан Рзиндер отбасының екі ұлы – Жансерік пен Нұрсат «Талант тур-2024» жобасына да қатысып қайтты. Облыс орталығындағы үшкүндік демалыстан ауылдарына тың күшпен қайтқан балалар бүгінде ата-аналарына үй шаруасында қолғабыс етіп жүр. 

Айару СЕРІК,
Ақтөбе облысы

Серіктес жаңалықтары