Лұқпан Жолдасов «Заман» тобы қалай құрылғанын айтты

Ұлықпан Жолдасов топ жігіттеріне ұсынысты өзі тастаған.

Лұқпан Жолдасов «Заман» тобы қалай құрылғанын айтты
juldyz.kz

Танымал «Заман» тобының құрылуына Ұлықпан Жолдасов себепкер болған. Әнші «1001түн» бағдарламасында Әсет Қарабалин мен Ерген Айтымбетовті қалай дуэт қылғанын айтып берді.

Өнер иесінің айтуынша, топ жігіттеріне ұсынысты өзі тастаған.

«Ұсыныс менен болды. Әсетті әуел бастан танитынмын. Өзі пысық еді. Бүкіл әртістерді танитын. Алматыдан қандай әртіс келсе де, жанында жүретін. Осы бала Қайрат Түнтековке ұқсайды деп жүретінмін. Бір күні әуежайда тұрғанда «Кеттік пе, Алматыға?» дедім Әсетке. Ол «Тойым бар еді» деп қалып қойды», - деді композитор.

Сонымен қатар Ұлықпан Жолдасов Ерген Айтымбетовті қалай тапқанын да айтып берді.

 «Сөйтіп жүргенде ауылдан жігіттер хабарласып, «Мында үш дауыста айтатын Ерген деген жігіт бар» деді. Сонымен Ергенге хабарлассақ, телефон тұтқасын көтермейді. Бір күні Құлсарыға тойға барсам, бір жігіт өлең айтып жатыр. Жақсы айтып жатыр дедік те қойдық. Сыртта тұрсам, әлгі жігіт шықты да «Жоғалтып алған Ерген деген жігіт боламын» деді. Ашуланып, дымын қалдырмай жеті атасынан бері қарай сыбап, кетіп қалдық. 2011 жылды қарсы алатын болып, әкімдіктің ұжымдық кешіне барсам, Ерген музыкант болып жүр екен. Тағы ұрысып кеттім.

Бір кезде Ерген хабарласып, «Аға, қайдасыз? Келейін» дейді. Келмейсің дедім. Сөйтсем, қайта хабарласты. Онда Әсетті әкел дедім. Келгесін жақынырақ танысып, әнін тыңдадық. Сол кезде Әсет те келді. Сосын «Ал балалар, жүріңдер. Кеттік» дедім. Олар түнде барып, үйлерінен жеке куәліктерін әкелді. Ерген таңда барып, заттарын жинап жатса әйелі «Қайда барасың?» депті. Алматыға кетіп бара жатырмын деп, затын әкелді ғой. Солай «Заман» тобы құрылды», - деді Ұлықпан Жолдасов.