Құмар ойыннан бас тарту қызметі іске қосылды
Соңғы жылдары құмар ойынға бәс тігушілер саны күрт өсті. Деректерге сүйенсек, елімізде 1 млн адам құмар ойынның құрбаны. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында екен.
Құмар ойын – табысты саланың бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр құмар ойындарға және бәс тігуге қатысты шаралар ұйымдастырған компаниялар 368 млрд теңге табыс тапқан. Ресми деректер ойын бизнесі пандемия кезінде жоғары сұранысқа ие болғанын көрсетіп отыр.
Мәселен, 2020 жылы көрсетілген қызмет – 89 млрд теңге, 2021 жылы – 501 млрд теңге, 2022 жылы – 572 млрд теңге болған. Табыстың басым бөлігін Алматы облысындағы компаниялар иеленген.
Елімізде ойын бизнесінің гүлденуіне үлес қосып отырған тәуелділер көп болғанымен тек 36 мыңнан астам адам лудомания дертіне шалдыққан деп көрсетіледі. Елімізде суицид жасаған әрбір бесінші адам – лудоман. Мәселен, 2022 жылы құмар ойын кесірінен 735 адам өзіне қол жұмсаған. Құмар ойын шеңберінен шыға алмағандардың қылмысқа жиі баратыны да жасырын емес. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Оның 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде болған. Лудоманияның үлкен мәселеге айналуына отбасылардың жиі ажырасуы да себеп болып отыр. Ажырасулардың 40 пайызы – құмар ойын құрбандары. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдік пен нашақорлықтан кейін екінші орынға шығып отыр. Ең сорақысы қазақстандықтар соңғы үш жылда құмар ойынға триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Одан бөлек, балалар мен жасөспірімдер де ойын бизнесінің шырмауынан шыға алмай жүр. Алайда ауырдың үсті, жеңілдің астымен ақша тапқысы келетіндер саны азаймай отыр. Бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің болашағына қауіп төндірген жаман әдетке Мемлекет басшысы баса назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырып, салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеген болатын. Жауапты министрліктер лудоманиямен күресте жаңа шаралар қабылдауға уәде берген болатын. Осы аптада Туризм және спорт министрлігі eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы ойынға тәуелділікпен күресудің жаңа цифрлық сервисі іске қосылғанын хабарлады. Жаңа жобаны Туризм және спорт министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп қолға алған.
– Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды, – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Өтініш ЭЦҚ-мен қол қою арқылы онлайн беріледі. Мәселен, азамат өтініш берсе, сервис оны «құмар ойындар және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар» тізіміне енгізеді. 6 айдан 1 жылға дейінгі шектеу мерзімін кері өзгерту мүмкін емес. Алайда шектеу мерзімі аяқталғанға дейін оны қайта ұзартуға өтініш беруге болады.
Бұған дейін мұндай шектеу болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұрын өтінішті қағаз жүзінде жасауға болатын және ол сегіз жұмыс күні ішінде қаралған. Сондай-ақ өтінішті сіз үшін басқа бір адам бере алмайды. Ал қазіргі жаңа ереже бойынша уәкілетті орган «құмар ойыннан шектелген» адамдарды тізімнен сот шешімі негізінде шығарады.
– Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін ашпай-ақ тек ЖСН дерегі бойынша жеке өңделетін болады, – деп толықтырды министрлік. Сонымен қатар тізімге енгізілген адамдар туралы мәлімет құпия сақталады. Оны тек Туризм және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары, лицензияланған ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана көре алады.
Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартумен қатар құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматқа, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін ҚР азаматына немесе резидентіне өз телефонына eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасап алу керек.
Жаңа қызмет құмар ойындарға тәуелділікпен күресуді жеңілдетеді дейді мамандар. Бұрын бұл процесс көп уақыт пен күш-жігерді талап ететін. Ал енді цифрландырудың арқасында сервис қолжетімді әрі жылдам іске аспақ. Өзін ойыннан шектеген құмарпаздардың да ендігі жерде тұрмыс жағдайы түзеліп, тәуелділіктен арылатыны қуантады.
Елімізде лудоманиямен күрес бойынша биыл бірқатар жаңа шаралар қабылдану жоспарланып отыр. Құмарпаздыққа шектеу қою туралы заң жобасы қазір Парламентте қаралып жатыр. Заң қабылданған жағдайда биылдан бастап күшіне енеді деп күтілуде.
Бүгінде құмар ойынға құмартқандар мен бәс тігетіндерді құтқарудың бір жолы – оңалту орталықтары. Осыны қаперге алған Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын кешенді әлеуметтік-медициналық оңалту орталықтарының санын көбейтуде. Психолог мамандар ерік-жігері мықты адамдардың дерттен тез айығатынын алға тартады. Алайда лудоманияны емдеу ұзақ уақытты, көп күшті қажет етеді. Ең маңыздысы, науқастың өзін психологиялық ауру екенін мойындауы. Өзінің «дертті» екенін қабылдаған адамда оңалу процесі нәтижелі болады.
Елімізде 10-20 жас аралығындағы балалар компьютерлік ойындарға құмар екен. Ал 25-40 жас аралығындағы ер адамдар букмекерлік кеңселер мен казино сынды құмар ойындарға әуес келеді. Өкініштісі сол, ойынға құмар ер-азаматтардың дені отбасымен ажырасып кетеді.