Гүл саудасы қызған шақ

Гүл саудасы қызған шақ

Гүл саудасы қызған шақ
ашық дереккөзі
Қыстың соңы мен көктемнің алғашқы айларында елімізде гүл саудасы ерекше күш алады. Себебі осы мерзімде ерекше мереке-мейрамдар басталады. Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту, 8 наурыз – халықаралық аналар мен қыздар мерекесі, 22 наурыз – қазақша жыл басы.  Осы мерекелерге орай елімізде гүл импорты жылдың басқа мезгілдерімен салыстырғанда екі-үш есеге артады. Қызғалдақ, латынша Tulipa – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездеседі. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі (Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Қызғалдақ – пиязшықтардың ішіндегі табиғатта да кең таралған, көгалдандыруда да жиі пайдаланылатын өсімдік. Ерекше әсем көркімен дараланатын гүл болғандықтан, оны білмейтін адам кемде-кем. Қазақстан табиғатында қызғалдақтың 35 түрі бар. Осы себепті де Қазақстан – қызғалдақтың отаны болып саналады. Қазақстан саудасында отандық гүлдердің үлесі 30 пайыз, шетелдік гүлдердің үлесі – 70 пайыз. Былай қарасаң, гүл өсірудің еш қиындығы жоқ, әркімнің-ақ есік алдында жазды күні жайқалып өсіп тұрады. Десек те, гүл саудасына олардың қатысы жоқ, сауда жанып тұр. Қазақстанға жыл сайын 154 миллион доллардың гүлі жеткізіледі. Осындай қомақты қаржыны дөңгелетіп отырған бизнестің қыр-сыры көпшілікке беймәлім. Расында, гүл саудасының сиқыры мен құпиясы бастан асады. Әйтпесе, жергілікті жерде жылыжайда өсіріп, жақын жерден дүкенге қойып, екінің бірі сата бермей ме? Осындай отандық жылыжайлардың бірі Қарағандыда орналасқан. Халықаралық әйелдер күніне орай Қарағандының ірі жылыжай кешенінде 240 мың 750 қызғалдақ өсірілген. «Қызғалдақ – көктемді әрі көктемгі көңіл-күйді білдіретін нәзік әрі әдемі гүлдер. Арнайы 8 наурызға қызғалдақтың 12 сұрыбын отырғыздық», – деді «Green Technology» ЖШС бас агрономы Галина Кизилова.  Нәзік жандылар қауымына триумф-қызғалдақтар, лалатүстес қызғалдақтар, шашақты, жасыл түсті, дарвиндік, гибрид және өзге де қызғалдақ түрлері қуаныш сыйлайтын болады. «Жуашықтарды Голландиядан алдырдық. Және 8 наурыз қарсаңында әсем өсімдіктер гүлдеді. Өткен жылы 220 мың қызғалдақ өсірсек, биыл 240 мың 750 данаға дейін көбейттік», – дейді ол. Қайбір жылы Еуропа түкпіріндегі жанартау оянып, Еуропа көгін көк түтінге бөктірген еді. Осы уақта әлеммен әуе қатынасын үзген Еуропа бірқатар импорттық және экспорттық тауарлардың кешігіп жетуіне куә болды. Көптеген бизнес түрі қарызға батты. Осындай бизнестердің бірі – голландиялық гүл саудасы болатын. Біздіңше Тәңіртаудың қызғалдағы, әлем тіліндегі «тюльпандар» солып, қай мемлекетте болмасын, гүл бағасын едәуір қымбаттатқан болатын. Осы оқиғадан кейін де бірнеше жыл өтті. Гүл тасымалы тоқтаған жоқ. Оның ішінде гүлді ең көп ұстайтын қалалар – Алматы мен Астана. Бұған кейінгі жылдары Ақтау, Атырау қалалары ілессе керек. Негізінен импорттық гүлдер Эквадор, Нидерландтар, Колумбия, Бельгия, Ресей, Қытай және Өзбекстаннан әкелінеді. Оның үстіне қазір кәсіпкерлер Түркия, Италия, Ресей, Қытай, Израиль мен Колумбиядан жеткізуге тырысады. Бірақ Голландия гүлдеріне деген сұраныс азайған емес. Айта кету керек, Голландия аукционында Еуропа, Африка және Латын Америкасы елдерінде өсірілген гүлдер де сатылады. Қазақстан қай елдерден гүл сатып алады? Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2016 жылғы импорт құрылымына қарайтын болсақ, Нидерланд пен Колумбия гүлдерінің үлесі басым. Эквадордан келетін гүлдердің көлемі күрт төмендеген. Егер 2015 жылы Қазақстан 924 мың долларға 132 тонна гүл жеткізген болса, 2016 жылы 348,9 мың долларға небәрі 36 тонна сатып алған. Көріп отырғанымыздай, жеткізу көлемі 4 есеге, ақшалай тұрғыда 3 есеге дейін азайған.

Мамыргүл Голландиядан  келеді

 Нарықта Голландиядан келген гүлдердің басым бөлігін раушангүл иеленеді деп есептеледі. Бірақ бұл жерде көпшілік қателеседі. Мамыргүл – Голландиядан Қазақстанға келетін гүлдердің көшін бастап отыр. Тек 2015 жылдың өзінде Қазақстанға 3,4 млн долларға 549,4 тонна мамыргүл әкелінген. Ал раушангүлдің небәрі 863,9 мың долларға 57,6 тоннасы келген. 2016 жылы 3,8 миллион долларға 652 тонна мамыргүл, 237,6 мың долларға 42,8 тонна раушангүл сатып алынған. 2016 жылы раушангүлдер негізінен Түркиядан жеткізілгендіктен, оның көлемі біраз төмендегені байқалып отыр. Былтыр Түркиядан 193,7 мың долларға 50,2 тонна раушангүл әкелінген. Өзбекстаннан 145,6 мың долларға 57 тонна жеткізіліпті. 2015 жылы көрші елден 603,4 мың долларға 123,7 тонна раушангүл импортталған. Отандық жылыжай иелерінің отандық бизнесті реттеуге әлі де қауқары жоқ. Себебі олар тапсырыс пен ұсынысты игеруде қиындыққа тап болады. Жылыжай өнімі дайын болғанда отандық сатып алушылардың қолында гүлдері артығымен болады да, бас тартады. Гүл бүгін-ертеңге қарамайды, солып қалады. Сондықтан өндірушілер гүлдерді Ресейге жөнелтіп жібереді екен. Осылайша отандық нарыққа шетелден гүл жеткізілсе, отандық өндірушілердің гүлі алыс-жақын шетелге тасымалданады.