Майқайыңда жоғалып кеткен құтқарушыларды іздеу жұмыстары қайта жанданды

Бұл туралы құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден хабарлады.

Майқайыңда жоғалып кеткен құтқарушыларды іздеу жұмыстары қайта жанданды
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

«Майқайыңалтын» АҚ жер астына автобуспен бірге түсіп кеткен азаматтарды іздеу жұмыстарын қайта жалғастырды, деп хабарлады turkystan.kz.

Kazinform.kz сайтының мәліметінше, кәсіпорынның жаңа басшылығы ойық астында жатқан қос құтқарушыны қайтсе де іздеп табуға бел байлаған тәрізді.

Аталған компания биылғы ақпан айының соңында кеніштегі құрдымға құлаған автобус пен оның ішіндегі екі азаматты іздеу жұмыстарын тоқтатып тастағаны туралы хабарлаған едік. 

«Майқайыңалтын» АҚ-ның жаңадан тағайындалған директоры Қайролла Жүрсінбаев 13 мамырдан бастап қос құтқарушыны іздеу жұмыстарын қайта жандандыру туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден хабарлады.

«13 мамырдан бастап Айдос пен оның әріптесін іздеу жұмыстары қайта басталды. Біздің отбасымыз бұл күнді ұзақ уақыттан бері тағатсыздана күткен едік. Құтқарушылар жақын адамдарымызды тауып алатынына сенімдіміз. Кәсіпорын басшылығы айтқандай, ең әуелі ойық маңында кен жыныстарын қазу жұмыстары жүргізіледі. Содан соң кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының құтқарушылары іске кіріседі. Қазіргі уақытта жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бас директор Қайролла Жүрсінбаев жер астында жатқан қос азаматты тауып алған соң ғана шахта іске қосылатынын жеткізді», - деді Нұрсұлу Шаймерден Kazinform агенттінінің тілшісіне берген сұхбатында.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның жаңа басшылығы іздеу-құтқару жұмыстары туралы ақпарат беруден бас тартып отыр.