«Ташкент қазақтары» парақшасы арқылы жұртқа жақсылық жасайтын Жаңабай
Ауыл келбетіне, оның тұрғындарына басымдық беремін. Қаладағылар мен жүктеген сурет-видеоларды көріп, шыққан тегін, туған жерін ұмытпаса екен деймін.
Әлеуметтік желіде Түркия, Ресей, Өзбекстанда тұратын қазақтардың басын біріктіретін парақшалар жетерлік. Оның ішіндегі ең көп қолданушы жазылғаны – «Ташкент қазақтары» парақшасы. 60 мыңға жуық жазылушысы бар бұл парақшаның ашылғанына небәрі төрт-ақ жыл болған. Кейін білгеніміздей, ол парақшаны жүргізетін Жаңабай Исрайылов төрт жыл ішінде қыруар іс атқарып, көп жобаға бастамашы болған. Біз бұл парақша туралы су тасқыны кезінде Өзбекстан қазақтарының атынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелткен кезде ғана білдік. Осы ретте ауыл-ауылды аралап, онда тұратын қазақтар туралы мәліметтер жинап жүрген Жаңабайға хабарласып, әңгімелескен едік.
– «Ташкент қазақтары» парақшасы әу баста солай аталды ма, әлде атауы кейін өзгертілді ме?
– Әу баста осылай аталды. Мен Ташкент облысы Бостандық ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келгенмін. Мен секілді қазақтардың Өзбекстанның қай бұрышында не істеп, не қойып жүргенін білгім келді. Менің табаным тимеген ауыл көп. Біз білуге тиіс аймақтар жетерлік. Мен сол ауылдарда көп шоғырланған қазақтардың тұрмыс-тіршілігін шынайы көрсетуді мақсат еттім. Ауыл ішін аралап, мұнда қанша қазақ тұратынын, кімнің қай рудан тарайтынын, ол ауылдан шыққан танымалдардан кім бар екені туралы мәлімет жинап, тіпті мектебі мен көшесін де видеоға түсіріп, соны парақшаға жүктейтінмін. Алайда мұның бәрін өзім үшін салып жүрдім. Ол кезде мен осындай танымал блогер боламын деген мақсатты көздемедім.
– Өзің парақшаның төбесіне жазып қойғандай, мұның «Өзбекстандағы қазақша №1 парақшаға» айналғанын қашан түсіндің?
– Ә дегенде ауылдарды аралаған кезде түсірілген суреттер мен видеоларды жүктеген кезде Қазақстанға немесе басқа елге көшіп кеткендердің біразы «Мынау – менің туған ауылым. Көріп, жылап алдым», «Менің көшіп кеткеніме осыншама жыл болды. Сағынып жүр едім, мына видеоны көріп, мауқымды бір басып алдым» деп пікір қалдырған болатын. Жекеме де жазып, бұл қай ауыл екенін сұрастырғандар болды. Мен бұл парақшаны төрт жыл бұрын, әлемді пандемия жайлап тұрған кезде ашқан болатынмын. Шекара жабық. Ешкім туыстарына бара алмайды. Дегенмен мен сол сәтте ауылдарға жиі баратынмын. Сол кезде Қарағанды, Петропавлға көшіп кеткен бауырластар туыстарын көрмегеніне 5-6 жыл болғанын, ауылдың өзгеріп кеткенін айтып, артынша маған алғысты қарша боратып, жылы лебіздерін аямай жазатын. Уақыт өте келе репост жасайтындар саны артты. «Мынау – біздің ауыл ғой!» деп өз парақшаларына жүктейтін болды. Қала берді, ауылдастарына, туыстарына жолдайтындар саны артты. Содан соң басқа ауылдағылар жекеме шығып, «Біздің ауылды келіп, түсірсеңші. Біз де ауылымызды «Ташкент қазақтары» парақшасынан көргіміз келеді» деп шақыратынды шығарды. Негізі, әр ауылға өзім баруға тырысамын. Ондағы ортаны өз көзіңмен көргенге не жетсін! Дегенмен өте алыс орналасқан ауылдағылар да біз туралы естіп, өздері көп видео түсіріп жібереді. Мұны көрген екінші ауылдағылар қолқа салады. Сол кезде өзімнің пайдалы іспен айналысып, дұрыс бағытта келе жатқанымды түсіндім. Қазір де көп ауылдың тұрғындары шақырады. Төрге оздырып, асты-үстімізге түсіп, қонақ етіп, күтеді. Құдайға шүкір, барған жерде сыйлымын. Әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде көп ауыл тұрғындары шақырады. Бетін қайтармай, барып қайтуға тырысамын. Мен ол жаққа құр қол бармаймын, әрі өзім де құр қол қайтпаймын. Үлкендердің әңгімесіне сусындап, ақыл-кеңестерін түртіп аламын. Бір ауылға барғанда жүзге жақындаған, ашаршылықтың куәсі болған, соғысқа барып қайтқан атамен сөйлескенім әлі де санамда сайрап тұр. Ол кісі тарихты беске біледі екен. «Қазақтар мына жерді мекендеген. Мына жылы көшкен» деп тіпті жылына дейін дәл айтып, біраз мәліметті жайып салды. Мұндай жерден қайтқым келмей, құлағымның құрышы қанғанша тыңдай бергім келеді. Тағы бір айтарым, осындай қазыналы қарияларымыз тұратын ауылға баратын кезде көмектесетін адамдар жетерлік. Жаны жомарт ағаларымыз «Қаржылай болсын, көмегімізді аямаймыз. Сен бізге айт» деп ағынан жарылады. Бір ауылға бару керек болса, көлік жіберіп, қолдап отырады. Айта кетерлігі, әдепкіде көпшілік бұл іске аса сене қоймады. «Мұның не керегі бар? Оның бәрін түсіріп, не қыласың?» деп айтқандар болды. Ал қазір бұл Өзбекстандағы әрбір қазақтың іздеп жүріп қарайтын парақшасына айналды.
– Өзің тұрып жатқан қалада да қазақтар көп. Неліктен қаладағы емес, ауылдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көбірек көрсеткің келді?
– Дұрыс айтасыз, қалада да көп қазақ тұрады. Дегенмен ауыл – біздің алтын қазынамыз ғой. Өзіңнің кім екеніңді, қайдан шыққаныңды ұғындыратын жер. Ауыл келбетіне, оның тұрғындарына басымдық беретінім де сондықтан. Қаладағылар мен жүктеген сурет-видеоларды көріп, шыққан тегін, туған жерін ұмытпаса екен деймін. Қайда жүрсек те қазақилығымызды жоғалтпайық, жөн-жоралғымызды, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді біліп жүрейік деген ойды көздедім. Мен ауылда туып-өскендіктен мұның бәрін жетік білемін. Ал қалада тұратын жастар немесе ауылдан ерте кетіп қалғандардың кейбірі менің білетінімнен хабардар болуы екіталай. «Бізде осындай ру бар ма еді?», «Қазақта мұндай салт-дәстүр бар екенін білмеппін» дегендей пікір қалдырып жатады. Сол кезде бастаған бұл ісімнің бекер емес екенін жете түсінемін.
– Сені танитын көпшілік осы парақша арқылы біраз мұқтаж адамға қол ұшын созғаныңды айтқан еді. Қайырымдылық іспен де айналысады екенсіңдер.
– Иә. Басында бұл іске аса ма, жоқ па, білмедім. Парақша ашылған соң біраз уақыттан кейін менің ауылымда мешіттің құрылысы басталды. Ол кезде парақшада 10 мың жазылушы болатын. Сосын жазылушылар бұл іске көмектесе ала ма екен, көрейін дедім. Содан соң сториске «Осындай ауылда мешіт салынып жатыр. Қолдан келгенше көмектессеңіздер» деп жазғаным сол еді, аз уақыт ішінде 1 000 долларға жуық ақша жиналды. Ол ақшаның бір тиынына да тимей, мешіт өкіліне «Ташкент қазақтары» парақшасының атынан көмек деп тапсырдым. Содан соң парақшама жазылған жанашыр, жомарт жандар көмегімен көп игі іске бастамашы бола алатынымызды түсіндім. Содан кейін түрлі ауруға шалдыққан балаларға қор ашу ісін қолға алдық. Алыс ауылда тұратын ерлі-зайыптының бір жасар қызына Түркияға барып ем алу үшін қомақты қаражат керек екен. Дереу есепшот ашып, парақшаға ол туралы мәлімет салып, көмек сұрадық. Нәтижесінде, 50 мың доллар (теңгеге шаққанда – 22 288 500) жиналды. Түркияға барып қажет ем-домын алып келген ол балақайдың қазір жағдайы жақсы. Шүкір. Сол секілді 10 шақты көмекке зәру бауырластарға қажет қаржысын жинап, көмектестік. Қазір де «Қор аш. Жарияла. Бізге көмектес» деп түрлі себебін айтып, жазатындар жетерлік. Алайда мұны үнемі жасайтын болсам, парақшадағы белсенділік бәсеңдеп қалады. Себебі парақшаға жазылған 60 мыңға жуық қолданушы түрлі контентті қалайды. Айрықша айта кетерлігі, 60 мың қолданушының барлығы – өз еркімен жазылғандар. Бәзбіреулер секілді, қолмен сан жасап алған түгім жоқ. Сондықтан болар, олар кез келген бастамаға белсенді араласады. Дегенмен ара-тұра қор ашып тұрамын. Мысалы, жыл сайын оқу жылы басталар кезде қор ашып, қаражат жинаймыз. Сосын ол ақшаға сабаққа қажет құралдарды сатып аламыз да, әр ауылды аралап, онда ата-анасы жоқ, тұрмысы нашар оқушыларға оны таратамыз. Одан бөлек, жесір қалған, мүмкіндігі шектеулі әйелдерге азық-түлік әкеліп береміз. Жалпы айтқанда, қиналып жүргендерге бейжай қарамай, көмектесуге тырысамыз.
– Қазақстандықтарды әбігерге салған су тасқыны кезінде де үнсіз қалмадыңдар. Көп елдегі қандастар көмек қолын созып жатқанда, сендер Өзбекстандағы бірнеше белсенді қазақпен бірігіп, қор ашқандарыңды көрдік.
– Көп ауылға барып, көмектесіп жүргенімді жақсы білетін Өзбекстан қазақтары «Сен неге қор ашпай жатырсың? Сен баста, біз сені қоштаймыз. Саған сенеміз. Көмектесеміз» деп жазды. Мен бастапқыда ұзақ ойландым. Себебі бұл біз бұрын істеп жүргендей емес, ауқымды іс. Жауапкершілік жүгі зілдей. Сосын аз ғана қаражат жиналып, елден ұят болып қалмай ма деген де ой маза бермеді. Әрі ол гуманитарлық көмекті Қазақстанға жеткізе алатын көлік таба аламыз ба деп тағы да уайымдадым. Дегенмен кейін Ташкенттегі қазақ мәдени орталығы, мейрамханаға иелік ететін, кәсіпкер әрі блогер Мехнат Бесбармақовпен бірігіп, бұл істі бастап кеттік. Қор ашып, көмек жинап жатқанымызды парақшаға жарияладық. Сол-ақ екен, көп ауыл тұрғындары 15-20 шақты көлікке тиелген азық-түлікті біз айтқан жерге жеткізіп берді. Біз «Осындай ауылдан осындай көмек келді» деп видеоға түсіріп, парақшаға жүктеп отырдық. Мұны көрген басқа ауылдағылар «Ал біз неге үнсіз жатырмыз? Біз неге қимылдамаймыз? Бауырларымызға осындай қиын шақта көмектеспесек, қашан көмегіміз тиеді енді?» деп өздері бастама көтеріп, қажет заттарды жинап, бізге әкеп тастады. Біз жиналған киім-кешек, азық-түлік, төсек-орынды жүк көліктеріне тиеп, су тасқынынан қатты зардап шеккен Қостанай облысына жібердік.
– «Ташкент қазақтары» парақшасын Өзбекстан қазақтары ғана емес, Қазақстандағы көпшілік те жіті бақылап отырады екен.
– Иә. Қазақстанда тұратын көп адам Instagram-ға «Ташкент», «қазақ» деп жазсақ, бірінші сіздің парақшаңыз шығады» деп жазады. Қазақстандағылар көбіне «Ташкентте қай жерге барсақ болады?» деп сұрайды. Сосын ауруханалар туралы мәліметті де жиі керек етеді. Мен «Қай жердегі клиника жақсы емдейді? Қай орталықта мықты дәрігер жұмыс істейді?» деп сауалнама әзірлеймін. Сөйтіп, көпшіліктің көмегіне сүйеніп, елден келгендердің көңілінен шығатын дәрігерлерді тауып береміз. Одан қалса, қазақстандықтардың кеден бекетінде немесе сол маңайда ұмытып кеткен төлқұжаттарын, жүргізуші куәліктерін тауып береміз. Құжаттарын жоғалтып алғандар бірден маған жазады. Мен мұны сториске саламын, көп күттірмей жоғалған құжаттар табылып, иесіне қайтарылады. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда бізді бақылайтын бауырластар парақша астына көп пікір қалдырады. Оған Өзбекстан қазақтары жауап қайтарып, өзара байланыс орнатады. Арасында елдегілердің «Атажұртқа қайтыңдар», «Біз жаққа көшіп келіңдер» дегеніне біздікілер «Біз осы жақта да жақсы өмір сүріп жатырмыз. Ол жаққа қыдырып барсақ та жетеді» деп жазып, бір-біріне бауырмалдық танытып, танысып жатады.
– Парақшаға жарнама жиі салынатынын байқадым. Сен бұл істі жалғыз жүргізесің бе, әлде көмекшілерің бар ма?
– Жарнама салынады. Одан ақша да түседі. Қазір де жарнама беріп жатқандар жетерлік. Алайда мұның бәрін бет албаты сала берсең, тағы болмайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, белсенділік бәсеңдейді. Қайтсем де ақша табамын дегенді көздемеймін. Ара-тұра мағыналы, қызық видеолар салғанды құп көремін. Негізі, көп жұмысты өзім атқарамын. Дегенмен ауылдарға барғанда көмектесетін бірнеше жігіт бар. Әркімнің өз міндеті бар. Біреуі сұрақ-жауап жүргізсе, біреуі контент түсіреді. Енді біреуі маған көмектеседі. Алдағы уақытта тәрбиелік маңызы бар вайндар түсіруді қолға алмақпыз. Бізде Ташкентте вайн түсіретін қазақтар жоқтың қасы. Вайнды жеңіл-желпі, арзан күлкі үшін түсіргіміз келмейді. Ондағы басты мақсат – қазір жаман жолда жүрген бауырларымыздың есін жидыру. Сондықтан өмірден алынған оқиғаларға сүйеніп, сценарий жазып, үлкен бір игі іс бастамақпыз. Негізі, мені көпшілік жұмыс істемейді, әлеуметтік желінің көмегімен күн көріп жүр деп ойлайды екен. Негізі, мен басқа салада жұмыс істеймін. Ал қалған істі демалыс күндеріме жоспарлап, ретін келтіріп, түсіріп келемін.
– Сен қайда жұмыс істейсің сонда?
– Мен Шыршық қаласында мыс құбырын шығаратын зауытта жұмыс істеймін. Мұны білмейтін көпшілік «Сен сонда жұмыс істейсің бе? Ары-бері жүгіріп жүресің ғой» деп таңғалады. «Әлбетте, жұмыс істеймін. Ары-бері жүгіргеніме маған ешкім ақша төлемейді ғой» десем де, сенбейтіндер бар. «Қой, сен өтірік айтып тұрсың. Сен интернеттен көп ақша табасың» деп бой бермейді. Интернеттен пайда тауып жатқан түгім жоқ. Жарнама салғаным үшін ақша төленетіні рас. Алайда ол сома менің анау ауылдан мына ауылға барғанда жұмсалған шығынды ғана өтейді. Ал өзім күнелту үшін зауытта жұмыс істеймін. Бұл айтқаныма әлі сенбейтіндер бар. Жоғарыда атап өткенімдей, мен парақшаның белсенділігін пайдаланып, қыруар қаржы табуды көздеп жүргенім жоқ. Мен үшін рухани құндылық бәрінен жоғары тұрады.
– Зауытта тынбай еңбектеніп жүріп, қоғамдық жұмысты қатар алып, ауылдарды аралап жүрген саған алғыстан басқа айтарымыз жоқ!
– Рахмет! Расында, маған біздің парақшада қарапайым халықтың дауысы естілетін секілді көрінеді. Тек мұны дер кезінде түсінгеніме ризамын. Көпшілігі мені көрсе «Әй, сен анау блогер бала емессің бе?» деп танып жатса, енді біреулері ««Жарайсың. Сен дұрыс жолда келе жатырсың. Игі істер атқарып жүрсің. Баса бер! Шаба бер! Біз сені қолдаймыз. Көмектесеміз» деп ризашылық білдіріп жатады. Мұндайды естіген сайын рухтана түсемін, қазіргіден де көп қайырымды әрі пайдалы іс жасағым келіп тұрады.
– Іске сәт! Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ