Егіс науқаны: Үміт пен күдік
Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін биыл Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін салуға мүмкіндік береді.
«Көктемнің бір күні – бір жылға азық» дейді. Көктем мезгілінің аяқталуымен қатар елімізде егін егу науқаны да аяқталып келеді. Биыл тасқын су басқан аймақтар тұқым қоймаларын су басып қалғандықтан және жер кеуіп үлгермегендіктен көктемгі дала жұмыстарын аяқтап үлгермей жатыр. Шаруаларға жанар-жағармай жеткілікті ме? Жағдай бақылауда ма? Мамандар не дейді?
Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелді. «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының басшысы Алмасбек Садырбаев «Су тасқыны аграрлық сектордың дамуын бірнеше жылға кейінге шегерді» деп баға берді. Оның айтуынша, селмен бірге арамшөп тұқымы тарайды, оның ішінде улы шөптер болуы мүмкін. Бұл – шаруашылыққа өте үлкен зиян. Яғни, тасқынның беті қайтқанымен, салдарынан туындайтын қиындықтар енді басталады.
Үкімет қанша қаржы бөлді?
Тасқын судың беті қайтқаннан кейін жоқ-жітігін түгендеп, етек-жеңін жия бастаған жұрттың егіс жұмыстары қалай болар екен деп абдырап қалғаны рас. Министрлік өкілдерінің «Су тасқыны биылғы егіс науқанына кесірін тигізбейді, еш кедергі жоқ» деген сөзінен ауылдағы ағайынның көңілі орнына түсті.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мәселелері ерекше бақылауда екенін мәлімдеген болатын. Биыл жалпы егіс алаңы – 23,8 млн га. Оның ішінде бидай, майлы дақылдар егілетін аумақ – 21 млн гектардан асады.
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарды, – деді А.Сапаров.
Сонымен қатар майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.
Бүгінде барлық аймақта көктемгі егіс жұмыстары жүргізілуде. АШМ мәліметі бойынша, барлығы 17,9 млн га жерге егін егілді. Сондай-ақ астық, көкөніс, майлы дақылдар, картоп, қант қызылшасы және мақта егілді.
Дала жұмыстарын сәтті жүргізудің негізгі факторларының бірі – минералды тыңайтқыштарды қолдану. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылға арналған тыңайту жоспары 1,5 млн тоннаны құрайды, оның 900 мың тоннасы – отандық зауыттардың өнімі.
Көктемгі егіс жұмыстары өз алдына, егістіктерді химиялық өңдеу уақытылы жүрмесе, еңбектің зая кеткені. Биыл бұл мақсатты іске асыруға мемлекет пестицидтердің құнын 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетіп отыр.
Сала басшысы егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 98 пайыз, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай бұл техника 100 дайын болуы керек, – деген болатын А.Сапаров.
Министрдің айтуынша, шаруаларды жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында бағасы литріне 250 теңгемен 376 мың тонна бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15 пайызға арзан. Былтыр көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінген.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көктемгі егіс жұмыстары кезінде қажетті дизель отынының бағасы 20 өңірде де былтырғы деңгейде сақталатынын айтты.
– Жалпы, биыл көктемгі дала жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру 580 млрд теңгені құрайды, оның 400 млрд теңгесі қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі бойынша жылдық таза 5 пайызбен шаруаларға несие ретінде берілетін қаражат, – деді АШМ Айдарбек Сапаров.
Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін биыл Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін салуға мүмкіндік береді. Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге жоспарланған.
– Субсидияларды бөлу бойынша барлық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, Ауыл шаруашылығы министрі әкімдермен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс, – деген болатын Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы оңтүстік өңірді сумен қамтамасыз етуді, оның ішінде ұзақмерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Жалпы, былтырғы жыл шаруалар үшін оңайға соқпағанын білеміз. Жаздағы қуаңшылықтың соңы күзде толассыз жауынға ұласты. Нәтижесінде, шаруалар көктемде еккен егіндерін жинай алмай, шығынға батты. Астықтың сапасы түсіп, субсидиялау жүйесі де істен шықты.
Субсидияның сұрауы
Субсидия демекші, елімізде фермерлерге берілетін субсидия бойынша қарыз сомасы 160 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 75 пайыздан астамы тозып тұр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Егіннің бітік шығуы егіс науқанының қалай жүргізілгеніне байланысты. Сапалы әрі уақытылы жасалған жүйелі жұмыс өз нәтижесін берері анық.
Премьер-Министр қолайсыз ауа райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай олқылықтың алдын алуға болады. Алайда әкімдіктер бұл мәселеге бейжай қарауы шаруаны шатқаяқтатып отыр.
– Диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі. Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді, – деді Үкімет басшысы.
Қазір техниканың дайындығы 98 пайыз дейді министрлік. Алайда Бектенов ауыл шаруашылығы техникасының тозғаны да өткір проблема күйінде қалып отырғанын еске салды.
– Қазір жалпы техника паркінің шамамен 75 пайыздан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15 пайыз жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс, – деді ведомство басшысы.
Орақшы – бір кісі, комбайн – мың кісі. Қазір техниканың күшімен адам жасар күндік жұмысты аз уақытта бітіруге болады. Көктемгі дала жұмыстары кезінде техника сыр берсе, шаруалардың орта жолда опық жеп қалары анық.
Көктем келсе, шаруалар жанталасып, дабыл қағуы жылда қайталанатын дәстүрге айналған. Онсыз да инфляциядан, несиенің қымбаттығынан қажыған шаруаларға субсидия да тым кешігіп төленеді.
– Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдетілген дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек, – деп тапсырма жүктеді Үкімет басшысы.
2023 жылдың соңында субсидия бойынша мемлекеттің шаруалар алдындағы қарызы 95 млрд теңгеге жеткен еді. Сала министрінің айтуынша, аграрлық шаруаларды субсидиялауға 155 млрд теңге қажет болған. Оның 60 млрд теңгесі шаруаларға төленген.
– 60 млрд теңгенің 30 млрд тенгесі тыңайтқыштар мен тұқымдарды алуға егін шаруашылығына берілсе, 30 млрд теңге сүт, ет, және селекция жұмыстары үшін мал шаруашылығына бөлінген, – деп есеп берген болатын министр.
Елімізде ауыл шаруашылығын қолдауға 1,2 трлн теңге жұмсалғанымен, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді. Субсидия мәселесін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та қозғаған болатын.
– Субсидиялау ережелері соңғы жылдары 50 рет өзгерген болар. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында құжаттарды реттеу бір жылда 3 рет өзгерді. Біз қазір құжаттар тізімін өзгерту мен субсидиялау саясатын өзгертудің қаншалықты пайдасы бар екенін ойлауымыз керек, – деген болатын Сенат Төрағасы.
Жыры бітпеген субсидия мәселесі биыл да өзекті. Бұл бағдарламаны жүйелеп, бір арнаға тоғыстыратын мамандардың жоқтығы ма, әлде министрліктің немқұрайлығы ма, белгісіз...
Қамба астыққа тола ма?
Елдегі 23 млн 800 гектар егістікке жарамды жердің бүгінде 14 млн гектар жеріне егін егілді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл көктемгі егіс науқанына қосымша қаражат бөлінген. Үкіметтің қолдау қаржысы аймақтардағы шаруаларға берілген.
– Су тасқыны жағдайын ескеріп, шаруаларға қолдауды күшейттік. Шаруа қожалықтарына биыл қосымша 300 млрд теңге берілді. Қаражат, жанар-жағармай – барлығы уақытында қамтамасыз етілді. Бәрі ойдағыдай іске асырылып жатыр, ешқандай кедергі жоқ, – деп мәлімдеді вице-министр.
Министрлік мәлімдемесінен бөлек шаруашылықтың қыр-сырын жетік білетін сарапшылардың пікіріне де құлақ түріп көрелік. Жақында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университетінің егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Әділбек Ноғаев биыл егіс науқанына төнетін бірнеше қатердің бар екенін айтқан болатын.
– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сапалы тұқымның жоқтығы үлкен қауіп төндіреді, өйткені былтыр күз жауын-шашынды болды. Көптеген дақыл тамыр жайып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сапалы тұқым ала алмады. Соның салдарынан биыл кейбір тұқымның тапшылығы бар, алдағы қауіп-қатер осыған байланысты, өйткені сапалы тұқым – мол астықтың кепілі, – дейді Ә.Ноғаев.
Сарапшының айтуынша, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып кетуіне байланысты жыралар пайда болған. Олар кейбір егіс алқаптарына баратын жолда тосқауыл болуы мүмкін.
Апат салдары жайында дабыл қаққандардың бірі журналист әрі аграрлық сарапшы – Кирилл Павлов.
– Біздің шаруалар тұқым айналымын сақтамайды. 10-15 жыл бойы бір дақылды еге береді. Әдетте, бидай салады. Мұның соңы жерде патогендердің пайда болуына алып келеді. Осыдан келіп астық көлемі азаяды. Егістік алқаптарын тасқын су басқанда, осы патогендер, топырақты өңдеуге қолданылған пестицид, инсектицидтер суға қосылды. Бұл су еңістеу жерде жатқан егістік алқаптарына жетеді. Тағы бір мәселе – егістік шекарасы. Су басқан жерлерде бұл шекара шайылып кетті. Оны мемлекеттік жер кадастрінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша қалпына келтіреді. Жер аумағында 500 метрге дейін өзгеріс болуы мүмкін, – дейді сарапшы журналистерге берген сұхбатында.
Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықов: «Күздік дақылдар зардап шеккен жоқ және жердің ылғалдылығы биыл жақсы болғандықтан, егіс өнімді бола ма деп отырмыз, – дейді.
Басқарма маманының айтуынша, елдегі агросектордың локомотивтері Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында егін маусымы мамырсыз басталмайды. Сол себепті биылғы тасқыннан келетін қауіп те, салдар да жоқ дейді. Шаруалар да қар суының молдығы қуаңшылықтан құтқарады деген сенімде.
Әрекет түбі – берекет. Қожалықтар техника, жанар-жағармай, субсидиямен қамтылса, күзде өнім де бітік шығар деген үміт көп. Соқасын сайлап, техникасын майлап отырған солтүстіктегі ағайынның аузына май дейміз.
P.S.
Ел арасында «Күзде нан бағасы қымбаттайды екен» деген алып-қашпа сөз желдей есіп жүр. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде бидай қоры жеткілікті екенін, су тасқыны болғанына қарамастан нан бағасы қымбаттамайтынын айтты. Бұл да ертеңін ойлап уайымдаған ағайынға жақсы жаңалық.