Наурыз күні Росариодағы Қазақстан аллеясында бауырсақ таратамыз – Ирина Вагнер

«Сен Қазақстанның қызғалдақтар отаны екенін білесің бе?», «Сен Қазақстанның алманың отаны екенін білесің бе?» дегендей танымдық ақпарат таратқымыз келеді. Жалпы, ол этикеткаларда 50 шақты дерек қамтылған. Әрі онда Қазақстанның Туы бейнеленген.

Наурыз күні Росариодағы Қазақстан аллеясында бауырсақ таратамыз – Ирина Вагнер
Сурет – кейіпкердікі
2112

Биыл елімізде Наурыз мерекесі ерекше тойланып жатыр. Осы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Осыған орай еліміздің әр түпкіріндегі көпшілік онкүндікке белсенді атсалысып, ұлтымыздың ұлы мерекесін ұлықтап жүр. Шетелдегі қазақ қауымдастықтары да кенде қалған жоқ. Түрлі чаттарға хабарлама жіберіп, бір-бірін Наурызды бірге тойлауға шақырып жатыр. Осы орайда мереке қарсаңында Аргентина, Чехия және Люксембургтегі қазақ қауымдастықтары өкілдерімен тілдескен едік.

Аргентинадағы Қазақстан мәдени орталығының директоры Ирина Вагнер биыл Наурызды айрықша атап өтетінін айтады.

– Биыл біз Аргентинада наурыз мейрамын 23-інде атап өтпекпіз. Мұн­да түскі астан соң адамдар жиналып, тамақтанып, шүйіркелеседі. Түскі ас пен кешкі астың арасында өтетін бұл дәстүрді испанша merenda деп атайды. Наурыз мерекесіне орай біз де merenda ұйым­дас­тырмақпыз. Осындағы мәдени орталығымызға өзге мәдени қауым­дас­тықтардың өкілдерін шақырып, ұлттық тағамдардан дәм татқызамыз. 

Айта кетерлігі, бізде ұлттық тағам жасауға қажет ингредиенттердің көбін табу қиын. Әсіресе, қазы табу қиынның қиыны. Әйтпесе, етті ең алдымен ұсынар едік. Десе де шама-шарқымыз келгенше түрлі тәтті тағам әзірлейміз. Бауырсақ пісіреміз. Әлбетте, шай береміз. Сондай-ақ онда жиналғандарға Қазақстанда Наурыз мерекесін қалай тойлайтыны туралы видео көрсеткіміз келеді. Содан соң бұл мейрамның маңызы неге зор екенін, елде мұны неге айрықша тойлайтынын түсіндіреміз. Содан соң біз сол күні мынадай бір акция ұйымдастырғалы жатырмыз. Біле білсеңіз, Росарио қаласында Қазақстан аллеясы бар. Біз мұны қайсарлық танытып, шулап жүріп ашқызған едік. «Plaza Republika de Kazajistan» деген жазуы бар тақтайша ілініп тұр. Өзен жағалауында, адам көп қыдыратын аймақта орналасқан бұл аллеяға 23-і күні үлкен үстел қойып, ары-бері өткен адамдарға бауырсақ таратпақпыз. Ерекше атап өтетін жайт, бауырсақ салынған әр қорапқа этикетка жабыстырамыз. Онда Қазақстанның ерекшеліктері туралы «Сен білесің бе?» деп басталатын деректер испан тілінде жазылған.

Мысалы, «Сен Қазақстанның қызғалдақтар отаны екенін білесің бе?», «Сен Қазақстанның алманың отаны екенін білесің бе?» дегендей танымдық ақпарат таратқымыз келеді. Жалпы, ол этикеткаларда 50 шақты дерек қамтылған. Әрі онда Қазақстанның Туы бейнеленген. Біз былтыр да осылай істеген едік. Аргентиналықтарға тек тағам таратып қоймай, тарихи Отанымыз туралы тың деректермен хабардар еткіміз келді. Сосын дәмі тіл үйіретін бауырсақтың дәмін татқан адам міндетті түрде ол этикетканы оқиды. Оны бірден лақтырып тастамайды. Бәлкім, қызығушылық танытып, үйіне барып, ол мәліметтің өтірік-расын тексеріп көрер. Бауырсақ демекші, бауырсақты өзім үйде үнемі әзірлеймін. Себебі менің ұлым бауырсақты айрықша жақсы көреді. Ол осында неміс мектебінде оқиды. Сыныбында 10 қыз, 10 ұл бар. Сол 10 ұлдың бәрінің сүйікті тағамы бауырсақ десем, артық айтпаймын. Сабақ біте сала олардың түгелі дерлік біздің үйге келіп, бауырсақтан дәм татқысы келеді. Ұлыма салсаң, мен оларға күн сайын бауырсақ әзірлеуім керек. Сондықтан бауырсақ әзірлеу – менің сүйікті ісім.

Аллеяда жүргендерге бауырсақ таратып қана қоймаймыз. Одан бөлек, Наурыз туралы бірер сөз айтамыз. Әрі екі қыз көпшілікке ұлттық киімдерімізді таныстырады. Биыл жылдағыдай жақсы атап өтеміз деп сеніп отырмыз. Бірақ мен тойлауды ерте бастап кеттім. Мен – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Өткенде олар мереке қарсаңында құттықтау жолдауымды өтінген еді. Ұлттық киім киіп, қазақ және испан тілдерінде құттықтау жолдадым.

 

Серіктес жаңалықтары