Павлодар облысында колония қызметкерлері сотталған азаматты өлімнен арашалап қалды. Бұл туралы polisia.kz хабарлады.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД №47 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінің жасағында сотталған азаматтардың бірі өзін нашар сезініп, төсегінде қимылсыз жатқан. Бейнебақылау бекетінің операторы сотталған адамның қозғалмай жатқанын байқап, кезекші нарядты осы жасаққа жіберген.
– Колония қызметкерлері бөлмеге кіргеннен кейін ер адамды ес-түссіз күйде көріп, офицерлер оны бүйіріне жатқызып, терезені ашты. Қысым жоғары болды. Сотталған адамның бетінің өзгергенін көріп, колония қызметкерлері оның инсульт екенін түсініп, мекеменің медициналық қызметкері мен жедел жәрдем шақырды, – деді ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі.
Ер адам жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер анықтағандай, мекеме қызметкерлерінің уақытылы жасаған әрекеттері адамды құтқарып қалды.