Байзақта даладағы дәретханада мектеп оқушысы қайтыс болды

Сегізінші сынып оқушысы ауыр соққыдан ажал құшқан болуы мүмкін.

Байзақта даладағы дәретханада мектеп оқушысы қайтыс болды
Сурет журналист Данияр Әлімқұлдың парақшасынан алынды
3214

Жамбыл облысында болған қайғылы жағдай жайлы жергілікті журналист Данияр Әлімқұл әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлады turkystan.kz.

"Сегізінші сынып оқушысы соққыдан сұлап түскен. Тоғызыншы сыныптың баласы ұрған екен. Ауылдағылар айтып отыр. "Дыхалкадан" дөп тиген удар бір баланың өмірін қиды. "Сегіздерді" "тоғыздар" тысқа тартып, әжетхана жақта әлімжеттік жасаған деген нұсқа бар. "Греб" (түрмеге деп тиын сауу) жинаған ба, бұ жағы бұлыңғыр. Бірақ осыған ұқсас. Байзақта сыртқа салынған әжетхана әлі бар екен. Оның үстіне "ақ үйдің" айналасында камерасы жоқ", - деп жазды журналист.

Білім басқармасының басшысы тілшіге сұхбат беруден ат тонын ал қашқан.  Автордың айтуынша, басшы "Оқиға орнында орынбасарым жүр" деп соған сілтеген.

"Ол жақта жүрген Мұхит есімді орынбасары теңіздей тасыды. "Берсе басшының өзі берсін!" деп өкпесін қолына ұстап қашты, телефонның ар жағынан. Сосын екеуі де трубка көтермеді. Ал мектеп директоры мен бір топ адам мектептің есігіне қара құлып салып, ішінде отыр. Орынбасар Мұхитты да қастарына алып алған. Сыртта директордың қаңтарылған көлігі тұр. Басшысы жоқ байзақтық білім бөлімінде міндет атқаратын кісі бар екен. Оның да ағарту ошағына аяғы жетпеді. Жиналыста жүрмін деп, жоқ болды. Байзақта болғанда қай жақта дерсіз? Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте болған. Даладағы дәретханада. Ағартушының атындағы мектепте", - делінген жазбада.

Аталған оқиғаны Жамбыл облысының Полиция департаменті растады.

"Оқушының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ, мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды", - делінген ПД таратқан хабарламада.

Серіктес жаңалықтары