Сазгер Арайлым Мамырбек Тоқтар Серіковті сотқа беретінін айтты

Арайлым Мамырбек Серіковті өзінің әнін ұрлап алғанын жеткізді.

Сазгер Арайлым Мамырбек Тоқтар Серіковті сотқа беретінін айтты
Арайлым Мамырбек, Тоқтар Серіков. Фото: YouTube/скриншот
678

Сазгер Арайлым Мамырбек танымал әнші Тоқтар Серіковті сотқа беретінін мәлімдеді. Себебі Серіков Мамырбектің әнін ұрлап алған көрінеді. Бұл туралы ол Assyltas TV Youtube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Massaget.kz.

"Бір күні ақпан айында оның концертін көзім шалып қалды. Бір кісі "Мынау сенің әнің ғой" деп салып жіберіпті. Сөзін өзгертіп тастаған. Әуені айнамай ұқсап тұр енді. Жатып келіп телефон нөмірін іздедім, тапқан нөмірдің бәріне "Мына екі ән қалай ұқсап кеткен" деп жаза бердім. Үн жоқ, екінші рет қайта жазғанда мені бұғаттап тастады. Сосын көмекшісіне телефон соғып едім, "Ол кісі қазір концерттерден босамайды. Сізбен сөйлесуге мүлдем уақыты жоқ" деп жауап берді. "Әлгі әнді концерттерде айтпасын, алдымен менімен кездесіп, осының ақ-қарасын ажыратып алайық" деп оған айтып едім, "Жоқ, ол әннің сөзі де, әні де Тоқтардыкі" деп мойындамады. "Сіздің әніңіз соншалықты хит пе еді, байбалам салатындай не көрінді" деп өзіме қарсы шықты", - деді сазгер.

Арайлым Мамырбек бұл әнді 2021 жылы жазған екен. Бірақ сөзі ұнамай, артынша басқа ақынға қайта жаздырған көрінеді.

"Сөзін Светқали Нұржан ағаға қайта жаздырғам. Ол кісі бірден келісіп, 2022-жылдың сәуір айында "Баба дала баяны" деген атпен ән толық жазылып бітті. Бірақ дер кезінде оның аранжировкасын істеп, бейнебаянын түсіре қоятын қаражат болмады. Біраз жүріп қалдық. Қараша айында орындап шықтық, сайттарға тарқаттық. Мына жағдайдан кейін мен әлеуметтік желіде "Әнімді қайтарыңыз, Тоқтар аға!" деп пост жазып салдым. Ол кісі бәрін біліп, естіп отыр. Бірақ бір рет менімен байланысқа шығып, "Бұл былай еді, қарындасым" деп мәселені шешуге тырысқан жоқ", - деді Арайлым Мамырбек.

Сазгер енді Серіковті сотқа беретінін айтты.

"Сәуір айында Тоқтар Серіков ләм-мим деместен менің әнімді "Ауылым" деген атпен бүкіл платформаларға тарқатып тастады. Осы жағдайдан кейін менің жүйкем сыр берді. Ішімнен шыққан әнімді айдың-күннің аманында иемденіп кете салғаны жаныма батты, денсаулығым нашарлап кетті. Елдің бәрі "Сен Тоқтардың әнін ұрлап айтып жүрсің" деп жазатын болды. Осыдан кейін сотқа шағымданып, әнімді өзіме қайтарып алғым келеді. Дәлелдеуге шамам жетеді, материалдық және моральдық шығын талап етемін", - деді Арайлым Мамырбек.

Серіктес жаңалықтары