Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Нұрқаділовтің соңғы айтқан сөзін еске алды

Сондай-ақ ол бейнежазбаларды Қайрат Нұрқаділовтің рұқсатсыз полицияға бергенін айтады.

Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Нұрқаділовтің соңғы айтқан сөзін еске алды
Мақпал Жүнісованың жеке мұрағатынан

Халық әртісі Мақпал Жүнісова Алматыда өткен концертінде күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің қайтыс болған күнді еске алып, тың деректерді мәлім етті.

Өнер иесінің жеке кешінде айтқан видеосын концертке барған көрермен әлеуметтік желіге таратқан.

«Ішімде жатқан нәрсені бүгін шығарып тастайын. Ақыры ашылмады. Күтіп келе жатырмыз. «Біресе анау өлтірді, біресе мынау өлтірді» дейді. Ең соңында «Мақпал өлтірді» деп айтпаса болды. Оны да күтуге болады. Оны да естіп жатырмын, ағайын. Туған балалары «Мақпал өлтіруі мүмкін» деген әңгіме таратып жатқан көрінеді. Төбеде Алла бар ғой. Қолымыз қан болса, бұлай жүрмес едік. Зәкең де «Мақпал, мені үш рет ата сал» дейтін азамат емес қой.

«Сол күні қайда болдыңыз? Қайтыс болған күні қайда болғанын неге айтпайды?» дейді екен. Күйеуім қайтыс болған күні мен үйде болдым. Құрметті, Қайрат Нұрқаділов, сізге халықтың алдында жауап берейін. Бәрі біледі, шопыр да біледі. Мен үйден шыққан жоқпын. Үйде болдым. Зәкеңді екінші үйде атып кетіпті. Шамамен сағат 7:15-те атыпты. Өйткені, 6:40-та ол кісімен сөйлескенмін. «Бұл үйге жолама. Ана үйге қайт, қайт» деп маған балконда айқайлады. Телефонды алмаған еді, балконнан айқайладым. Зәке, неге тұтқаны көтермейсің? Неге есікті ашпайсың деп айқайлап тұрмын. «Мына үйге келуші болма» деп жауап берді. Неге олай айтқанын кеткеннен кейін бір-ақ түсіндім.

Бірақ осыған біраз адамдар басқаша сұқбат беріпті. Ашатын болсаңдар, дұрыстап ашыңдар. Ашпайтын болсаңдар, дұрыс әңгіме айтыңдар. Бұрыс әңгіме таратудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Көршілер де, туыстар да біледі ғой. Сол күнгі түсірілген нәрсенің бәрін менің рұқсатымсыз, Қайраттың өзі полицияға «Алып кетіңіздер» деп нұсқау берді. 16 камераның 14-і болды. Шет жағасын мен де көрдім. Кім кірді, кім шықты бәрі көрініп тұр ғой. Полицияға мені кінәлағанда, өздері көрсетті. Адвокатым екеуміз «Бәрі тұр ғой, әне. Соны таппайсыңдар ма?» дегенде, әлгі жігіт шошып кетті. Түсірілген нәрсені бізге бермеді. Содан бері 17 жыл өтті. Мен «Өлтіріп кетті», деп айқайғанда, бұрынғы әйелі, қызы, баласы неге менімен бірге айқайламады? Өзін өзі атпады деп неге айқайламады? «Өзін өзі атты» деп қол қойып берген солар ғой. Зәкеңнің әруағына тыныштық берсін. Ашатын болса, тыныш ашсын. Ашпайтын болса, үндемесін. Артық айтсам, кешіріңіздер. Бірақ шындығын айттым», - деді Мақпал Жүнісова видеода.