Елордада «Егіз елдің екі ақыны» атты мәдени-әдеби іс-шара өтті

Жиында елдер арасындағы қаламгерлердің байланысын жаңаша дамытып, өнер адамдарының кеңірек танылуына жол ашу, рухани-мәдени байлығымыздың құндылықтарын насихаттауға барынша көңіл бөлінуі қажеттігі айтылды.

Елордада «Егіз елдің екі ақыны» атты мәдени-әдеби іс-шара өтті
turkystan.kz
2678

Астанадағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде «Егіз елдің екі ақыны» атты ерекше мәдени-әдеби іс-шара өтті. Бұл басқосу еліміздің маңдайалды ақындарының бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркі елдері Жазушылары одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және қырғыз халқының мақтанышы, Қырғыз елінің Халық ақыны, Қазақстанның мәдениет қайраткері Акбар Рысқұловтың шығармашылығына арналды.

Көптеген қадірлі меймандар, соның ішінде Қырғызстаннан үлкен делегация келді. Ресей Федерациясының Саха республикасынан келген бір топ ақын-жазушы қатысты. Түркіменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов бұл кездесудің маңыздылығын, алдағы кезеңде қазақ пен түркімен әдебиеті арасында осындай әріптестік көпірі орнаса, екі елдің де байланысы арта түсетінін мәлімдеді. Ал Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Якутия Жазушылар одағының төрағасы, ақын, публицист, аудармашы Гаврил Андросов тілі мен тегі жақын халықтарды жақындастыратын мәдени жиындарды өткізуге өздері де мүдделі екенін айтты.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қазақ пен қырғыз арасындағы бауырмалдық байланыс, соның ішінде қос ақынның шығармашылық табыстары жөнінде өз ойын ортаға салды. Ақын, жазушы Баянғали Әлімжанов тілегін жеткізе келіп, Манас жырынан үзінді жырлап берді.

Бұл жүздесу Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға жасаған сапарымен тұспа-тұс келді. Қос ел арасында саяси-экономикалық және тарихи-мәдени қарым-қатынасты дамыта түсу бағытында келісімдерге қол қойылды. Екі ел басшыларының қатысуымен Астанада Манасқа ескерткіш орнатылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі халықтың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш екенін айта келіп: «Бұл – қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі»,- деді.

Айта кету керек, А.Рысқұлов 1995-2001 жылдары Қырғызстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 1997 жылы Алматыдағы елшіліктер корпусын Астанаға бастап келген Акбар Рысқұлұлы болатын. Елордада тұңғыш рет Қырғыздың елшілігі ашылды. Өз кезегінде А.Рысқұлов елші қызметін атқарған тұста осы елден көп дос тапқанын атап өтті. Қазақстанның көп өңірін аралап көргенін айта келіп, қаламдас досы Ұлықбекке арнаған жырын оқып берді.

Мазмұнды кеште қос ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Ұ.Есдәулет Алатаудың екі жағын мекен еткен қырғыз бен қазақтың бауырмалдығы туралы ой толғап, өз өлеңін алға тартты. Жуырда Ұ.Есдәулеттің Якутияда саха тілінде «Таас балбаал ырыата» («Балбал тас жыры») атты жыр жинағы, А.Рысқұловтың «Фолиант» баспасынан «Астана аспаны» кітабы қазақ тілінде жарыққа шықты. Қырғыз ақыны іс-шараны ұйымдастырушыларға және аталған баспаға ризашылығын жеткізді.

Осы басқосуда елдер арасындағы қаламгерлердің байланысын жаңаша дамытып, өнер адамдарының кеңірек танылуына жол ашу, рухани-мәдени байлығымыздың құндылықтарын насихаттауға барынша көңіл бөлінуі қажеттігі айтылды.

Достық үйінің директоры Нұралы Айдашев қос ақынның иығына шапан жауып, шығармашылық табыс тіледі. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізген әдеби басқосу жоғары деңгейде өтті. Жиналған қауым рухани мол әсер алған кеш болды.

«Екі ақынның әдеби кеші өте жарасымды болды. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын тапқаны жөн. Келесі күні біз егіз елдің қос ақыны – Ұлықбек Есдәулет пен Акбар Рысқұловтың құрметіне бильярд ойынынан турнир өткіздік. Бұл бекзат өнер түрі, оған белгілі қаламгерлер қатысты. Осындай ізгі байланыстар ел мен елді жақындастыра түседі»,- деді жазушы, журналист Сәдібек Түгел.

Айбатыр СЕЙТАҚ, Астана.

 

Серіктес жаңалықтары