Спортшыларға қолдау білдіргім келеді: 64 жастағы маңғыстаулық Парижге велосипедпен аттанбақ

"Парижге сапарымды Бакуден бастауды жоспарлап отырмын"

Спортшыларға қолдау білдіргім келеді: 64 жастағы маңғыстаулық Парижге велосипедпен аттанбақ

Келесі аптада маңғыстаулық велошабандоз Рәббім Борашев Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолға шығады, деп хабарлайды turkystan.kz mangystaumedia.kz.

Бейнеу ауданының тумасы Рәббім Борашев бұл жолғы сапарын Баку қаласынан бастайды.

– Елде әртүрлі велотурларды ұйымдастырып жүргеніме 4 жылдай болды. Ең ауқымды тур Маңғыстаудан Алтайға сапарым болды, ол жерде 5406 метр биіктікке шықтым. Парижге сапарымды Бакуден бастауды жоспарлап отырмын. Әрі қарай Тбилиси, Батуми қалалары бар. Анкараға дейін велосипедпен барамын. Турда Венгрия, Германия, Франция елдерінің территориялары бар. Жолдың ұзындығын 5 мың шақырым деп болжап отырмын, – дейді.

64 жастағы шабандоз Парижге дейінгі жолды 2 айда жүріп өтуді жоспарлап отыр.

– Олимпиада ойындары басталғанда барлық қақтығыс, соғыс тоқтатылады. Бұл – қалыптасқан үрдіс, жақсы ырым. Мен де елдің амандығын тілеп, қазақ елінің Туын алып бара жатырмын. Осылай елдің спортшыларына қолдау білдіргім келді, – деді Рәббім Борашев.

Рәббім Борашевтың негізгі мамандығы – сәулетші. Үш ұлы оған үнемі қолдау білдіріп, ара-тұра турға бірге шығады.