Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында жаңа автокөліктер тиелген екі ірі жүк көлігі жол апатына ұшырады. Екі фура да жолдан шығып кетіп, жол жиегіндегі орға аударылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол-көлік оқиғасы 2026 жылғы 13 қарашада тасжолдың 131-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, FAW маркалы автокөлік тасымалдағыштарды тізгіндеген шетелдік жүргізушілер Қорғастан Ресей Федерациясына қарай бағыт алған. Жүк көліктерінде 15 жаңа автокөлік болған.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, апатқа жолдағы көктайғақ себеп болуы мүмкін. Автокөлік тасымалдағыштардың бірінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, соның салдарынан көліктер соқтығысқан.
«Соқтығысудан кейін ауыр жүк көліктері жолдың жүріс бөлігінен шығып кетіп, жол жиегіндегі орға аударылды. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ. Автокөлік тасымалдағыштың жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп толықтырды ведомство.
Полиция жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтауды, қауіпсіз арақашықтықты ұстануды және күрт маневр жасамауды ескертті. Әсіресе қыс мезгілінде, жолдарда көктайғақ пайда болған кезде аса сақ болу қажеттігін атап өтті.