Нұрлыхан Шархан Париждегі Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды
Қазақстандық спортшы 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Қазақстандық татами шебері Нұрлыхан Шархан Парижде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысында ел қоржынына қола жүлде сыйлады.
100 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз қола жүлде үшін белдесуде швейцариялық қарсыласы Эйч Даниэльді айқын басмыдылықпен ұтып, жүлделі орынға ие болды. Белдесу барысында жерлесіміздің қарсыласы үш ескерту алып, жеңіс бірден отандасымызға бұйырды.
Нұрлыхан Шархан іріктеу кезеңінде қарсылас шақ келтірмей, өз тобынан үздік шықты. Ол алғашқы айналымда Натаниэль Киваны (АҚШ), одан кейін әлем рейтингінің үшінші орнында тұрған Нидерланды спортшысы Майкл Коррелді ұтты. Ширек финалда Александр Куколды (Сербия) қосымша уақытта вазари ұпайымен ұтып жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы испаниялық Николоз Шеразадишвилимен кездесіп, қарсыласына есе жіберді.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде әлемдік Grand Slam турниріне 110 елден 661 спортшы қатысып жатыр. Қазақстаннан айтулы додаға 14 спортшы аттанған болатын.
Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесі бойынша Grand Slam турнирінің чемпиондары – 1000, күміс жүлдегерлер – 700, үздік үштікке іліккендер 500 рейтингілік ұпайға ие болатынын еске сала кетейік.