Елімізде кеншілер мерекесі кең көлемде атап өтілуде. Әсіресе, басты кәсіби мереке саналатын Қарағанды, Ұлытау облыстарында түрлі форматта іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Осы ретте Turkystan.kz сайтының тілшісі Шығыс Жезқазған кеніші, Анненская шахтасына қарасты 84-учаскесінің тау-кен шебері Асылхан Уәлиұлымен аз-кем сөйлескен болатын.
«1992 жылы Сәтпаев қаласында дүниеге келдім. Елден ұзап ешқайда кеткім келмеді. Туып-өскен жерімде еңбек еткім келді. Әкем де, ағаларым да – кенші. Әке жолын қудым. Біздің қалада технологиялық колледж бар. Мектеп кезінен сонда түсемін деп мақсат қойдым. Шахтер болатынымды білдім. Жүрегімнің таңдауы сол болды. Тоғызыншы сыныптан кейін технологиялық колледжге түсіп, тау-кен ісі мамандығын үздік бітірдім. Оқу орны мен «Қазақмыс» корпорациясының арасында келісім бар. Сол келісім бойынша оқу бітірген жастарды шахталарға жұмысқа тұрғызады. Мені Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасының 14-учаскесіне жіберді. Еңбек жолын бірден тау-кен шебері болып бастадым. Одан кейін 51-учаскеге ауыстым. Тау-кен шеберінен учаске басшысының орынбасары, учаске басшысына дейін көтерілдім. Ол учаскенің жабылуына байланысты қазір еңбек етіп жатқан 84-учаскеге келдім. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болып қалды», – дейді ол.
Кейіпкеріміз еңбек ететін учаске – руда өндіретін негізгі учаске. Қалған учаскелер қосалқы, көмекші учаскелер саналады екен.
«Үш күн істеп, екі күн демаламыз. Күндізгі ауысым түскі сағат екіде басталып, кешкі онда аяқталады. Түскі сағат бірде келіп, наряд аламыз. Екіде шахтаға түсеміз. Түнгі ауысымдағылар түнгі он бірде шахтаға түсіп, таңғы жетіде шығады. Ал таңғы ауысым шахтаны дайындау, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Біз – технологиялық ауысым саналамыз. Өндіріспен айналысатын негізгі учаске – біздікі. Бізде руда өндіру, бұрғылау, жару, тиеу, тасымалдау сынды барлық процесс жүргізіледі. Ең алдымен кенжарда бұрғылау, бекіту жұмыстары орындалады. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін, төбемізден тас құлап кетпес үшін төбені болтпен бекітіп аламыз. Одан кейін бұрғылап, теспе жасап аламыз. Қопарушы мамандар келіп, сол теспелерді жарылғыш заттармен қуаттайды. Содан кейін кенжарды атады. Кенжар жарылып, руда түседі. Ол руданың газы шығып, барлығы тазарғаннан кейін келесі ауысым тиеп, тасымалдайды. Руданың барлығын алып кеткеннен кейін «қауіпсіздендіру» жұмысы жүргізіледі. Ілініп тұрған тастарды ұрып, құлатып, түсіреді. Одан кейін қайтып бекіту, бұрғылау жұмыстары басталады. Сөйтіп процесс айнала береді», – дейді ол.
Тау-кен шеберінің міндеті – жер астындағы жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әлдеқандай жағдай бола қалса тау-кен шебері ретінде бірінші болып жауап береді екен.
«Менің міндетім – жер астындағы барлық жұмысты бақылау. Учаске басшысы жер үстінде наряд берсе, шахтада мен нұсқау беремін. Жұмыста қандай да бір проблема болса кеншілер маған айтады. Шахтаға ауысым сайын 11-12 адам түседі. Солардың қауіпсіздігіне жауаптымын. Ауысым соңында қандай жұмыстар атқарылды, қандай қауіп бар, бәрін баяндап, диспетчерге есеп беремін. Кенжарды ауысым соңында ғана жарамыз. Жарылысқа отыз минут қалғанда барлық жұмыс тоқтатылады. Барлық жұмысшы жер астынан шығады. Тек қопарушы маман ғана қалады. Ол маңайда адам жоқ па, бәрін тексеріп, ешкім жоқ екеніне көзі жеткен кезде ғана кенжарды жарады. Бізде бір ғана кенжар емес, көп. Екі кенжарда бұрғылау, қалған екі кенжарда бекіту, тағы екі кенжарда тиеу жұмыстары жүргізіліп жатады. Әр учаскенің, әр шахтаның жоспары бар. Мысалы біз, 84-учаске күніне 2 мың тонна руда өндіруіміз керек. Ал Анненская шахтасы күніне 4 мың тонна руда өндіруге тиіс. Осылайша, ай сайынғы жоспарды орындаймыз. Бізден шыққан руданы фабрикаға алып кетеді. Фабрикадан мыс зауытына кетеді. Сол жақта біз жіберген руданың құрамын тексереді. Сөйтіп мыс әрі қарай тиесілі жеріне жеткізіледі», – дейді ол.
Әкесі мен інісі
Маманның айтуынша, шахтада жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.
«Учаске басшысы наряд бергенде алкотест өтеміз. Деніңнің саулығына көз жеткізген кезде банка, фонарь, дәрі-дәрмек қобдишасын береді. Өзін-өзі құтқару құралы бар. Шахтада газ тарап, әлдеқандай жағдай бола қалса соны қолдануға рұқсат етеді. Бұл заттар әр жұмысшыға беріледі. Арнайы киім, жилетті жылына бір рет ауыстырамыз. Ал етігің жыртылса алты ай сайын ауыстырып алуға болады. Шахтаның астында қатты суық болмайды. Қысы-жазы бір киіммен жүруге болады. Бірақ бізге қыста қалыңдау киім береді. Шахтада рация, телефон байланысы, радиобайланыс бар. Кенжарларда емес, жақын жерлерде орнатылған. Жыл сайын толық медициналық тексерістен өтеміз. Шахтерларда ең көп кездесетін кәсіби дерт – силикоз. Шаң, газдан өкпе толып қалып, демалу қиындайды. Жүргізушілер белден «кетіп» жатады. Сондай дертке шалдықпас үшін, сауықтыру шаралары жүргізіледі. Ол жағынан жағдай жасалған. Денсаулығыңды қарату үшін белгілі бір сома төленеді. Соған тісіңді, ауырған жеріңді емдетуге болады. Жаңақорғанға, Сарыағашқа санаторияға барып келсең, ақысы толықтай төленеді. Жыл сайын 42, 48, 54 күндік еңбек демалыстары бар. Кенжарда, қауіпті учаскелерде істейтіндерге 54 күн беріледі. Әр жұмыстың қиындығы болады ғой. Бұрғылау кезінде, жарылыс кезінде жұмысшылар зардап шекпесе екен деп уайымдайсың. Бала кезден өзің таңдау жасағаннан кейін жұмысыңды сүйіп істеу керек. Барлық жұмыс жүріп тұрса, кешке ауысымды тапсырар кезде «аман-есен атқардым» деп абыроймен тапсырсаң қуанасың. Жұмыстың қызығы – сол», – дейді ол.