Шыныдан 3 метрлік қобыз жасаған Шолпан: 45 жасымда Түркияға барып білім алдым

Шолпан – 20 жылдан бері шыны қалдықтарынан түрлі зат жасап келе жатқан еліміздегі жалғыз шебер. Мүсінші көбіне ұлттық нақыштағы бұйымдарға баса мән береді.

Шыныдан 3 метрлік қобыз жасаған Шолпан: 45 жасымда Түркияға барып білім алдым
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шын шеберге тұсау жоқ. Өнер десе ішер асын жерге қоятын шығармашыл жан кез келген заттан «мүмкін емес-ау» деген нәрсе шығарады. Сондай ісмердің бірі – павлодарлық Шолпан Садуова. Шолпан – 20 жылдан бері шыны қалдықтарынан түрлі зат жасап келе жатқан еліміздегі жалғыз шебер. Мүсінші көбіне ұлттық нақыштағы бұйымдарға баса мән береді. Мәселен, бесік, домбыра, қобыздың түр-түрін ойлап тапқан. Ең көлемді жұмыстарының бірі – Шарбақты ауданына сыйға тартқан 3,5 метрлік қобыз мүсіні.

«Құм неге шыны сияқты жылтырайды?»

Шолпан Садуова – Павлодар облысы Шарбақты ауданының Шалдай ауылының тумасы. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында білім алған. Оның бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы бала кезінде байқалған.

«Кішкене кезімде жалғыз өзім жылтырап жатқан құммен ойнағанды жақсы көретінмін. Бұл құм неге шыны сияқты жылтырайды деп ойлайтынмын. Ол кезде небәрі 5 жастамын. Әкем Есілбай ауылында тарих және география пәнінен 45 жыл мұғалім болды. Сонда ол сол құмнан шыны жасалатыны туралы айтқаны есімде еді. Сол кезден бастап үйге шыны таситын болдым. Әртүрлі композиция құрастыратынмын», – дейді Ш.Садуова.

Қолөнерші Семей педагогикалық институтын бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітірген. Кейін Павлодарда Абай атындағы дарынды балаларға арналған № 10 мектепте ұстаз болған. Содан соң жұмысын Торайғыров университетінде жалғастырды. Аталған оқу орнында табаны күректей 23 жыл еңбек еткен ол бүгін онда аға оқытушы қызметін атқарады.

«Бір қазақтың қарны ашып, еліне қайтты дегені ұят емес пе?»

Білім алу ешқашан кеш емес екенін алға тартқан кейіпкеріміз 45 жасында шетел грантын ұтып алып, Түркияға оқуға барған.

«Деканымыз Марат Кудерин ректор арқылы Түркияның Мимар Синан Гүзел Санатлар университетіне оқуға жіберіп, сол жақта 1 жыл, 8 ай шыны және керамика факультетінде біліктілігімді арттырып келдім», – дейді суретші.

Түркияның белді университеті саналатын аталған білім ордасында оқу үшін міндетті түрде түрік тілін білу керек болған. 

«Түркияға барған кезде қаражат жағынан қиындықтар туындады. Мешітке барып, оқуыма ақша жетпейтінін айтып, кері қайтуға көмек сұраған едім.  Сөйтіп жүргенде сол жерде тұратын қазақтарды тауып алдым. Олар «үйіңе қайтпайсың, бір қазақтың қарны ашып, еліне қайтты дегені ұят емес пе?! Өзіміз оқытамыз» деді. Сөйтіп отандастардың көмегімен 140 тілді оқытатын курсқа қатыстым. Сегіз айлық курсты бес айда тапсырып шықтым», – дейді қылқалам шебері.

Шолпан Түркияда оқыған уақытта шынының құрамын, кесу, қайнату, үрлеу әдіс-тәсілдерін меңгеріп, сертификат алған. Сондай-ақ ол әлі күнге дейін Түркиядағы қандастармен байланысып отыратынын айтты. 

«Шыны – 1 000 градуста ерімейтін өте ауыр әрі таза зат. Темір табиғатта 300 жылда жоқ болып кетсе, шыны миллион жыл жатады. Шынымен жұмыс істеу шыдамдылықты талап етеді. Әлемде шыны шеберлері сирек кездеседі. Жапонияда кейбір скульпторлар 70 см-ден артық істемеген. Шыны бояуларын Германиядан, Аустриядан аламын.  Түркия, Қытай, Жапония, Америка, Германия елдерінде шыны зауыттары бар, алайда олар құпиясын жария қылмайды. Мысалы, қызыл шынының бір шаршы метрі – 600 доллар, сары шыны 1,5 мың доллар. Ал мен мұның бәрін өзім істеймін, – дейді ол.

Шолпан шебер қазір халықаралық патент алуды жоспарлап жүр. Мүсінші көбінесе ыдыс-аяқ, автомобиль шынылары мен шөлмектерді көп қолданатынын айтады.

«Әлемде терезе мен автомобильдің шынысын қайнатқан адам жоқ, себебі атомдар атылып кетеді. Ал мен соның қосындысын таптым.  Шыны ұзақ уақыт суытылады. Тіпті, бес-алты жыл тұрғандар бар. Мысалы,  NASA-дағы  үлкен телескоптардың шынылары бес жыл қайнатылып, бес жыл суытылады. Себебі кішкентай қосындысы дұрыс болмаса, әуеде жарылуы мүмкін. Бұл –атомнан тұратын стратегиялық материал. Бұл жұмыс көп ізденісті талап етеді. Ол үшін химия, физика және сызу геометриясын жақсы білу керек», – дейді аға оқытушы.

«Елімізде шыны қалдықтарын өңдейтін үлкен зауыт ашылса...»

Оның айтуынша, бір қаладан күніне 3 тоннаға жуық шыны шығарылады, алайда ешбір қалада шыны полгионы жоқ. Бұл шыныларды үгіп, Ертіс өзеніне лақтырады. Қытай шынылары пластмасса қосылғандықтан жарылып кетеді. Ал Павлодар мен Астанадан шығатын шынылар Иран елінен жеткізіледі. Кейіпкеріміз елімізде шыны қалдықтарын өңдейтін үлкен зауыт ашылса деп армандайды.

«Қатты тұрмыс қалдықтарының ішінде ең ауыр түрі саналатын шыны миллиондаған жылдар жатады. Ал, ең қатты әрі қалың темірлердің өзі 150 жылдың ішінде шіріп кетеді. Мәселен, алюминий 600 градуста, шыны 900 градуста еріп кетеді. Одан кірпіш, мүсін, кафель жасауға болады», – дейді ол.

Шолпанның қолынан шыққан алғашқы туындысы – 1,5 метрлік домбыра. Ол бұл жұмысын өзінің туған жеріне сыйға тартқан. Ал туындыларының ішіндегі ең үлкені – таза шыныдан жасалған 3,5 метрлік домбыралар. Ең күрделісі – Батыс Қазақстан облысына жіберген, 3,5 метрлік қобыз мүсіні қобыз.

«Шыны өнерін меңгеру үшін математика мен сызуды жақсы білу керек. Хирург сияқты бүге-шегесіне дейін тексеремін. Әрбір шыны кірпішті тоңазытқышта қатырып қоямын. Егер суыққа төзімді болса, қыста 50 градус аяз болатын Павлодар үшін төтеп бере алатыны белгілі.  Шыны балқытатын пештер 3,5 миллион теңге тұрады. Мендегі екі пештің біреуі кермиканы да пісіреді. Жұртта косметика көп болса, менде шыны  саймандары көп. Дүкенге барғанда бірінші кезекте саймандар дүкеніне барып, үлкен, кіші балғалар, тістеуік, шыныны құятын заттар, шыны қиятын қайшы іздеймін, – дейді ол (күліп).

Айта кетерлігі, Шолпан көптеген халықаралық көрмелерде бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынған. Соның ішінде Омбы, Петербург, Новосібір қалалары мен Түркия елінде өткен көрмелерде өнерсүйер көпшілік оның туындысына оң бағасын берген.

Шолпанның 4 баласы да өнерден құр алақан емес. Үлкен қызы – елімізге белгілі дизайнер әрі спорт шебері. Астанада жеке фирмасы бар. Екінші қызы – дәрігер. Ол да спортпен, соның ішінде жеңіл атлетикамен айналысады. Ұлы – күрестен спорт шебері. Қазір әскери салада қызмет етеді.  Ал кіші қызының мамандығы – паразитолог.