Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ға дейін баяулады.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Ұлттық банк. Фото: nationalbank.kz
918

 Ұлттық банктің ақша-кредиттік саясат жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

 

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% дейін 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Қаңтарда жылдық инфляцияның төмендеу үрдісі жалғасын тапты. Инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап келеді. Ал айлық инфляция орташа жылдық мәндерден жоғары қалыптасуда. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап күйде қалыптасып отыр. Бірқатар сауда-серіктес елдерде инфляция біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қысым сәл күшейді. Әлемдік азық-түлік бағасында төмендеу үрдісі жалғасып, сыртқы инфляциялық жағдайға оң әсерін тигізіп отыр. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтана қоймаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр.

Бүгінгі жағдайда ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік едәуір шектеулі. Инфляциялық факторларда қалыптасқан баланс, оның қазіргі (айлық) қарқынының динамикасы және фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлеменің бүгін қалыптасқан деңгейінде сақталу ықтималдығын арттырып отыр. Бұл ретте деректерді жинау, сондай-ақ экономикалық және фискалдық реформалардың іске асырылуын мониторингтеу қажет», - делінген банк хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары