От кешкендердің ортақ тағдыры

Иә, өткен ғасырдың соңғы он жылдығы кезінде майдангерлердің қатары сирегенмен қарасы көзге көрінерліктей еді. Әңгімелесе қалсаң, олардың бәрі де жастық шақтарының қандай қиындықпен өткенін мұңлы баяндап берер еді. Оны кезінде білген білді, білмеген қызықпады. Дегенмен журналистік қызметімде соғыс көрген жазушы-ғалымдармен тілдесіп, олардан соғыс кезінде көрген-білгендерін сұрап, жазып алғаным бар еді. Бүгін сондай үш кісінің айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмын.

От кешкендердің ортақ тағдыры
turkystan.kz
1559

Екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат тарихында алапат соғыс болғаны, 70 миллионнан аса адамның өмірін жалмағаны тарихтан мәлім. Оның аяқталғанына да биыл 79 жыл толғалы тұр. Демек, соғыстың соңғы жылында армияға алынып, қан майданның шет-жағасын көріп қалғандардың ең жасының өзі биыл 97 жасқа шығады деген сөз.
Иә, өткен ғасырдың соңғы он жылдығы кезінде майдангерлердің қатары сирегенмен қарасы көзге көрінерліктей еді. Әңгімелесе қалсаң, олардың бәрі де жастық шақтарының қандай қиындықпен өткенін мұңлы баяндап берер еді. Оны кезінде білген білді, білмеген қызықпады. Дегенмен журналистік қызметімде соғыс көрген жазушы-ғалымдармен тілдесіп, олардан соғыс кезінде көрген-білгендерін сұрап, жазып алғаным бар еді. Бүгін сондай үш кісінің айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмын. Бұлардың ішінде академик Досмұхаммед Кішібеков аман-есен ортамызда өмір сүріп жатыр, ал тарихшы ғалым Уахит Шалекенов осыдан 4 жыл бұрын, жазушы Қалмұқан Исабай 9 жыл бұрын дүние салған еді.

Уахит Шалекеновтің әңгімесі:

1942 жылдың көктемінде әкем қайтыс бо­лып, арада үш ай өт­кенде, тамыз айының орта шенінде, әлі ор­та мектептің соңғы класында оқып жүр­ге­­німе қарамастан Қызыл Армия қатарына ша­­қырылдым. Шамасы, менің Ресейден кел­ге­нім әрі орысша білетіндігім ескерілсе ке­рек, мені жаяу әскер сапына жібермей, офи­­­­­церлер дайындайтын Өзбекстанның На­манган қаласына көшіріліп әкелінген Харь­ков әскери училищесіне даярлыққа әкеп қосты. Әжептәуір үлкен қала. Маған таң­сық нәрсе көп. Қарақалпақстанның сол­түс­тігінде күн кешіп, орталығында болып көр­­ген мен ол жерде өзбек ұлтының адамын көр­­мегем (өзбектер, негізінен респуб­ли­ка­ның оңтүстік аудандарында ғана тұрады ғой). Мына жердің бәрі өзбектер. Ежелгі салт­тарынан әлі де қол үзе қоймаған олар ма­ған әрі қызық, әрі жат көрінеді. Бірде мы­на­дай да қызық болған: мен көшеге шық­қан­да оқта-текте бетіне жапқан пердесі беліне түсе­тін әйелдерді көріп қалам. Неге екенін сірә түсінбеймін. Сосын ойлаймын, осылар­дың мұрны пұшық немесе көздері қисық шығар, әйтпесе неге сонша бүркенеді деп. Сол ойымның дұрыс-бұрысын тексергім кеп бір­де бетіне паранжа бүркеген бір әйелдің бет­пердесін серпіп кеп жібермесім бар ма. Пұ­шық түгілі бәлесі жоқ, үріп ауызға сал­ған­дай өзбектің майысқан әдемі келіншегі! Мен таңырқап, аңырып қаппын. Ал ол паран­жа­сы­ның пердесін шалт түсіріп жіберді де, асы­ға басып кете барды. Сол кезде бір өзбек жі­гіті ашулана айқайлап, маған қарай жүгір­ге­нін көріп қалдым да, істің насырға шап­қа­нын біліп тұра қаштым. Қайта әскери учи­лище­ден онша ұзамаған екем, тез жеттім де, қақ­падан еніп кеттім...
Әскери училищені алты-ақ айда тә­мамдап кіші лейтенант шенін алған біз­дер, 1943 жылдың ақпанында жүк пойы­зы­мен майданға аттандық. Батысқа қарай ке­тіп барамыз, кетіп барамыз... Қай жер еке­нін айыру қайда, 19 жастағы баламыз. Ақы­ры, Воронеж деген қалаға жеттік. Ол жер­де Воронеж деген өзен бар екен, сол өзен­нен өтіп, орманның арасына кірдік. Ор­манның ішінде үлкен жол бар екен, сол жол­мен жүріп бара жатырмыз. Ақпан айы­ның іші, қар енді ғана еріп жатқан кез. Ор­манның іші сасық... дем ала алмайсың. Қыста сол жерде қырғын соғыс болып, Воронежді азат еткен екен. Қардың астында адамдар өліп жатқан болу керек, жаман иіс содан тара­лып жатқан сияқты. Әйтеуір, сол есімде қалыпты...
Сонымен жүріп келеміз. Арқада жүк қап­шық. Қолда ДПШ деген автомат. Күндіз жа­тамыз, түнде жолға шығамыз. Кейде күн­діз немістің самолеттері бомбылайды...
Ақпан, наурыз айларында ол жақта жаң­быр­дың көп болатын кезі екен, жері қара то­пырақты, сәл жаңбыр жауса, тізеден келе­тін балшыққа айналып шыға келеді. Бірақ ол бізге бөгет емес, тоқтамаймыз. Арасында сәл тоқтап, 5 минуттық демалыс береді, сылқ етіп балшыққа жата кетесің. Көзің іліне ме, ілін­бей ме, «Подъем!» деген бұйрықты естіп, атып тұрып қайта жүріп кете барамыз. Ал енді сонда балшық болған киімдерімізді қа­лай тазартқанымыз есімде жоқ, шамасы, кеп­кен кезінде уқалап балшығын түсіріп, соңы­нан шаңын қағып жүріп кете беретін болуы­мыз керек...
Кейін білгеніміздей, бізді Орел-Курск до­ғасындағы үлкен шайқастарға дайындап жа­тыр екен ғой, Россия мен Украинаның ше­­­­­карасында. Сөйтіп, Белгород деген қала­ның маңына жиналдық. Сол жерде мені пар­тия қатарына алды. Мен взвод коман­ди­рі­нің көмекшісі, кіші лейтенантпын. Біздің 3-украин майданындағы 960-атқыштар пол­кі құрамында болғандардың біразы Өз­бек­станнан барғандар еді. Көбі өзбектер. Со­ларға басшылық жасадым.
Сонымен 1943 жылы соғысқа кірдік. Ста­­рый Оскол, Новый Оскол, Белгород және Ха­рь­ков қалаларын жаудан тазартуға қа­тыс­тым. Взвод командирінің басына жарықшақ тиіп қаза болып, орнына мен командирлік ет­тім. Харьков түбіндегі жан алысып, жан бе­­­­ріскен кезекті бір соғыста ауыр жара­лан­дым. Немістер минометпен атқылап, жарыл­ған минаның жарықшақтары сол жағымнан аяқ-қолыма бірдей тиіп, мені сұлатып тын­ды... Оның соңы госпитальдан госпитальға жал­ғасып, ең соңғы жатқан жерім Фрунзе қа­ла­сындағы (Қырғыз Республикасының қа­зіргі астанасы Бішкек) госпиталь болды. Бұ­рын мединститут болған жерді госпи-
­та­льға айналдырған екен. Жол бойы жара­қат­та­рым ауырып, қиналып келгем. Фрунзе гос­питаліне келіп, олар менің жарақат­тарымды тексергенде, көздері тас төбесінен шықты: жарақаттанған жерлерім иістеніп, құрт түсе бастаған екен... Несін айтасың, не­бір қиындық өтті ғой бастан.
Сөйтіп, 43-жылдың аяғында соғыстан ал­ған жарақаттардың кесірінен армия қа­тарынан шығарылып, Қарақалпақстанға қай­тып келдім.

Біздің анықтама:
Уахит Хамзаұлы Шалекенов (12.05.1924, Ба­тыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ау­даны Бөрлі ауылы – 18.11.2020, Алматы қа­ла­сы) – тарих ғылымдарының докторы (1967), профессор (1972). Қазақстан Рес­пуб­ликасы Гуманитарлық ғылым ака­де­мия­сының академигі (1991), Қазақстан Респуб­ли­касының (1984) және Өзбекстан Респуб­ли­касының (1984) Еңбек сіңірген ғылым қай­раткері.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыс­қан, отставкадағы полковник. Қара­қал­пақ мемлекеттік педагогика институтын (1948, қазіргі Нөкіс мемлекеттік универ­си­те­ті) бітірген. Қарақалпақ облыстық партия ко­митетінде дәріскер (1948-195]), КСРО Ғы­лым академиясының Этнография инсти­ту­тында аспирант (1950-1953), Өзбекстан Ғы­лым академиясының Қарақалпақ бө­лім­шесінде сектор меңгерушісі (1953-1970), Шым­кент мемлекеттік мәдениет инсти­тутын­да кафедра меңгерушісі (1970-1972) болған. 1973 жылдан ҚазҰУ-да декан, ка­федра меңгерушісі болды.
700-ден астам ғылыми жарияланым, 30 мо­нография, оқу құралдарының авторы. «Қы­зыл Жұлдыз», І және ІІ-дәрежелі Отан со­ғысы ордендерімен марапатталған.

Досмұхаммед Кішібековтің әңгімесі:

– 1941 жылы өгей әкеміз әскерге алынып, Орел-Курск бағытындағы майданға түсіп, сол қанды қырғында хабарсыз кетті, ізінше 1942 жылы анамыз да дүние салды. Мені 1943 жылдың ақпанында армия қатарына ша­қырып, Шиелі әскери комиссариаты Таш­кент жаяу әскер училищесіне аттандырды. Бірақ ол жердегілер жарты жылда менен взвод командирі шықпайды деп, Самарқан қа­ласындағы запастағы 365-атқыштар пол­кіне әскери қызметін өтеуге жіберді. Онда да көп тұрақтамай, 1943 жылдың шілдесінде Ашхабад қаласындағы 7-атқыштар полкіне ауыс­тырылдым, алайда полкіміз қазан айын­да Моздок қаласына көшті. Одан Прох­лад­ный қаласына әскери қызметке ауыстырды. Ал 1944 жылдың наурызында Ростов облысы Зерноград қаласындағы ұшқыштар мек­те­біне қабылдандым. 
Сол жылы алғаш рет «УТ-2» ұшағымен көк­ке көтеріліп, 700 метр биіктіктен парашютпен түстім. Сырт көзге аса күрделі іс секілді көріне бермегенмен, оның қиын­дығы өз алдына. Секірер алдында оң қо­лың­мен парашютті ашатын тұтқасынан ұстап алуың керек, өйткені аспаннан жерге құл­ди­­лағанда қолың кеудеңе жетпей қалады. Адам­ның бәрі бірдей емес, ұшақтан па­рашют­­пен секіруге қорқып, оқудан қуылып кет­кендер де болды. Ал мен ұшақтан жерге құл­дилап, ерекше сезімді бастан кештім. Ж­о­­ғарыдан жерге қараған керемет қой, ша­быттанған мен парашютпен қалықтап келе жа­тып анамның айтуымен құлағыма сіңген ха­лық әні «Япурайды» бар дауысыммен шыр­қадым. Кейін жерге түскен соң командиріміз «Ас­панда не деп айқайладың?» деп сұрағанда «Анамды еске алып, одан үйренген әнді айт­тым» дедім.
Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ орыс­ша­ны жақсы үйренгем, сабақты да жақ­сы оқы­ғанмын. Сондықтан әскерде бірдеңені тү­сінбей, қинала қоймадым. Ұшқыштар мек­тебін 1945 жылы үздік бітіргесін, Кеңес Ода­­­­­­ғының батыры А.Серов атындағы Ба­тийск әскери-ұшқыштар училищесіне жол­да­ма берді. Онда «Ла-5» әскери жойғыш ұша­­ғымен ұшып,  ұшқыштың қыр-сырын мең­гердім. «Ла-5» – шассиі жиналатын, жа­бық кабиналы кеңестік бір моторлы жойғыш ұшақ. Соғыс кезінде «Ла-5» ұшағының маңы­зы зор болды, негізінен жау ұшақтарын жою­ға арналған бұл ұшақпен үш мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Иван Ко­же­дуб аяғынан айырылса да, протезімен авиа­цияға қайта оралған, Кеңес Одағының ба­тыры Алексей Маресьев те әуеде фашист ұшақ­тарын қиратқан. Мен де атақты ұшақ­пен аспанға талай көтеріліп, ұшу жатты­ғу­лары арқылы оны жақсы меңгердім. Бірақ біз майданға барамын дегенше соғыс бітіп қал­ды. 
Солай, 1946 жылғы 3 қаңтарында Мәс­кеу­дің Қазан вокзалы арқылы елге қайттым. Үс­тімде – жасыл шинель. Айтпақшы, бұл ши­­­нельдің өз тарихы бар. Соғыс біткен кезде Анг­лия премьер-министрі У.Черчильдің әйелі осындай жеті жүздей жасыл шинель тік­тіріп, оны кеңестік ұшқыштарға өз аты­нан сыйлаған екен. Оны атақты ұшқыш­тар­дан бөлек әр жердегі авиация училищелеріне де таратқан. Біздің училищеге жеткен бес-ал­ты жасыл шинельдің бірі үздік курсант ре­тінде маған бұйырды. Кейін сол шинельді Қы­зылордада оқып жүргенде Елеу Кө­шер­баев, Дәуірхан Айдаровтай достармен бірге базарға апарып, бір орыс жігітіне 700 рубльге сатып жібергенбіз. 
Сонымен Қазан вокзалына келсем, іші-сырты толған әскерилер. Бәрі еліне қайтқалы жүр. Ішке кіру мүмкін емес. Үстімде жасыл ши­нель, оған советтің погоны тағылған, вок­залдың алдында ары-бері жүргенімде қол­дарында автоматы бар екі жігіт маған ке­ліп «Қазақсың ба?» деді. «Иә» дедім. «Қайда бара­сың?» «Қызылордаға». «Билетің бар ма?» «Жоқ». «Онда бізбен бірге жүр, бізге билеттің кере­гі жоқ, кез келген пойызға отырамыз да ке­те береміз» деп мені қастарына ертіп алды. Арнаулы тапсырмамен Пензаға кетіп бара жат­қан әскери қазақ жігіттері. Бір кезде пойыз келді. Жүрген кезде екеуі бір вагонның тепкішегіне мініп, мені орталарына алды. Пойыз кішкене жүргеннен кейін вагонның терезесін автоматының дүмімен ұрды. Олар­ды көрген жолсерік есікті ашып, біз тамбурға кір­дік. Сөйтіп, үшеуміз Пензаға дейін бірге кел­дік. Ол жерден түскесін маған билет әперу­ге кассаға апарып еді, касса жабық бо­лып шықты. Сосын олар кассаның есігін ұрып, іштен шыққан адамға маған билет ке­рек екенін айтып, қолма-қол билет жа­сатып берді. Өздері сол арада қалды. Сол кез­де жас болғандықтан ба, бауырына тар­тып қамқорлық көрсеткен сол екі қазақтың аты-жөнін, қай жақтан екенін сұрамаппын. Сонымен елге жеттім. Елде ешкімім жоқ, жалғыз інім көршілердің қолында екен.

Біздің анықтама:
Досмұхаммед Кішібеков (15.12.1925 жы­лы туған, Шиелі ауданы) – ғалым, фи­лософия ғылымдарының докторы (1965), про­фессор (1967), Қазақстан Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі (2003), Қазақ КСР Жо­ғарғы мектебінің Еңбек сіңірген қызмет­кері (1974).
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қы­­зылорда педагогика институтының (Қор­қыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситеті) тарих факультетін бітірген (1948). 1948-49 жылдары Қызылорда мем­ле­кеттік педагогика институтында оқытушы, 1949-53 жылдары КСРО Ғылым академия­сы­ның философия институтында аспирант, 1953-64 жылдары Қазақ политехникалық (ҚазҰТУ) институтында кіші ғылыми қыз­меткер, аға ғылыми қызметкер. 1964-96 жыл­дары Қазақ ұлттық техникалық универ­си­тетінің философия кафедрасының мең­герушісі қызметін атқарды, 1996 жылдан осы университеттің қоғамдық пәндер кафед­ра­сының профессоры.
«Достық» орденімен, бірнеше медаль­дар­мен марапатталған.
580-нен астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 47 монография, оқулық, кітаптар мен кітапшалар жазған.

Қалмұқан Исабайдың әңгімесі:

Басқа елдерін былай қойғанда, Герма­ния­ның өзінде біздің әскерлерді азат етуші армия ретінде қабылдап, солай қарсы алғандар жетерлік. Мысалы, бұрынғы Герма­нияда Отто Брозовский деген неміс отбасы Украинаның Кривой Рог қаласынан барған қызыл туды соғыс біткенше жасырып сақта­ған. Соғыстан бұрын әр елдегі зауыттар ара­сында әріптестік байланыс болып, соның құр­метіне бір-біріне өз елдерінің мемле­кет­тік туын сыйлап, ту алмасып тұрған ғой. Мі­не, соғыс басталған кезде өзі еңбек ететін зауыт­та тұрған Кеңестік қызыл туды әлгі от­басы тығып тастаған. Сол үшін олардың от­басындағы төрт адам да түрмеде, конц­ла­герьде отырып шыққан...
Ейслебен деген қаладағы зауытқа фа­шис­тер КСРО-дан алып келген Лениннің ес­керт­кішін зауыт жұмысшылары балқытуға жол бермей, оны жасырып тастаған. 1945 жы­лы қалаға Қызыл Армия келгенде әлгі ес­керткішті орталық алаңға орнатып қар­сы алған.
Тағы да сол, 1945 жылы шабуылдап келе жат­қан Кеңес армиясына Германияның Грай­­­­фсвальд қаласы қарсылық көрсетпей, өз еркімен берілген. Ол шешімді қабылдаған қала коменданты, вермахт полковнигі Ру­дольф Петерсхаген. Тізе берсек ондай мысал көп. Бұлар туралы кезінде очерктер жазып, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінде жариялағанмын.
Зорлық-зомбылық жасамақ түгілі, біз­дің ар­мия соғыстың кесірінен әбден тұралап, қал­жыраған неміс халқына аузынан жы­рып азық-түліктен қарасты. Дәлел керек де­сең айтайын:
1945 жылы 1 мамыр күні түнде Берлинде рейхстаг төбесінде Кеңес мемлекетінің туы желбіреді. Ал қала толық алынған 8 мамыр күні КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті Бер­лин тұрғындарын азықпен қамтамасыз ету туралы арнайы қаулы қабылдап, қаланың әр тұрғынына күніне: 400-450 грамм нан, 50 грамм жарма, 60 грамм ет, 15 грамм май, 20 грамм қант; айына 20 грамм шай, 50 грамм ко­фе сонымен бірге картоп, көкөніс, сүт та­­­ғамдары, тұз т.б. азық-түлік мөлшерін та­ғайындаған болатын.
Ал 1-Беларусь майданы әскери кеңесінің Бер­лин халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі (11 мамыр күнгі) қаулысы бойын­ша жан басына күніне 600 грамм нан, 400 грамм картоп, 80 грамм жарма, 100 грамм ет берілетін болып, 15 мамыр – 15 мау­сым аралығында қала халқына 41 мың тон­на ұн, 5 500 тонна жарма, 6 500 тонна ет, 500 тонна май, 4 000 тонна тұз берілген. Осы­ның бәрі 1-2-Беларусь және 1-Украин май­дандарының қорынан бөлінген.
Мен комендант болып барған кезде Иль­ме­нау – Германияның (бұрынғы ГДР айма­ғын­да) Тюрингия өлкесінің Арнштадт ауда­ны­на қарайтын 17 мыңнан астам халқы бар, ой­лы-қырлы тар көшелердің екі жағына иін тіресе салынған үш-төрт қабатты үйлерден тұратын, Ильм өзені бойындағы шағын қала еді. Қазір заманға сай көп өзгерген.
Тарихта аты ХІІ ғасырдан бастап атала­тын, ерте кезден-ақ әртүрлі кен орындары­мен белгілі болған Ильменау қаласына соғыс жыл­дарында біздің елден зорлықпен әкелін­ген қарттар мен балалар осы жердегі шыны зауыт­тарында жұмыс істеген...
Фашистік Германия бар күшін шығыс майданына бағыттап, жанталасып жат­қанда біздің одақтастарымыздың армия­сы Эльбаға дейін жөнді қарсылық көрмей, көптеген елді мекендерді шығынсыз алғаны белгілі. Ильменауда да солай болған. Алайда 1945 жылдың маусымында Тюрингияны ба­сып алған америкалықтар бұл өлкедегі бүкіл доңғалақты көлікті түк қалдырмай  сы­пырып әкеткен. Соның салдарынан көмір өн­діру кәсібі тұралап, халықты отынмен қамтамасыз ету өте қиын болды.
Әлі есімде: күздің бір күнінде бізге − ко­мендатураға бір вагон брикет-көмір келген. Біз солдаттармен көмірді түсіріп болған кез­де бір кішкентай арба сүйреген қарт кісі ке­ліп, менен брикет сұрады. Бердім. Ол арба­сын толтырып ап кеткен соң жарты сағат өт­пей-ақ жан-жақтан арба сүйреген, қап ұс­та­ғандар қаптап кетті. Ешқайсысының қо­лын қақпадым. Содан соң арада 28 жыл өт­кенде сол қалаға қонақ болып барғанымда, сол кезде ең бірінші болып келіп көмір сұра­ған қарт кісі мені танып, алғысын айтқаны бар.

Біздің анықтама: 

Қалмұқан Исабай (25 тамыз 1925 жыл, Пав­лодар облысы Баянауыл – 4 желтоқсан 2015 жыл, Алматы) жазушы.
1943 жылдың қаңтарында 10-сынып пар­тасынан Совет Армиясы қатарына шақы­ры­лады да, одан 1954 жылдың күзінде запас­қа шығады. Екінші дүнижүзілік соғысқа қа­тыс­қан және соғыстан соң Германияның Ильменау қаласында комендант қызметін атқарған.
1954-1955 оқу жылында Алматы қала­сы­ның кешкі жастар мектебінде 10-сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады.
«Қызыл Жұлдыз» (1945), «Еңбек Қызыл Ту» (1975),«Құрмет» ордені, ГДР-дің Герман – Совет достығы қоғамының алтын белгі­сі­мен (1983), көптеген медальмен марапат­тал­ған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның лауреаты (2005). Көптеген әңгіме-повес­тің, романның авторы.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары