Америкалықтар асырап алған Эштон TÚRKISTAN арқылы туыстарын тапты
Ғасыр басында көп қаракөз сәбидің мұхит асқаны, Еуропаға «жөнелтілгені» белгілі. Олар қазір түп-тамырын білуге ұмтылып жатыр. Өткенде Жәнібек есімді жігіттің Арқалыққа келіп, анасын іздеп, таба алмай кеткенінен республика жұртшылығы хабардар. Ал Эштон-Раиса тапты! Соған себепші болғанымызға біз де қуанамыз. TÚRKISTAN газеті осы бағыттағы мақалалар жазуды жалғастыра береді.
Газетіміздің 9 ақпан күні шыққан №6 (1539) санында «Америкалықтар асырап алған Эштон: Өзімнің кім екенімді танығым келеді» деген тақырыппен сұхбат жарияланған болатын. Журналист Әлия Тілеужанқызы алған бұл сұхбатта АҚШ-тың Виржиния штатында тұратын Эштон Коксон (қазақша аты-жөні – Байдуллаева Раиса) есімді бойжеткен басылым арқылы туған-туыстарын тапқысы келетін ниетін жеткізген еді.
Эштон-Раисаның өмірі шым-шытырық: 11 айлығында Шымкенттегі теміржол возкалынан тауып алған полицейлер алдымен ауруханаға, сосын сәбилер үйіне тапсырған. Сосын 4 жасында оны америкалық әйел асырап алып, мұхит асырып әкеткен. Бізге берген сұхбатында ол туыстарын ғана емес, сондай-ақ өзінің кім екенін танығысы келетінін айтқан болатын. Оған себеп – құжатта оның қазақша аты-жөнін аурухана қызметкерлері қойған деп жазылған. Әрі туған күні деп полицейлер тауып алған күнді жаза салса керек. Сондықтан да оның әу бастағы қазығын табу мұхитқа түсіп кеткен жүзікті іздеумен бірдей көрінген. Бірақ тірі пенденің кеудесіндегі үміт үзілмейді екен ғой: «Өзіме беймәлім бір бөлігім бар секілді көрінеді. Бірдеңе жетіспей тұрады. Биологиялық отбасымды тауып, өзім туралы көп дерек таба аламын деп ойлаймын», – деген еді Эштон бізге берген сұхбатында.
Араға бір апта салып, ақжолтай жаңалық келіп түсті. Қуанышы қойнына сыймаған Эштон «Мен туған-туыстарымды таптым!» деп хабарласты. Біздің газетті оқыған Эштонның Шымкенттегі туыстары оны әлеуметтік желі арқылы тауып алып, тілдессе керек. «Сіз жазған мақала көмектесті! Олар мені сол арқылы тауып алды! Жоғалтқанымды таптым! Өмірімді түбегейлі өзгерттіңіздер! Қазір туыстарыммен етене байланыстамын. Бір апта ішінде ішкі әлемімде төңкеріс жасаған көп дүние болды. Бастысы, іздегенімді таптым. Сіздер – кереметсіздер! Мың алғыс сіздерге!», – дейді Эштон төбесі көкке бір елі жетпей.
Эштонның өтініші бойынша, бұл оқиғаның толық жай-жапсарын әзірге жазбайтын болып келістік. Өйткені талқыға салуға болмайтын, ағайынның өз арасында ғана айтылатын нәзік иірімдер, тиянақтап алуға тиіс жайттар бар. Бір нәрсе анық: Эштонның қазақша ныспы – өз аты-жөні болып шықты. Шымкенттегі бауырлары да өшкені жанып, өлгені тірілгендей күйде, көргенше асық болып отыр екен!
Ғасыр басында көп қаракөз сәбидің мұхит асқаны, Еуропаға «жөнелтілгені» белгілі. Олар қазір түп-тамырын білуге ұмтылып жатыр. Өткенде Жәнібек есімді жігіттің Арқалыққа келіп, анасын іздеп, таба алмай кеткенінен республика жұртшылығы хабардар. Ал Эштон-Раиса тапты! Соған себепші болғанымызға біз де қуанамыз.
TÚRKISTAN газеті осы бағыттағы мақалалар жазуды жалғастыра береді. Қазығын іздеп келер ұл-қызың көп болғай, Қазақ елі!
РЕДАКЦИЯ