БАӘ-дегі ҚР елшісінің кеңесшісі әйелін 10 жыл бойы қорлаған

Әйел өзінің ғана емес, үлкен әпкесінің де таяқ жегенін мәлімдеді.

БАӘ-дегі ҚР елшісінің кеңесшісі әйелін 10 жыл бойы қорлаған
aor.gov.by
1003

Әйелін 10 жыл бойы азаптап, ұрып-соқты деген күдікке ілінген БАӘ-дегі елшінің кеңесшісі дереу Қазақстанға шақырылады. Құқық қорғау органдары істі қолға алады, деп хабарлады turkystan.kz.

«Біз бұл қызметкерді Қазақстанға шұғыл түрде қайтарып аламыз. Бұдан әрі оның ісімен құқық қорғау органдары айналысады», - деді Azattyq Ruhy редакциясының сауалына жауап берген Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш видеоүндеу жасап, күйеуінен қорлық көргенін айтқан.

«Мен Мамаш Карина Госманқызы БАӘ елшісінің кеңесшісі Мамаш  Сәкен Ташкенбайұлының әйелімін. 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келемін. Мен жұбайымның маған көрсеткен бүкіл қорлығы үшін дипломат мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Ол маған физикалық, жыныстық, эмоционалды, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті», - деді ол.

Әйел өзінің ғана емес, үлкен әпкесінің де Сәкен Мамаштан таяқ жегенін мәлімдеді.

«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Ішкі істер министрлігінен Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі жасап отырған әрекетке араласып, әйелін күйеуінен қорғауды талап етті. Ол әйелді балаларымен бірге Қазақстанға қайтаруды сұрады. БАӘ елшісі кеңесшісін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады.

«Фото мен видео азаптаудың болғанына дәлел. Президент Тоқаевқа, ІІМ, СІМ-ге ресми үндеу жасаймыз. Зорлықшының үстінен қылмыстық іс ашуды талап етеміз!», - деді Дина Таңсәрі.

 

Серіктес жаңалықтары