Пандемия шектеулері ішкі туризмнің тынысын ашты

Туристер санының артуы Қа­зақ­станның әлемдік рейтингтегі көр­сеткішіне де әсер етіп отыр. Жаһандық рей­тингте еліміз 2019 жылы 80-орында тұр­са, 2021 жылы 66-орынға жылжыған. Ал 2022 жылы ел көрсеткіші жақсарып, 14-орын­ға көтерілген.

Пандемия шектеулері ішкі туризмнің тынысын ашты
сурет: borovoe.kz
1064

Әлемде туризм саласы пандемия кезінде миллиардтаған шығынға батып, дамуы тежеліп, тіпті тұралап қалды. Алайда бұл дағдарыс Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Пандемия шектеулері халықтың ішкі турларға сұранысын арттыра бастады. Бұл ішкі туризмнің дамуына зор серпін берді. 

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мә­ліметіне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш ор­нады. Ел ішінде 6,9 млн адам саяхат жа­са­ған. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша турис­тер саны одан да асып түсті. Осылайша, ішкі туристер саны 2021 жылмен салыс­тыр­ған­да 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн-ға жетті. Ту­рис­тер санының артуына 2022 жылы кә­сіпкерлерді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларының ен­гізілуі әсер еткені анық. Сондай-ақ 40 млрд теңге сомасында 138 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Ал 2023 жылы 288 миллиардқа 115 инвестициялық жо­ба іске қосылды. Жоба аясында 1,5 мың­нан астам адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылды. Ал былтырғы жыл­дың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 млн адамды құрады. 
Туристер санының артуы Қа­зақ­станның әлемдік рейтингтегі көр­сеткішіне де әсер етіп отыр. Жаһандық рей­тингте еліміз 2019 жылы 80-орында тұр­са, 2021 жылы 66-орынға жылжыған. Ал 2022 жылы ел көрсеткіші жақсарып, 14-орын­ға көтерілген. 
Туризм және спорт министрі Ермек Мар­жықпаев былтырғы 9 айда туризмге жалпы кө­лемі 404,8 млрд теңге көлемінде инвес­ти­ция тартылғанын, инвестициялар бойынша жыл­дық жоспарға қол жеткізу үшін барлық өңір жұмысты жандандырып, іске асырылып жатқан әрбір жобаны жергілікті әкімдер жеке ба­қылауына алуы қажет екенін айтқан бола­тын. Мемлекеттік қолдаудың барлық шара­лары оң нәтижесін берді. Мәселен, 2022 жылы 104,4 млн теңгеге пилоттық қолдау шаралары көр­сетілсе, былтыр жалпы сомасы 600 млн тең­геден астам өтінім мақұлданған. 

– Осы орайда Kids Go Free бағдарламасына ерек­ше тоқталғым келеді. Жоба іске асы­рылған екі жылға жуық уақыт ішінде бағ­дар­ламаның игілігін 1 500 отбасы пайдаланып, 3,2 мың бала ел ішінде тегін саяхаттады. Жыл соңы­на дейін тағы 1 мың баланы қамту жос­парланып отыр. Жобаны мұғалімдердің қа­да­ғалауымен жүретін мектептегі топтық тур­ларға тарату бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Сондай-ақ министрлікпен шаруа және фермер қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қо­нақүй салуға мүмкіндік беру мәселесін де қарас­тырып жатырмыз. Бұл шара ауылдық жер­лерде жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ықпал етеді, – деген болатын министр. 

Kids Go free бағдарламасы бойынша 18 жас­қа толмаған кез келген бала ел ішінде те­гін ұшады. Кәмелетке толмаған балалардың билет құнын 100 пайыз мемлекет өз мойнына алып отыр. 2022 жылы бұл қызмет түрін 
1 500 бала қолданып, 76,2 миллион теңге суб­си­дия төленген. 2023 жылғы 20 қараша­дағы мәлі­ме­тке жүгінсек, 892 ұсыныс қанағат­тан­дырылып, 1 903 бала 85 миллион теңгеге ұш­қан. Бір жылдың ішінде 403 балаға кө­бейіп­ті.
2019 жылдан бастап Туризм және спорт ми­нистрлігі ТОП-10 басым туристік аумақты да­мыту бойынша белсенді жұмыс жүргізген болатын. Кейінгі жылдары ішкі демалысқа сұра­ныстың артуына байланысты әр аймақты қам­ти отырып олардың саны 20-ға дейін то­лықтырылды. Әр өңірде дамытылатын ең перс­­пективалы нүктелер анықталды. Жаңа ті­­зімге Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай, Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы, Ұлы­тау облысы және тағы басқа өңірлер кі­ре­ді.
Қазақстандағы ТОП-20 басым туристік ай­мақ­тың толық тізімі мынадай: Хан Ордасы, Қарғалы су қоймасы, Туристік кешен, Щучье-Бу­рабайдағы «Ақбура» курорт аймағы, Иман­тау-Шалқар курорт аймағы, Баянауыл, Қатон-Қа­рағай курорт аймағы, Алакөл курорт ай­ма­ғы, Түрген-Қаскелең тау кластері, «Көксай resort», Балқаш, Түркістан, Байқоңыр ғарыш ай­лағы, Ұлытау ауылы, Жылы жағажай, Са­рай­шық қалашығы, Шымкент гастро­но­мия­лық туризм орталығы және Туристік аудан (Ас­тана). Осылайша, отандастарымыздың елі­­­міздің көрікті жерлеріне және адам аяғы сирек басатын туристік өңірлерге саяхаттау мүмкіндігі артты. Ішкі туристер ағынының сер­пінді өсуін ескере отырып, министрлік жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп атал­ған туристік бағыттарда инфра­құры­лым­ды дамыту бойынша жол карталарын әзірледі. 
Ішкі туризмді дамыту – мемлекеттік сая­саттың басым бағыттарының бірі. Зерттеулер жал­пы туристік кірістің 70 пайызын ішкі ту­ризм беретінін көрсетіп отыр. Мамандар іш­кі туризмді дамыту үшін еліміздің үшінші жә­не төртінші деңгейдегі қалаларына, ау­дан­дарға және ұлттық табиғи қорықтар мен тари­хи орындарға жеткізетін арзан көлік-та­сымал желісін қамтамасыз етуді ірі мем­лекеттік жобалар арқылы жүргізсе, өңірдің туристік аумақтарына қонақүйлер мен де­малыс кешендерін, туристік глемпинг және ресторан, аттракциондарды кәсіпкерлердің биз­нес жобаларымен іске асыру өте қолайлы дей­ді. 
Қазақстандықтар ішкі туризм аясында бірнеше сегмент бойынша саяхаттағанды қо­лай көреді. Ел туристерінің үлкен сегменті – VFR (visiting friends and relatives – достар мен туысқандарға бару) деп аталады, олар жал­дамалы баспаналарды таңдайды немесе туыс­қандарының үйінде тұрақтайды. Тур­ис­тер­дің келесі тобы сауықтыру және жағажай туризмін таңдайды. Жаз мезгілінде көпшілік Ала­көлге, Балқаш көлдерінің, Каспий теңізі­нің жағалауларына, Бурабай курорттық ай­мағына асығады. Сонымен қатар тағы бір бел­сенді сегмент – тарихи-мәдени және діни ту­ризм. Бұл бағытта Түркістан, Жамбыл, Маң­ғыстау облыстары туристерді көп қабыл­дайды. Әдетте, қазақстандықтар киелі орын­дар­ды, кесенелерді, әулие нысандарды, ұлы тұлғалар өмір сүрген жерлерді, ғибадат­ха­налар мен басқа да тарихи-мәдени мұра ес­керт­кіштерін, сондай-ақ киелі таулар, үңгір­лер, көне қалалар мен басқа да нысандар­ды аралайды. 
Елімізде спортты жақсы көретіндер са­­ны­ның көбеюі де саяхатшылар са­нының артуына ықпал етіп отыр. Түрлі веложарыстар мен марафондарға еліміздің ай­мақтарынан мыңдаған адам жиналып жа­тады. Нәтижесінде, жаяу сапарлар мен аль­пи­ниадалар жақсы дамып келе жатыр. Сонымен қа­тар халық арасында демалыс күндері сая­хаттау да кең таралып келеді. Қала маңындағы тари­хи, көрікті, таулы жерлерді тур арқылы ара­лау Астана, Алматы секілді қалаларда жақ­сы жолға қойылған. Сондай-ақ ұлттық табиғи парк­тер мен ерекше қорғалатын аумақтарға баратын туристер саны да өсіп келеді. 

– Елдегі әрбір төртінші туристің ұлттық парк­терге барғаны қуантады. Өздеріңіз біле­сіздер, республикамызда 14 ұлттық парк тір­келген, онда орман, мұздықтар, көл мен құм секілді планетаның барлық экожүйесі бар. 2022 жылы ұлттық парктерге 2 млн ту­рист барған, бұл – абсолюттік рекорд, – деген бо­латын былтыр Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Соңғы жылдары туристік агенттіктер ұлт­тық бағыттағы турпакеттерді ұсы­на бастады. Кең-байтақ жеріміздің көрікті жер­лерін көрсетіп қана қоймай, салт-дәстүрі­­мізді жаңғыртып, қазақы үйлермен глемпинг жасап, табиғат аясында ас әзірлеп, көшпен­ділер­дің тұрмыс-тіршілігін насихаттап турпакеттер сұранысқа ие бола бастады. 
2022 жылы еліміздің 8 өңірінде (Алма­ты, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Пав­лодар, Түркістан облыстары және Ал­маты, Шымкент қалалары) 28 глэм­пинг кешені ашылған. Мұндай кешендер ал­дағы жылдары «Алтын емел» ұлттық пар­кінде, Қарқаралы ауданында пайда бо­лады. Сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында осындай нысан­дар­дың құрылысы жоспарланып отыр. 
Туризм саласының еліміздің әлеумет­тік-экономикалық жағдайына тигізер пайдасы көп. Туристік нысандардың көптеп ашылуы ең ал­дымен халықты жұмыспен қам­туды қам­тамасыз етеді. Еліміз бойынша бүгін­де рес­ми түрде 520 000 адам осы саладан нан тауып отыр. Алайда туризм саласында жұмыс іс­теп жүргендер бұдан әлдеқайда көп. Қолма-қол айлық алатындардың қатарында мау­сым­дық қызметтегі даяшылар, менеджерлер де бар. 
Соңғы жылдары туризм саласында қыз­мет көрсететін шағын және орта биз­нес өкіл­­дерінің де саны артып отыр. Бұған туризм са­ла­сын мемлекеттік қолдау бағдар­ла­ма­лары­ның әсер еткенін айтпасқа болмас. Мемлекет жол бойында орналасқан бизнес нысандары құрылысының шығынын өтеуге қол ұшын созып отыр. Мәселен, туристік кә­сіп бастасаңыз, оның құрылысына және орын­­далуына кеткен шығынның 10 пайызын мемлекет өтеп береді. Биыл жергілікті билік 11 өтінімді қабылдап, 181,6 миллион теңге қар­жыны кәсіпкерлерге қайтарып берген. Соны­мен қатар саяхаттау мақсатында көлік сатып алатын болсаңыз, мемлекет көлік құны­ның 25 пайызын төлейді. 
Вице-министр Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіру жоспарланып отыр.

А.БИМЕНДИЕВА
 

Серіктес жаңалықтары