Мемлекет басшысы: Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет

Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез

Мемлекет басшысы: Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет
akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ғылым ордасында еліміздің ғалымдарымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің стратегиялық бағдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын, еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек екенін, әрі реформалардан шет қалмағаны абзал екенін атап өтті.

«Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші. Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен. Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады», – дейді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы білімі мен өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз көп екенін тілге тиек етті.

«Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады», – дейді Мемлекет басшысы.