Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған автобус апаты: жәбірленушілер 40 млн талап етіп отыр

Кезекті сот отырысында автобус ішінде болған куәгерлер сөйледі.

Алматыдағы 3 адамның өмірін қиған автобус апаты: жәбірленушілер 40 млн талап етіп отыр
Фото: Almaty.tv

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті тыңдалымда бірінші сөз жәбірленуші тараптың қорғаушысына берілді, деп хабарлады turkystan.kz порталы Аlmaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Заңгер бұл жолы жантүршігерлік көлік апатында көз жұмған азаматтардың жақындарының талаптарын жіпке тізіп шыққан. Судьяға оқыған өтініште жауапты компания “ДуманТранстың”, көлік жүргізушісі Ермек Шөкебаеваның және сотталушы Дархан Ахметжановтың азаматтық кодекстің “бірлесіп келтірілген зиян” бабы бойынша 40 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуге міндеттелуін сұрап отыр.

- Автобус жүргізушісі Шөкебаеваға қатысты қылмыстық іс қысқартылғанымен азаматтық талап бойынша біз сол автобустың иесі “ДуманТрансқа” және соның жүргізушісі Шөкебаеваға моральдік шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыз бере аламыз , - дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Айтынғали Табылдин. 

Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан оқиғаға қатысты кезекті сот отырысында автобус ішінде болған куәгерлер сөйледі. Анасының рұқсатын алғаннан соң, сот залына кәмелетке толмаған жігіт шақырылып, көлік жүргізушісі мен сотталушының арасында болған жанжалдың мән-жайын түсіндірді. Сондай-ақ куәгер Ермек Шөкебаеваның толық есінен танып қалғанын жоққа шығарды. Сөзінше, жүргізуші абыр-сабыр басталғанда оған "тежегішті бас" деген екен.

- Бұл кісі ортаңғы есікпен түсіп кетпекші болды. Ал жүргізуші алдыңғы есіктен шығып, чек көрсетуін талап етті.  Бұл кісі чекті көрсете алмады. "Осы жерден түсіріп кет, болмаса мен саған көрсетемін" дегендей көп нәрсе айтылды. Жүргізуші "қолыңнан келсе, істеп көр" деп қарсы айтты, - дейді куәгер.