Халықтың қартаю қарқыны деменцияның ауқымын ұлғайтып отыр. Қаттар үлесінің артуы когнитивті бұзылыстардың да таралуын үдетіп, бұл дертті әлеуметтік-медициналық салмағы ауыр басты қатерлердің біріне айналдырды. Соған қарамастан, мемлекеттік деңгейдегі есеп пен шынайы өмірдегі шындықтың арасында үлкен алшақтық бар. Мұндай сәйкессіздіктің негізгі себептері алғашқы диагностиканың нашар дамуынан, білікті гериатрлар мен психоневрологтардың тапшылығынан, сондай-ақ қоғамдағы деменцияны «табиғи қартаю» деп қабылдайтын теріс стереотиптерден бастау алады. Ата-анасының немесе туысының мінез-құлқындағы өзгерістерге немқұрайлы қарау және дер кезінде дәрігерге жүгінбеу салдарынан дерттің алғашқы кезеңдері елеусіз қалып, ресми есепке тек ауыр асқынған шақта бір-ақ ілігеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің есептерінде деменция және Альцгеймер ауруы бар науқастардың ресми тіркелген саны бірнеше мыңнан аспайды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттары мен демографиялық модельдеуге сәйкес, елдегі 65 жастан асқан 1,6 миллионнан астам тұрғынның кемінде 100-120 мыңында когнитивті бұзылыстардың түрлі формалары бар. Мұндай сәйкессіздікке деменцияның әлеуметтік-экономикалық жүктемесін, отбасылардың қаржылық шығындарын және нейродегенеративті аурулардың аймақтарда таралуын бағалайтын ауқымды эпидемиологиялық зерттеулердің атымен жоқтығы себеп болып отыр. Ғылыми жұмыстар негізінен шағын клиникалық іріктеулермен, диссертациялық ізденістермен ғана шектеледі. Оның үстіне, медициналық-әлеуметтік диагностиканың кешігуі салдарынан науқастардың 80 пайызға жуығы дәрігерлік тексеруге аурудың орташа және ауыр кезеңдерінде, яғни мінез-құлқында күтімді талап ететін психотикалық немесе моторлық ауытқулар пайда болғанда бір-ақ жеткізіледі. Ал бұл кезеңде медициналық терапия аурудың алдында «қауқарсыз» болып қалады.
Халықтың қартаю индексінің өсуі – деменцияның таралуын қарқындататын басты драйвер. Мәселен, 60-65 жас аралығындағы кісілерде бұл синдромның таралуы 1,5-2 пайыз шамасында болса, 80-нен асқан топта бұл көрсеткіш 20-30 пайызға, ал 90 жастан асқандар арасында 40-50 пайызға дейін өседі. Заманауи медицинаның жетістігі орташа өмір жасын ұзартқанымен, қарттардың тән саулығы мен сана сергектігін сақтауға жағдай жасалмаса, дертке шалдыққандардың саны геометриялық прогрессиямен өсе береді.
Осының салдарынан мәселе медициналық шеңберден шығып, үлкен әлеуметтік-экономикалық салмаққа айналады. Науқасқа күтім жасайтын отбасы мүшелері күйзеліске, ұйқысыздыққа ұшырап, «екінші реттік пациентке» айналады. Тіпті, тұрақты бақылау қажеттігінен жұмысын тастауға мәжбүр болып, отбасының табысы төмендейді. Еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыстан кетуі, күтуші жалдау, гигиеналық арнайы құралдар сатып алу сияқты жанама шығындар мемлекеттің тікелей медициналық шығындарынан әлдеқайда асып түседі. Ал қоғамда бұл ауру туралы білімнің аздығы дертті «ақылдан адасу» деп қабылдап, ондай қарттары бар отбасылардың оқшаулануына әкеледі.
Қалыптасқан статистикалық дисбаланс мемлекеттік жоспарлау жүйесіне айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Нақты дертке шалдыққандардың шынайы саны көлеңкеде қалатындықтан, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында бюджеттік ресурстарды бөлу, мамандарды даярлау, мамандандырылған күтім орталықтарын ашу және қажетті дәрі-дәрмек қорларын жасақтау ісі бұрмаланған деректерге сүйеніп жүргізіледі. Нәтижесінде, инфрақұрылымдық және қаржылық жоспарлау бұл әлеуметтік дерттің нақты ауқымына сай келмей, науқастар мен олардың отбасыларына түсетін негізгі ауыртпалық мемлекеттік қолдау жүйесінен тысқары қалып қояды.
Бұл қандай дерт?
Деменция – жеке бір ауру емес. Ол – бас миының зақымдануы, созылмалы патологиялар салдарынан жады, ойлау, бағдарлау, сөйлеу мен пайымдау сияқты когнитивті қабілеттердің біртіндеп бұзылуына әкелетін синдром. Дерттің артында нақты биологиялық, генетикалық және васкулярлық себептер тұр. Когнитивті бұзылыстардың дамуына өзара тығыз байланысты бірнеше негізгі фактор әсер етеді. Ең әуелі, биологиялық өзгерістер мен нейродегенерация кезінде мида патологиялық ақуыз жиналып, нейрондар арасындағы байланыс үзіледі. Бұл ми жасушаларының жаппай жойылуына, яғни атрофияға соқтырады. Оған қоса артериялық гипертензия, атеросклероз, жүрек-қан тамырлары аурулары, екінші типті қант диабеті, зат алмасу мен жүйелі қабыну процестері сияқты созылмалы дерттер мидың микроциркуляциясын бұзып, ауру қаупін арттыра түседі.
Жас мөлшері – деменцияның басты қаупі. 65 жастан асқан соң бұл патологияның даму ықтималдығы әр бес жыл сайын екі есеге өсіп отырады. Себебі жас ұлғайған сайын ми тінінің қайта қалпына келу мүмкіндігі төмендеп, созылмалы оксидативті стресс жиналады. Ең қиыны – бұл аурудың тұқым қуалайтыны. Деменцияның көбі кездейсоқ пайда болғанымен, Альцгеймер ауруына шалдығу қаупін арттырады. Мамандар APP, PSEN1, PSEN2 гендік мутацияларымен байланысты сирек формалары аурудың 30-50 жас аралығында ерте басталуына соқтырады дейді. Сонымен бірге өмір салтына қатысты факторларды да ұмытпаған жөн. Аз қозғалу, темекі шегу, ішімдікке әуестік, әлеуметтік оқшаулану, кітап оқу, ойлау мен білімнің аздығы, сондай-ақ бастың ауыр немесе жиі жарақаттануы бұл дерттің дамуын едәуір үдетеді.
– Деменцияның пайда болуына ықпал ететін және бақылауға болатын 14 негізгі фактор бар. Егер созылмалы ауруларды дер кезінде тізгіндеп отырсақ, деменция қаупі 45 пайызға төмендейді.
Аурудың ең алғашқы белгісі – жақын арада болған оқиғаларды есте сақтай алмау. Адамның жады бұзыла бастайды. Ең әуелі бүгінгі, кешегі, осы аптадағы, сосын осы айдағы оқиғалар ұмытылады. Ал 30-40 жыл бұрын болған жайттарды өте жақсы есінде сақтайды. Дәл осы соңғы оқиғалардың ұмытылуы – аурудың негізгі индикаторы. Ұмытшақтықтың салдарынан адамдар заттарын жоғалта бастайды. Оларды әдеттегі орнына емес, басқа жерлерге қойып, кейін таба алмай, үй ішінде ұзақ іздеп жүреді. Ауру асқынған кезеңде «менің затымды біреу ұрлап кетті» дей бастайды.
Дерттің тағы бір ерте байқалатын белгі-сі – адамның, әсіресе, бейтаныс ортада, қайда жүргенін ажырата алмай, адасып қалуы. Мәселен, ата-анаңыз басқа қаладағы туыстарыңызға қонаққа барып, сол жерде адасып қалуы мүмкін. Сөйтіп, кері қайтар жолды таппайды және айналадағы жағдайдың өзгергенін түсінбейді.
Сонымен қатар бір сөзді кайталап айта беру әдеті пайда болады. Бір қойған сұрағын қайта-қайта қойып, бір айтқан әңгімесін қайтадан айта бастайды. Өйткені ол жаңа ғана не сұрағанын, не айтқанын ұмытып қалады. Ауру асқынған сайын мұндай қайталаулар жиілей түседі, бастапқыда күніне 3-5 рет қайталаса, дерт асқынғанда күніне 20, 50, тіпті 100 ретке дейін жеткізуі мүмкін. Сондықтан үлкендердің денсаулығына жіті мән берген жөн. Ауруды неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым дерттің бетін тағы бірнеше жылға шегере аламыз, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, психиатр-психотерапевт дәрігер Жібек Жолдасова.
Деменцияға шалдыққан адамның жақындарына да оңай емес. Науқасқа күтім жасайтын адам күйзеліске түседі, ұйқысы бұзылады, мазасызданады, тіпті депрессияға түсуі мүмкін. Халықаралық тәжірибеде науқасты күтушілердің өзіне депрессияға қарсы ем тағайындау жиі кездеседі. Статистика бойынша, деменциямен ауыратын адамға күтім жасайтындардың шамамен 70 пайызы депрессия немесе күйзеліске ұшырайды, олар кәсіби психологиялық көмекке мұқтаж.
– Мұндай науқаспен қарым-қатынас жасаудың арнайы ережелерін білу маңызды. Науқаспен ешқашан салғыласпаңыз, оған бірдеңе дәлелдеуге, пікірін өзгертуге тырыспаңыз. Кез келген дау, қарсыласу оларда агрессия тудырады. Неғұрлым дәлелдеуге тырысқан сайын, сізді өзінің әлемінде «жер бетіндегі ең жаман адам» ретінде қабылдайтын болады. Негізгі агрессия да, реніш те дәл сізге бағытталады. Сабыр сақтаңыз. Үйдегі атмосфераның жайлы болғаны абзал. Науқасқа жағымды көңіл күй сыйлаңыз. Деменцияға ұшыраған адамдар айналада не болып жатқанын толық түсінбесе де, өзгелердің эмоциясы мен көңіл күйін өзіне көшіріп алады. Бір сұрақты жүз қайталап сұраса да әрқашан ашық, жайдары жауап берсеңіз, жағымды эмоция «аласыз», – деді Жібек Жолдасова.
Ғалымдар қоғамда кең тараған «деменция – алжу, кәрілік» деген түсініктің ешқандай ғылыми негізі жоқ дейді. Ғылыми медицина бұл теріс стереотипті толығымен жоққа шығарады. Ең алдымен, деменция табиғи қартаю процесі емес, ми тіндерінің органикалық, нейродегенеративті немесе тамырдың зақымдануынан туындайтын ауыр патология. Физиологиялық қартаю кезінде мидың жұмыс істеу жылдамдығы сәл баяулауы немесе ақпаратты еске түсіруге сәл көп уақыт кетуі мүмкін, бірақ адам өзінің сыни ойлауын, күнделікті дағдылары мен тұлғалық қасиеттерін толық сақтайды. Ал деменция кезінде керісінше, нейрондар жаппай жойылады. Бұл дерттің кәрілік еместігін оның алдын алуға болатыны айқын дәлелдейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, деменция жағдайларының кемінде 40 пайызының алдын алуға, оның басталуын кейінге қалдыруға болады. Осы ретте қан қысымын бақылау, диабетті емдеу, салауатты өмір салтын ұстану, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, сондай-ақ физикалық және интеллектуалды белсенді болу ең өте маңызды. Оған қоса, бұл аурудың тек қарттарда емес, 30-50 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдарда да кездесуі оның физиологиялық қартаюмен тікелей байланысы жоқтығын көрсетеді. Осылайша, деменцияны «кәріліктің белгісі» деп санау медициналық диагностиканы кешеуілдететін және азаматтарды сапалы емнен айыратын қауіпті әлеуметтік миф. Сондай-ақ «жақын адамын пансионатқа беру ұят» деген стереотип күтім жасаушы туыстардың күйзеліске түсіп, ал науқастың тиісті кәсіби медициналық көмектен мақұрым қалуына әкеледі.
Маманға мұқтаж сала
Алғашқы медицина-санитарлық көмек деңгейінде деменцияны ерте анықтау, неврологиялық және гериатриялық скрининг жүргізу жүйесі елде әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Учаскелік терапевтер мен жалпы тәжірибе дәрігерлері когнитивті бұзылыстың алғашқы белгілерін, яғни есте сақтау мен ойлау қабілетінің нашарлағанын дер кезінде анықтай алмай жатады. Емханаларда арнайы когнитивті тестілер мен скрининг әдістерін стандартты түрде жаппай қолдану тәжірибесі жолға қойылмаған. Дәрігерлер көбіне созылмалы ауруларды емдеумен, ауру белгілерін уақытша басумен шектеледі. Осының кесірінен аурудың белгілері бастапқы кезеңде байқалмай, дұрыс диагноз қою да кешігіп жатады.
Мамандандырылған гериатрлар мен психогериатрлардың тапшылығы да үлкен мәселе болып отыр. Кадрлық резервтің дайындығы қазіргі медициналық сұранысты қанағаттандыра алмайды. Жоғары оқу орындары мен дипломнан кейінгі білім беру жүйесінде мамандар даярлау өте баяу жүреді. Өңірлік емханалар мен ауруханаларда гериатриялық штат жоқтың қасы. Психогериатрия бойынша тар бейінді мамандардың басым бөлігі ірі мегаполистерде ғана шоғырланғандықтан, аймақтағы науқастар сапалы әрі жүйелі диспансерлік бақылаудан қағылып отыр. Оның үстіне кадрлардың біліктілігін арттыру бағдарламаларында деменция мен өзге де нейродегенеративті ауруларды заманауи хаттамамен емдеу тәсілдері әлі де толық қамтылмай келеді.
Деменциясы бар азаматтардың құқықтық субъектілігін сақтау, мүлкі мен азаматтық құқықтарын қорғаудың заңнамалық базасында бірқатар жүйелі олқылықтар бар. Қолданыстағы «Азаматтық кодексте» тұлғаны әрекетке қабілетсіз деп танудың бинарлы тетігі сақталған. Адам не толық әрекетке қабілетті, не толық әрекетке қабілетсіз деп танылады. Мұндай сараланбаған тәсіл когнитивті бұзылыстары бастапқы немесе орташа деңгейдегі науқастардың дербестігін шектеп, оларды өз өміріне қатысты шешім қабылдау құқығынан толық айырады. Ал дамыған елдердің заңнамасында кеңінен қолданылатын «ішінара немесе қолдаулы шешім қабылдау» институты біздің құқықтық қатыстарда әлі орныққан жоқ. Бұдан бөлек, сот-психиатриялық сараптама тағайындау тәртібі мен қамқоршылардың мүліктік әрекеттерін бақылау тетіктері бюрократияланған, ал заңды өкілдер тарапынан болатын қаржылық алаяқтық мәселелері де өзекті болып отыр.
Елімізде деменцияға қарсы стратегияны немесе арнайы жол картасын пәрменді түрде енгізу үшін түбегейлі құқықтық және институционалдық реформалар қажет. Ең алдымен, Азаматтық және Азаматтық процестік кодекстерге сараланған әрекет қабілеттілігі институтын енгізіп, науқастардың азаматтық құқықтарын сақтай отырып, заңды өкілдерінің көмегімен шешім қабылдауына мүмкіндік беретін нормативтік негізді бекіту сұранып тұр. Институционалдық деңгейде Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомствоаралық координациясын жолға қоятын арнайы Ұлттық деменция орталығын немесе координациялық кеңес құру маңызды. Оған қоса, нейродегенеративті аурулары бар жандардың бірыңғай ұлттық регистрін жасақтау, мемлекеттік кепілдендірілген әлеуметтік-медициналық көмек стандарттарын жаңарту және заңды өкілдердің жауапкершілігін реттейтін ашық бақылау тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту деменция мәселелерін шешудің басты діңгегіне айналуға тиіс.