Қаржы министрлігінің Халықаралық конвенцияны бұзғаны анықталды – Бас прокуратура

Ресми мәліметке сүйенсек, Қаржы министрлігі шетелдік компаниямен «татуласу» рәсімін кешіктірген.

Қаржы министрлігінің Халықаралық конвенцияны бұзғаны анықталды – Бас прокуратура
сурет: sputnik.kz

Қаржы министрлігінің Халықаралық конвенцияны бұзғаны анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қаржы министрлігі шетелдік компаниямен «татуласу» рәсімін кешіктірген.

Алматы қаласы соттарының поляк компаниясының («Exalo Drilling» АҚ) салықтық тексеру нәтижелеріне шағымдану туралы талабын қарауы шеңберінде Қаржы министрлігінің Халықаралық конвенцияны бұзғаны анықталды. Мемлекеттік кірістер департаменті шетелдік компанияның резиденттік сертификатын қабылдамады және 600 млн теңгеден астам корпоративтік табыс салығын (өсімпұлды ескере отырып) қосымша есептеді. Польшаның Қаржы министрлігі даулы жағдайды қазақстандық тараппен өзара келісу рәсімін бірнеше рет бастауға тырысқаны белгілі болды, – деп жазылған ресми ақпаратта.

Бұл Қазақстан мен Польша арасында жасалған қосарланған салық салуды жою туралы конвенцияда тікелей көзделген. Алайда, қаржы министрлігі сот дауының болуына сілтеме жасай отырып, келіссөздер жүргізуден бас тартты.

Бас прокуратура қадағалау актісін енгізгеннен кейін Қазақстан мен Польша қаржы министрліктері арасында өзара келісім рәсімі аяқталды. Польша тарапы компанияның Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыра бастағаннан бері Польшаның «резидент» мәртебесін растады. Нәтижесінде салық органы сотта бітімгершілік келісім жасасып, өзінің хабарламасын қайта қарады. Осылайша, прокуратураның араласуынан кейін бизнес субъектісіне 612 млн теңге сомасына салық қосымша есептелуі жойылды. Бұл жұмыс жалғасуда және Бас прокуратура басшылығының ерекше бақылауында, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.