Биыл елімізде төрткүл дүние түгелімен тамсанған тарихи оқиға көп болды. Әсіресе, спорт десе ішер асын жерге қояр жанкүйерлер үшін таңғаларлық нәтиже тіркеліп, тарих жаңарды. Одан бөлек, даңқы дүние жүзіне жайылған әйгілі өнерпаздардың концертін тамашалау үшін әлемнің 45 елінен мыңдаған турист елге ағылып келді.
Бәрінен бұрын 26 жылдан кейін грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтын медальді Қазақстан қоржынына салған Айдос Сұлтанғали ұмытылмас әсер сыйлады. Хорватия астанасы Загреб қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында қызылордалық балуан Айдос Сұлтанғали (60 келі) жеңімпаз атанды. Бұл – ел құрамасы қоржынына 26 жылдан бері түскен алтын медаль. Айдос – грек-рим күресінен XXI ғасырдағы қазақстандық тұңғыш әлем чемпионы. Бұған дейін мұндай атақты қазақ балуандары Юрий Мельниченко (1994, 1997), Мхитар Манукян (1998, 1999) және Бахтияр Байсейітов (1998) жеңіп иеленген болатын.
Мемлекет басшысы 29 жастағы балуанды тарихи жеңісімен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді.
«Айдос Сұлтанғалиды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!», – деп жазды Президент Instagram-дағы ресми парақшасында.
Алматылық «Қайрат» футбол клубының сенсация жасап, УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыққанын әлемдік БАҚ жарыса жазды. Бізге етене таныс, байырғы қарсылас Шотландияның «Селтик» футбол клубымен Глазгодағы алғашқы кездесуде тең түскен олар Алматыда да тең ойнап, ақыры пенальти сериясында «Селтикті» сүріндіріп, тағы да сан соқтырды. Ағылшынның беделді басылымдары «Қазақстандағы «қорқынышты түн», «Алматыдағы трагедия» деп аталатын мақалаларында «Селтиктің» әлсіз ойынын сынап-мінеумен қатар, алматылықтардың да қарымды қарқынын сөз етуде. Қазақстан футболының жылнамасын жаңартып, кезекті сенсация тіркеген алматылықтар үшін бұл – тарихи жайт. 70 жылдан астам тарихы бар «Қайрат» осылайша өз тарихында бірінші рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Осылайша оңтүстік астанадағы «Орталық стадионға» әлемге даңқы жайылған гранд клубтар ат басын бұратынын атойлап жеткізген жанкүйерлердің қуанышында шек болмады.
Монакода өткен турнирдің негізгі кезеңіне жеребе тарту рәсімінің қорытындысы бойынша «Қайрат» ойыншылары Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз алаңында «Реал Мадрид» (Испания), «Олимпиакос» (Грекия), «Брюгге» (Бельгия), «Пафос» (Кипр) командаларымен шеберлік сынасатын болды. Ал сырт алаңда «Спортинг» (Португалия), «Арсенал» (Ұлыбритания), «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен өзара кім мықтыны анықтайды.
The Sweeper аккаунты «Қайрат» ойыншылары Милан, Лондон, Лиссабон мен Копенгагенде өтетін ойындарға жалпы ұзындығы 44 982 километр жол жүретінін естептеп шығарды. Экватор ұзындығының 40 075 км екенін ескерсек, алматылықтар жер жүзін айналып шықпақ. Бұған дейін ешбір команда мұндай ұзақ сапарға шықпаған. Алматы мен Лиссабонның арақашықтығы – 7 000 шақырым (тек бір жағы ғана). Алматылықтар 12 сағатын ұшақта өткізіп, Португалия астанасына жетті. Осылайша, «Қайрат» Чемпиондар лигасы тарихындағы клубтар жасаған ең ұзақ сапарды еңсерді. Еуропаға жорығын Лиссабоннан бастаған алматылықтар тарихи кезеңдегі алғашқы кездесуінде 4:1 есебімен жеңілді.
Клуб тарихындағы ең жарқын сәтті бастан өткізіп жатқан алматылықтар өз алаңында ең беделді қарсылас «Реал-Мадрид» клубына қарсы ойнады. Чемпиондар лигасының кубогын 15 рет иеленген, бұдан бөлек Испания чемпионатын 36 рет жеңіп алған, «Қайрат» футболшыларынан шамамен 110 есе қымбат ойыншылары, бүгінде күллі әлем балалары еліктейтін Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Жуд Беллингем бастаған негізгі құрамын алаңға шығарды. «Қайраттықтар» әлемнің үздік үштігіне кіретін алып клуб ойыншыларына Алматы алаңында 0:5 есебімен жол берді.
Көпшілік асыға күткен кездесуде көруге Алматыға әлемнің түпкір-түпкірінен 5 мыңнан астам шетелдік турист келген. «Kazakh Tourism» мәліметінше, eQonaq жүйесінде 28-30 қыркүйек аралығында 5 221 турист келгені тіркелген. Елдер топ тізімін Қытай бастаған - 1411 адам. Кейін Ресей (969), Үндістан (365), Оңтүстік Корея (249) және Өзбекстан (246). Орта есеппен алғанда олар қала экономикасына шамамен $7,8 млн алып келді.
Кездесу соңында сұхбат берген «Реал Мадрид» клубның бас бапкері Хаби Алонсо Алматының әсемдігіне таңғалысын жасырмады.
«Алматыда керемет таулар бар. Осында көп уақыт өткізгім келеді. Атмосфера ерекше болды. «Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауға әбден лайық. Бұл Қазақстан халқы үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. «Қайратқа» сәттілік және бар жақсылықты тілеймін!», – деді Хаби Алонсо.
«Реал Мадрид» клубына қарсы ойыннан соң УЕФА Чемпиондар лигасы ресми сайтында екінші турдың қорытындысын шығарып, ең жарқын сейвтерді атады. Үздік төрттікке алматылық клубтың қақпасын қорғаған Шерхан Қалмырза да енді.
Турнирдің ресми аккаунтында жарияланған эпизодта 18 жастағы қақпашы мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппенің соққысын тоқтатқан сәті жарияланған. Үздік сейвтер қатарына сондай-ақ мыналар кірді: Угурджан Чакыр («Галатасарай» – «Ливерпуль»), Роберт Санчес («Челси» – «Бенфика») және Витезслав Ярош («Марсель» – «Аякс»).
Шерхан Қалмұрза – клубтың үшінші қақпашысы. Ол Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков жарақат алғаннан кейін мүмкіндік алған. Биылғы маусым жас ойыншы үшін дебюттік болып отыр: «Спортингке» қарсы ойында ол пенальтиді қайтарып, Чемпиондар лигасындағы ең жас қақпашы ретінде тарихқа енді.
Алматыдағы ойыннан кейін «Реал Мадридтің» әйгілі қақпашысы Тибо Куртуа мен 18 жастағы Шерхан жейделерімен алмасты. Куртуа кейінірек әлеуметтік желіде фото жариялап, жас әріптесіне құрметін білдірді.
Одан бірнеше апта бұрын әйгілі Associated Press агенттігі «Қайрат» футбол клубының Шерхан Қалмырза туралы мақала жариялады. Жас футболшы лиссабондық «Спортингке» қарсы өткен кездесуде Чемпиондар лигасы тарихында пенальти қайтарған ең жас қақпашы атанған болатын.
«Қазақстандық «Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында пенальтиді қайтарып, турнир тарихында осындай нәтижеге жеткен ең жас ойыншы болды. Бейсенбі күні өткен матчта «Қайрат» Лиссабонның «Спортингіне» 1:4 есебімен жол берді. Дегенмен Қалмұрза бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, көзге түсті, – деп жазды агенттік.
Агенттік келтірген UEFA дерегінше, 18 жас 96 күндегі қақпашы турнир тарихындағы үшінші ең жас голкипер саналады. Сонымен қатар, ол 2017 жылы 18 жас 65 күнінде «Бенфиканың» қақпасында ойнаған Миле Свилардан кейінгі пенальти қайтарған екінші ең жас қақпашы атанды. Ол кезде Свилар «Манчестер Юнайтедтің» шабуылшысы Антони Марсьялдың соққысын тоқтатқан еді.
Алматы Қазақстанның ғана емес, күллі Орталық Азияның мәдени орталығына айналып келеді. Өнер мен өркениет тоғысқан әлемдік музыка кеңістігінде атағы жер жерған, әйгілі Дженифер Лопес алғаш рет Астана мен Алматы қалаларында концерт берді.
«Астана-Арена» стадионында өткен алғашқы концертке 12 мың шетелдік қонақ келген. Астананың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың мәліметінше, Дженнифер Лопестің концерті елорда экономикасына үлкен пайда әкелген. Ұйымдастырушылардан 600-800 млн теңге салық түскен. Алдын ала есеп бойынша, концерттен 4 млрд теңгеден астам пайда түскен.
Ал Дженнифер Лопестің Алматыдағы Орталық стадионда өткен концертіне 27 мың адам жиналды. Оның ішінде 35 елден келген 7 мың шетелдік болған. Алматы әкімдігінің мәліметінше, концерттен түскен табыс 10 млрд теңгеден асып, 600 млн теңге салық төленген.
Ал әлемдік музыкалық тарихтағы ең табысты поп-топтардың бірі саналатын Backstreet Boys бойз-бэнд Backstreet Boys тобының 21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өткен концертіне де туристер ағылып келген. Елордаға Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдерді қоса алғанда, 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам турист арнайы келген.
Әйгілі топтың Алматыдағы Орталық стадионда өткен концертіне де 27 мың адам жиналған. Соның 4 мыңы – шетелден келген туристер.
Imanbek лақап атымен танылған отандық музыкант әрі диджей Иманбек Зейкенов тағы да «Грэмми» сыйлығына үміткер атанды.
Павлодарлық музыканттың «Ella Quiere Techno» атты трегі аргентиналық әнші Taichu-мен бірге жазылып, «Best Latin Electronic Music Performance» («Латын электронды музыкасының үздік орындалуы») санатында ұсынылды.
«Latin GRAMMY номинацияларын жариялау – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл әртістердің, продюсерлердің, авторлар мен инженерлердің еңбегін мойындау», – деп мәлімдеді Академия.
Марапаттау рәсімі 13 қарашада Лас-Вегастағы MGM Grand Garden Arena-да өтеді. Биылғы шарада алғаш рет «Best Music For Visual Media» және «Best Roots Song» сияқты жаңа санаттар қосылады.
Айта кетейік, Иманбек 2021 жылы америкалық рэпер SAINt JHN-ның «Roses» трегіне жасаған ремиксі үшін негізгі GRAMMY сыйлығын жеңіп алып, Қазақстаннан шыққан алғашқы лауреат атанған еді.
Димаш Құдайбергеннің әлем мәдениетінің жүрегі саналатын Нью-Йорктегі жеке концерті өткеніне үш күн өтсе де, Америка жұртшылығы әлеуметтік желілерде әлі де таңғалысын жасыра алмай, түрлі видео жүктеп жатыр. Америка Құрама Штаттарының нөмірі бірінші спорт кешені әрі Нью-Йорктің символы саналатын Madison Square Garden-де жеке концертін берген Димаш алғаш рет Мемлекеттік әнұранымызды шырқап, залға лықа толған 20 мың тыңдарманды орнынан тұрғызды.
Madison Square Garden – әлем жұлдыздары үшін арман болған әйгілі арена. 140 жылдан астам тарихы бар бұл стадион АҚШ-тың төртінші президенті Жеймс Мэдисонның құрметіне аталған. Стадион құрылғалы бері үш рет жөндеуден өткен (1890, 1925, 1968 ж.ж). Спорт пен музыканың шыңын бағындырған небір мықтылар MSG сахнасында өнер көрсетуді мәртебе санайды.
«Мен кішкентай кезімнен осында өнер көрсетуді армандадым. Бокс жанкүйері ретінде Madison Square Garden-де өнер көрсеткен Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон мені шабыттандырды. Сондай-ақ аңызға айналған өнерпаздар – Тенор триосы, Майкл Жексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион, Андреа Бочеллилер әнші болуыма септігін тигізді. Кейінгі жылдары өмірімде көп оқиға болып жатыр. Біраз үлкен қойылымдар, бүкіл әлемде үлкен концерттер берілді. Бірақ бұл жолы басқаша тарих жасалмақ, – деді әнші концерт алдында.
Араға 6 жыл салып өткен әншінің жеке концертінде танымал хиттермен қатар, жаңа әндер де шырқалды. Димаш Қазақстанның мемлекеттік Әнұранын орындады. Сонымен қатар, қазақтың қара домбырасын да ұмытпады. Ал Stranger атты ән қобыз бен виолончельдің әуенімен сүйемелденді.
Осылайша, Димаш Құдайбергеннің Америкада басталған әлемдік туры Мехикода жалғасын тауып, алда Барселона, Лондон және Берлин қалаларында ұйымдастырылмақ.