ЕАЭО: Таңбалауға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесі кеңейтілді

ЕАЭО аясында спорт тауарларына қойылатын бірыңғай талаптар бекітілді.

ЕАЭО: Таңбалауға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесі кеңейтілді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің қатысуымен онлайн режимде өткен ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында спорттық құрал-жабдықтардың айналымы және оларды пайдалану бойынша бірыңғай міндетті талаптар бекітілді, деп хабарлады turkystan.kz.

Атап айтқанда, бұл талаптар футбол, гандбол және хоккей қақпалары, стендтік атыс пен спортингке арналған нысаналар және гимнастикалық құрал-жабдықтарға қатысты болды. ЕЭК кеңесінің мүшелері бірыңғай техникалық регламенттер белгіленген тауарлардың қолданыстағы тізбесіне тиісті өзгерістерді бірауыздан қолдады. 

Айта кету керек, қазіргі уақытта ЕАЭО мемлекеттерінде спорттық құрал-жабдықтарға техникалық реттеу саласындағы ЕАЭО ұлттық және ұлттықтан жоғары заңнамасы қолданылмайды. Бұл адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін өнімдердің ЕАЭО елдерінің нарығына шығу қаупін тудырады.

Бұл ретте таңбалауға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесі кеңейтілді. Қолданыстағы тізім трикотаж және жасанды жүннен жасалған бұйымдармен, костюмдер және басқа да тауарлармен толықтырылды. Айта кету керек, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз аумақтарында белгілі бір тауарларға таңбалауды енгізудің орындылығын дербес шешеді.

Сонымен қатар қазақстандық тарап «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентке ЕАЭО-ға қатысушы жекелеген елдердің нарығына қазақстандық алкоголь өнімінің жекелеген санаттарын әкелуге кедергі келтірген түзетулер пакетін қолдамады. Талқылау қорытындысы бойынша аталған түзетулерді қабылдауды 2025 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыруға келістік, бұл басқа елдерге ЕАЭО бірыңғай стандарттарына көшу үшін өздерінің ұлттық техникалық регламенттерін пысықтауға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, ЕЭК Кеңесінің мүшелері газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру, кедендік әкелу баждарының сомасын алу және аудару мәселелері бойынша пікір алмасып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітті.