Бастығына қарсы арыз жазған «ең адал полицейдің» өзі жауапқа тартылды

Сотталушы пара алу бойынша өз кінәсін мойындайды. Айымбетов өз сөзінде ұсталғандарды қорқытпадым деп сендіреді.

Бастығына қарсы арыз жазған «ең адал полицейдің» өзі жауапқа тартылды
Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі

Қазақстандықтар  «ең адал тәртіп сақшысы» деп атап кеткен экс-полицей Азамат Айымбетов сот алдына келді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Otyrar-ке сілтеме жасап.

Журналистерге сот отырысын көрсетуге тек бір шартпен – сотталушының бетін түсірмеу ережесімен рұқсат етілді.

Тергеу мәліметінше, Азамат Айымбетов әкімшілік жауапкершілікке тартпаймын деп уәде берген жүргізуші мен оның құрбысынан ақша алған. Іс материалдарында бұрынғы командирдің өз қызметін 700 мың теңгеге бағалағаны көрсетілген.

Сотталушы пара алу бойынша өз кінәсін мойындайды. Айымбетов өз сөзінде ұсталғандарды қорқытпадым деп сендіреді.

«Құрметті сот, жоғарыда айтқанымдай, мен өз кінәмді ішінара мойындаймын. Мен ешкімді қорқытқан жоқпын, ешкімді де мәжбүрлеген жоқпын. Сондықтан мен өз кінәмді ішінара ғана мойындаймын», – деді Азамат Айымбетов.

Айта кетейік, жемқорлық оқиғасы 2023 жылдың 30 желтоқсанда басталды. Артынша полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғынын тоқтатты. Алайда бүгінгі сот отырысында жүргізуші сол күні ішімдік ішпегенін айтты. Сонымен қатар оның экс-полицей Айымбетовты бұрыннан танитыны белгілі болды.

«Ішімдік ішпедім. Ол түтікке бірнеше рет үрлеуімді өтінді. Мен бас тарттым. Содан кейін олар мені бірнеше сағат бойы сонда ұстап, сол кезде Азамат пайда болды. Ол менен не істеп жатырсың, тест тапсырсаң жақсы деп сұрады. Ал мен Азамат Айымбетовты жеке танимын. Біз онымен сөйлестік. Мен оған сеніп, қан анализін тапсырдым. Менен ақша сұрайтынын қайдан білейін?», – дейді куәгер.

Бүгінгі сот отырысына оқиға орнында болған тағы екі тәртіп сақшысы куәгер ретінде қатысты.

Іс материалдарында көрсетілгендей, Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көлік иесінің заң бұзушылықтарын анықтаса да, оған қатысты әкімшілік хаттама жасамаған. Тәртіп сақшылары өз әрекеттерін дәл осы сәтте арнайы құрылғы, яғни планшет істен шыққанымен түсіндірді.

Азамат Айымбетов пара алды деген күдікпен биыл наурыз айында ұсталған еді. Экс-полицейді оның әріптестері, ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстаған. Шымкент тұрғындарының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Келесі сот отырысында қалған куәгерлерден жауап алынады деп жоспарланып отыр.