Көрісу күні туралы жастар не біледі – сауалнама

Бала кезімде мұның мәнін терең түсінбесек те, амал мерекесіндегі барлық жөн-жоралғыларды көріп өстік.

Көрісу күні туралы жастар не біледі – сауалнама
Turkystan.kz
4001

Бүгін қазақстандықтар Наурыз мейрамының басы саналатын Көрісу күнін тойлап жатыр. Бұл күні жұртшылық қыстан аман-есен шыққандарына қуанып, бір-бірімен асыға көріседі. Арадағы өкпе-ренішті ұмытып, сыйластықты нығайта түседі. Жастар үлкендерге арнайы сәлем беріп, ақ дастархан жайылады. Көрісу – тәлім мен тәрбиеге, жақсылық пен жаңаруға толы күн. Ал бұл айтулы мереке туралы жастар не біледі екен? Мереке қарсаңында студенттердің пікірін білген едік.

Назира Алмас:

«Мен Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Осы уақытқа дейін «Көрісу күнін» отбасымызбен ерекше атап өтіп, тойлап көрмеппіз. Студент атанып, Алматыға келген соң, еліміздің батыс өңірінен келген студент достарымыздан естіп білдім. Университетімізде де арнайы іс-шаралар өтіп, ұмыт болып бара жатқан мерекемізді қайта жаңғыртуға, насихаттауға шақыратын. Көрісу күні немесе амал мерекесі халқымыздың табиғатты, жаратылысты тануының жақсы бір амалы деп білемін. Тіпті 13-14 наурыз күні жауған қарды амалдың ақша қары деп атайды екен. Бүгін еліміздің біраз аймағында ақша қар жауды. Көшпелі өмір сүрген ата-бабамыз дала заңын жете түсінген, табиғаттың сырын ұққан нағыз ұлы даланың философтары екеніне сөз жоқ».

Жұлдыз Амантай:

«Көрісу мерекесінің бар екенін, тойланатынын жақында ғана білдім. Бұл мереке тек батыс өңірлерінде ерекше тойланады екен. Ал біздің солтүстік өңірде мүлде тойланбаған. Бұған дейін тек атауын естідім. Негізі бұл күнді жалпы ортақ мереке ретінде қарастырып, күнтізбеге енгізсе жақсы болар еді деп ойлаймын. Соның арқасында ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, халықтың салт-дәстүрге деген құрметі арта түсері анық».

Айсер Ерболатұлы:

«Көрісу – қазақтың ең құнды салттарының бірі. Көптен көрмеген ағайын-туыспен аман-есен көрісуді халқымыз  үлкен қуаныш санайды. Бұл жерде туысаралық қатынастың қаншалықты терең бойлағанын байқай аламыз. Кезінде қыс бойы қыстақтан шықпай, ағайыннан жырақ қалған жұрт, көктемде көріскенін тойласа, бүгінгі күні бұл мейрам формальді кейіпке енген. Бірақ ренжіскен немесе араларына сыза түскен бауырластармен қайтадан бас қосуына бұл күн таптырмас мүмкіндігі деп ойлаймын».

Гүлбану Саятқызы:

«Көрісу күнін біздің батыс өңірлері ерекше тойлайды. Кішкентай кезімізде ата-анам 14-наурыз күні үйден  ерте шығып, туыс-туғандарды, көршілерді аралап кететін еді. Дастархан да жайылады. Бұл күні қонақтарды «үйге келіңдер» деп арнайы шақырмайды. Келем деушілерге  әрине, қазақтың әрбір үйінің есігі ашық. Сонымен қатар бұл кезде барлығы сәнді киімдерін киіп, үйлерді аралап, азын-аулақ дәм алып кетеді. Бұрынғы өкпе-реніштерін ұмытып, көтеріңкі көңіл-күймен жүреді. Егер туысқандарға мерекемен құттықтап, көрісіп шықпасаң реніштерін білдіреді. Және бұл орынды саналады. Бала кезімде мұның мәнін терең түсінбесек те, амал мерекесіндегі барлық жөн-жоралғыларды көріп өстік. Өсе келе енді-енді түсініп, қандай керемет күн деп сүйсіне қараймын. Жырақта оқуда жүрсек те, бұл күнді елеусіз қалдырмауға тырысамыз. Достарымызды «Бір жасыңмен» деп құттықтауды әдетке айналдырдық. Ұлыстың ұлы күніне дейінгі осындай бір амандықты білісіп, жаңарумен құттықтайтын көрісу күнінің болғанына қатты қуанамын».

Алмагүл Тастанова:

«Солтүстік өңірлерде әсіресе Қызылжар қаласында көрісу күні аталып өтілмейді. Осы жақтың тумасы ретінде айтар болсам, бұл мереке еленіп, тойланбайды. Көрісу күнінің  барын университетке түскенде батыстық достарымнан бір-ақ білдім. Оған дейін естіп-білген емеспін. Білетінім бір-бірін «Бір жасыңмен», «Жыл құтты болсын!» деп құттықтап, көрісіп жатады. Өкпе-реніші болса кешіріп, бір-біріне мейірім-шуағын төгіп, жылы лебіздерін білдіреді. Бұрын бұл күн асыға күткен емеспін. Жалпы білгенімізбен, аса қатты мән-мағынасын түсініп, тойламаймыз. Бұған – амал мерекесінің біздің өңірде кеңінен насихатталмауы, жеткілікті деңгейде түсіндірілмеуі себеп».

Әзірлеген Дариға НЫСАНҚҰЛ 

Серіктес жаңалықтары