Руна жазуы бізді түп тарихымызға жетелейді

Рунаны зерттеудің қазіргі кезде рухани да, саяси да мәні бар. Өткенде Түркі халық­та­­рының саммиті өткенде, Түркияның пре­зи­денті Реджеп Тайып Ердоған түркі халық­та­рының төл жазуы − руна болуы қажет де­ген ұсыныс жасады. Бұл шынын айтқанда, үл­кен жасампаздық, прогрессивтік ой. Егер біз өзіміздің рухани мәдениетімізді қол­дан­басақ, рунаның басқаларға керегі жоқ.

Руна жазуы бізді түп тарихымызға жетелейді
turkystan.kz

Ғұмырын ғылым жолына арнаған адам­ды ғалым дейміз, бірақ бұл атақ не­гізінен ресми түрде іргелі зерттеу жұ­мы­сын жүргізіп, ғылыми еңбек жазғандарға тие­сілі. Алайда «алуан-алуан жүйрік бар, әлі­не қарай шабады» демекші, ғылымда әй­теуір жұрт қатарлы еңбек етіп ғалым ата­нып жүргендер болады және жазған ең­бегінің құндылығымен ғылым көкжие­гін кеңейтіп, тарихи ақиқаттың сырына үңіліп, жұмбағын шешіп шынайы ғалым ретінде танылатындар бар. Бұл орайда, біздің өзгеше мәнді түп мәдениетіміздің ай­ғағындай руна жазуы таңбасынан ұлт­тық болмысымыздың тылсымын танып-білуде үлкен табыстарға жеткен, әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универси­теті­нің оқытушысы, белгілі төрүктанушы ға­лым Аманқос Мектеп-тегінің орны бө­лек.

Біз ғалыммен сұхбатымызда төрүк өр­кениетінің коды секілді руна жа­зуы­ның қазақ ғана емес, төрүк рухания­тын­дағы орны мен оның болашағы жайында әң­­­­гі­ме­ле­сіп, былайғы жұрт біле бермейтін талай тың деректердің мән-жайына қаныққан­дай бол­дық.

Аманқос Құлтанұлы ежелгі төрүк жазуы − рунаның белгілі бір тәртіппен жүйеленген ба­залық «Пішін» кестесінен (таблицасынан) шы­ғатынын түсіндірді. Бұл графикалық таб­лица есте жоқ ескі дәуірде жер бетінің әр түп­кіріне жартасқа, тасқа, үңгірге таң­ба­лан­ған. Бір ғажабы, осы «Пішін» кестесінен руна таң­балары бірінен соң бірі шығатынын және оның идеографиялық мағынасы барын шеш­кен дизайнер, рунатанушы Тайжан Досанов де­ген азамат екен. Ол жігіт өмірден озғанына 10 жылдан асыпты. Қолға ұстап қарағанда әр парақшадағы әріп-таңбалардың расында ғалым айтқан жүйемен жасалғанына көз жет­кізіп, руна жазуының о баста белгілі бір заң­дылықтарға сүйенгеніне сенбеске шараң қал­майды. Пішін сөзі жай ғана ұғым емес, бү­гінгі «жазу» сөзінің бастапқы атауы – п[б]ічік, яғни қатты материалға тас, ағаш, сүйек, тері, металға руна таңбасын пішіп салуды пі­­шік деген. Орыс тіліндегі «пишу» сөзі пі­шіктен алынған.
– Көріп отырсың ба, – дейді ғалым біздің алдымызға руна таңбаларына негіз болған, өзі картоннан ойып жасаған «Пішін» кестесінің моделін ұстап. − Бұл бүгінге дейін айтылмай келген нәрсе. Қазіргі компьютердің мониторынан, ұялы телефонның экранынан көрсетілетін ақпараттар да түрлі сызық­тар­дың бойына орналасқан таңбалармен беріл­мей ме, міне, соның бәрінің ең алғашқы үл­гі­сі мына «Пішін» кестесінде тұр. Яғни, бү­­гін­гі біз ақпарат оқитын заманауи тех­но­ло­гияның атасы осы. 
Әлемге белгілі айқыш   − крест, ашамай таңбалары да ежелгі төрүктерге тән төл таңба, тіпті ол қазақтың орта жүзіндегі ке­рей, кіші жүздегі кете, адай руының таңбасы. Екі сызықтың тік және көлденең қиылысуы нә­тижесінде жасалған айқыш (ашамай таңбасы) тіршілікті, жаратылыстың пайда болуын белгілейді. Қазақта айқыш таңбасын «қосу» деп те атайды, мұның ар жағында «қо­­сылу» ұғымы тұрғанына мән берсек, ата­лық пен аналық ұрықтың қосылуынан адам­ның пайда болатынын түсіну қиынға соқ­пайды. Қазір біз ру деп жүрміз ғой, оның әу бастағы атауы − «ұрық». Бұрынғы кездегі қа­­­зақ­тардың зиратына қойылған құлпы­тас­тардағы жазуларда пәлен тайпаның немесе пәленшенің ұрығы деп жазылған. Оны ұрқы деп те қолданады. Руна таңбалары біздің ою-өрнектерімізде айқын көрінеді. Мәселен, киіз үйдің өзі тұрысымен таңбалардан құрал­­ған. Шаңырақ, төменгі жағы иілген уық­тар, ашамай пішінде құралған кереге − бәрі де руна таңбалары негізінде жасалған. Киіз үйдің ішкі тетіктері басқұр, тұскілем, алашалардағы, ұлттық киімдердегі оюлар да белгілі бір мән бар. Ою деген сөздің аста­рын­да «ой» деген ұғым тұр, ал ою – сол ойды зат­тандыруды білдіретін атаусөз. Руна сөзі­нің мәні «ру іні», яғни, ұрықтың үйі дегенді білдіреді. Сол сияқты айна деген сөздің мағынасы − айдың іні. Айдың сәулесі суға тү­седі ғой, адамдар да өз бейнелерін алғаш рет судан көрген. Сөйтіп, айна атауының жасалуына себеп болған суға түскен ай сәу­лесі. Оның бәрін әу баста біздің бабаларымыз жа­саған. Міне, осындай ой-толғаныстарын жи­нақтап, «Руна жұмбағы» атты ғылыми-та­нымдық еңбек дайын болды.

− Бүгінде елімізде төрүктану ғылы­мында бірегей ғалым ретінде танылған адам­сыз. Бірақ сізді о баста Алаш қай­рат­­керлерінің мұрасын зерттеуші ре­тін­де білетінбіз. Ол бағытта бірнеше кітап шы­ғардыңыз. Ал руна жазуына қы­зы­ғуы­ңыз, оның сырын аш­уға талпы­ны­сыңыз қай кезден бас­тал­ды және оған не себеп болды? 

− Негізі, менің зерттеу объектім Алашорда болды. 1987 жылдың аяғында, Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген кезімде, Ахмет Байтұрсынұлын ақтау туралы әңгіме басталды. 1988 жылы академиктердің комиссиясы құрылды. Оның құрамында 
С.Кеңес­баев, М.Балақаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыз­дықова, Ш.Сарыбаев секілді танымал тілші ғалымдар мен академиядағы тарихшы ға­лымдар болды. Сол кезде Тіл білімі инсти­туты мені екі жыл қатарынан іссапармен Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан қала­ларына жіберіп, қалалардағы архивтердің «арнаулы қорларындағы» (ол КГБ-ның бақы­лауындағы қор) тұтқында жатқан кітаптар мен мерзімді басылымдарды мемлекеттің рұқ­сатымен қарауға мүмкіндігім болды. Ол кез КСРО-ның құлайын деп тұрған кезі, дүкендердің сөрелері босап қалған шақ, киім-тамақтың бәрі дефицит болып жатқан. Сонда мен Алматыдан кетпес бұрын көпті көрген ағаларым: «қазір дүниенің бәрі қат болып тұрған кез ғой, қайда барсаң да аузын ашып отырғандар табылады, сондайда кіш­кене сыйлықтың өзі көп нәрсені шешіп, ісің оңға басады. Сондықтан ол жаққа құр барма» деп кеңес берді. Мен сол кезде өнімдері елімізден тысқары жерлерде де жақсы баға­ланатын «Рахат» кондитерлік фабрикасының конфеттерін бір чемодан қылып алып кеттім және бір қалтадай Алматының апорты бар. Үлкендер біліп айтқан екен, сол алып барған апорт пен шоколадтың арқасында «орын жоқ» деп тұрған қонақүйден орын табылды, талай архивтың арнаулы қорларына да іркінішсіз өттім. Онда біздің тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты небір құнды ма­териалдар жатыр ғой. Мәселен, Мәскеудегі В.Ленин атындағы кітапхананың «арнаулы қорында» «Қазақ» газетінің тігіндісін алдыма әкеп қойғандағы сезімді тілмен жеткізіп айта алмаймын. Ахаңдар шығарған газеттен баспахана бояуының иісі аңқып тұрды. Кейін сол архивтік материалдардың негі­зінде 2015 жылы Халел Досмұхамедұлының публицистикалық мұрасына «Көсемсөздің көсемі» атты 25,5 баспа табақтық зерттеуім жарық көрді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһан­шаһ Дос­мұхамедұлы, Халел Досмұха­медұлы, Мұ­­ха­­меджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шо­қайұлының қоғамдық-саяси, мәдени-рухани қызметі хақында «Жеті көсем» атты ғылыми-танымдық 42 баспа табақ кітабым жарық көр­ді. Бұлардың бәрі басқа еңбектерін былай қой­ғанда ХХ ғасырдың басында қазақ бас­па­сөзіне көп еңбек сіңірген ұлы тұлғалар ғой.
Ал енді көне төрүк жазуын зерттеуге қа­лай келгенімді айтайын. Академияда жүр­генімде руна жазуын зерттеуге себепші бол­ған кісі − филология ғылымдарының док­то­ры, қазақтың ірі ғалымдарының бірі Ғұбай­дол­ла Айдаров. Ол елімізде төрүк жазуын зерт­теуге мол үлес қосқан бірегей ғалым. Бір­ақ Ғұбайдолла Айдаровқа тас бітіктің Моңғолияда сақталған түпнұсқасын көруге тағ­дыр жазбады. Өйткені кеңес дәуірінде шет­ел саналған Моңғолияға баруға рұқсат жоқ еді. Содан соң ол амалсыздан төрколог С.Ма­лов еңбегіндегі руна ескерткіштерінің мә­ті­ніне қарап зерттеу жүргізген. Сондықтан С.Маловтың кітабында кеткен кейбір олқы­лық­тар ол кісінің кітабында да қайталанды. Ол үшін әрине, Ғұбайдолла Айдаровты кінә­лау орынсыз. Дегенмен Ғұбайдолла аға ес­керт­кіштердегі руна жазуының фонетика, лек­сика, морфологиясына байланысты ке­ре­мет еңбектер жазды. Олар кейінгі зерт­теушілерге үлкен ой салатын зерттеулер бол­ды. Одан соң Тайжан Досанов деген су­рет­ші-дизайнер жігіттің еңбегімен танысуым ма­ған ерекше әсер етті. Оның еңбегі шын мә­нінде сенсация еді. Онымен кездейсоқ кез­­­­десіп қалдым. Ғалымдар үйінде бір кісіні еске алуға байланысты ас берілген, барған­дар­дың саны 20-30-дай ғана. Сонда ол бір кіш­кене жұп-жұқа кітапша таратып отырды. Сұра­сам, кітабын бере қоймады. Әйтеуір, өті­ніп әрең алдым. Содан астан шық­қан соң үйге барар жолда әлгі шағын кітап­шаны парақтап қарадым. Орыс тілінде жазылған. Әр бетін ашқан сайын ол кітап ма­ған тоқ соққандай әсер етті. Менің түй­сі­гім­дегі бір нәрсені оятатындай. Кітапта жа­зыл­ғандардан бірдеңе түсінгендей болам, бір ашып, бір жаба берем, қайта-қайта наза­рым­ды аудара береді. Ана жігітпен тілдескім кел­ді. Сосын аста бірге болған белгілі шоқан­тану­шы ғалым Самат Өтениязовқа хабар­ла­сып: «бағанағы жігітті білесің бе, телефонын тауып берші» деп едім, ол маған телефонын жі­берді. Содан Тайжан екеуміз тапжылмай оты­рып 5 сағат сөйлестік, ол және 4-5 күнге со­зыл­ды. Оның ғылыми ұстанымы дағдылы тө­рүк­тануға мүлдем кереғар, мен үшін оның пі­кірін білу қызық. Сосын бір күні оған әйелі ай­тыпты: «күнде ұзақ сөйлесесіңдер, теле­фон­мен әңгіме бола ма, одан да үйге ша­қыр­саңшы» деп. Сөйтіп, бір күні үйіне шақырды. Со­дан шай ішіп, ет жеп алған соң күндізгі са­ғат 2-ден түнгі сағат 3-ке дейін пікірле­сіп­піз. Сөйтіп, екеуміз дос болып кеттік. Бұған дейін Ғұбайдолла Айдаров ағамыз мені руна тақырыбына қанша үгіттесе де, айналысудан бас тартқан едім. Өйткені руна тақырыбына Тіл білімі инситутында жатырқап қарайтын. Се­бебі ол кезде кеңестік ғылыми методология руна тақырыбын назарға ілмейтін. Сондай жағ­дайдан хабарым болғандықтан мен де оған басымды қатырғым келмей, нәтиже шығатын нәрсемен айналысайын деген есеппен «Айқап» журналының қоғамдық-сая­си лексикасы» тақырыбын таңдадым. Сол үшін төте жазуды үйренуге тура келді. Де­генмен «Айқапты» зерттеу барысында көп­теген мәселе көзімді ашты. Сол арқылы Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы секілді алыптардың аты-жөніне қанықтым. Цензура тыйым салған Алаш зиялыларының мақалаларына қа­тысты «Айқап» журналының сандары кітап­­хана қорларында жоқ болатын. 1985 жылы іссапармен Қазан қаласында болып, «Айқап­тың» біраз нөмірлерін ксерокопияға түсіріп алып келдім. 
Сөйтіп жүргенде Тайжан Досановтың «Пи­­сьмо небесного гости или тайна древ­но­тюркс­кий руники» атты монографиясымен танысу менің руна жазуына деген көзқара­сым­ды түбегейлі өзгертіп жіберді. Содан мен төл­тума руна жазу мәдениетімізбен ауыр­дым. Рунаны түсінем деп, күні-түні оқып, зерт­тедім. Бастапқы кезде қиялға беріліп, түр­лі болжамдар жасап та жүрдім. Көптеген әде­биетті қарадым. Сөздердің этимоло­гия­сына байланысты көп нәрсе таптым. Біздің араб-парсының, орыстың сөзі деп жүргеннің бірсыпырасы төрүктің төл сөзі екеніне көзім жет­ті. Жоғарыда айтқанымдай, ата-бабала­ры­мыз идеяны ұрпағына қалдырып, мәңгі сақ­тау мақсатында әуелі шимайбек ретінде жер­ге түсіріп, өңдеп, сосын табиғи қатты ма­те­риал тастың кедір-бұдыры тегістеліп, жа­зылған бетіне пішіп салудан пішік тер­мині жасалған, ал осы үдерістің толық бітуін «бітік», яғни кітап деп атаған. Рунаның әрбір таңбасына ақпарат таңылған. Біз әріп пен таң­баны бір деп ойлаймыз ғой. Шындығында, әріп шартты белгі ғана. Мектепке барғанда ба­лаларға әріпті жаттатып, әріппен әріпті қосу комбинациялары арқылы сөз құрау, сөй­лем құрауды үйретеді. Ал руна таңбасы та­нысыңызды көргендей оған таңылған ақ­паратты тану машығы миыңызға белгі бе­ріп тұрады. Әлбетте, бұл ойлануға, дана­лық­қа тәрбиелеуге машықтандырады. Руна да бір таңбаның өзі бір мақаланың, кейде бір кітаптың идеясын бере алады. Зерттей ке­ле, рулық таңбалардың табиғаты құпия үс­теген шифр, кодтық жазу екен. Мектеп бағ­дарламасында оқытпаған соң, өзінің төл мә­дениеті руна жазуын ұрпағының жат­сынуы заң­дылық. Бұл жазуды игерген дәуірде бі­з­дің бабаларымыз Еуроазияға ықпалды бол­ды. Ұйқыдағы Еуропаны руна жазуымен ағар­тып оят­қан біздің аталарымыз болған. Ру­хани кө­зін ашқан еуропалықтар кейін на­­мысқа ты­рысып өздерінің латын, грек ал­­фавиттерін тө­рүк рунасын үлгі тұтып жа­сап алды. Сон­дықтан мен рунаны жер бетін­дегі ең алғаш­қы жазу үлгісі деп санай­мын. Махмуд Қашқ­ари­­дың атақты «Диуан лұғат ат-түрік» ең­бе­гінде «көктен түскен кітаптар­дың бірі – біті» деп жа­зылған. Шын мәнінде бірі ғана емес, біре­гейі ғой. Ол – Тәңірдің төрүк ұлысына бер­ген баға жетпес сыйы! Әдет­те, теолог ғалым­дар арасында «Тәңірлік сенім­нің жолбас­шы­сы жоқ», яки сүйенетін кітабы жоқ дегенді мең­зейді. Шындығында, «Пішін» таблицасы, Руна Концепциясы екенін біле бермейді. Қо­ғамдық ғылымдағы, соның ішінде линг­вис­тика саласына қатыс­ты тілдің класси­фи­кациясына, анықтамалар мен тұжырымдар төрүк, яки қазақ тілінің ұлттық мүддесіне қай­шы көптеген кемшілік бар. Мысалы, араб­тың әліпбиі – араб ұлты­ның артикуля­ция­сына, яғни аузынан, кө­мейінен шығатын ды­быстарға үйлестіріл­ген. Армян мен гру­зин­дер де солай. Еврейлер мың жыл бұрынғы төл жазу мәдениетін қал­пына келтіру ар­қы­лы білімді, алдыңғы қа­тар­лы дамыған, озық елге айналды. Өйткені бел­гілі бір ұлт­тың жазуы сол ұлттың таби­ға­тына, пси­хо­логия­сына, ойлау қабілетіне не­гізделген. Бағзы төрүк руна жазуы табиғи ны­сандардың тау, су, аспан денелерінің кі­шірейтілген масш­таб­тағы бейнесі мен заң­дылығына негіздел­ген. Төрүк руна жазуының құ­пиясын ашқан, кілтін тапқан − дат ғалы­мы Вильгельм Люд­виг Петер Томсен. Оның руна жазуының құ­­­­пиясын ашуына бір кез­дегі аталарымыздың Еу­ропаға мәдени-ру­хани ықпалының нә­тижесі деп топшылай­мын. Бәлкім, Вильгельм Томсеннің бойында төрүктің қаны болуы да бек мүмкін. 

− Кейінгі жылдары елімізде әліпби ауыс­тыру туралы жер-жерде түрлі тал­қы­лаулар өтті. Сол кезде ғалымдардың көп­шіліктің пікір ұсыныстары туралы ай­та келіп, «кирилл әлипбиі отарлық са­наны еске түсіретінін, латын гра­фи­ка­сына өту арқылы әлемдік білімге жол аша­тынын» айтып жатты. Ал сіз ұсынып жүрген руна жазуы туралы «ол әліпби ел­дің жадынан шығып кеткен, сондық­тан оны қолданудың мүм­кіндігі жоқ» дегендей пі­кірлер айтты. Бұған қа­лай қарайсыз?

−  Араб шапқыншылығына дейін қазақ да­ласы толған тас бітіктер болды. Араб бас­қын­шы­лары біздің жерімізге келгенде дала­ны қанға бояп, білімпаз жандар­дың бәрінің көзін жойып, дала толған тас бітіктерді түгін қал­дырмай қиратты. Өйткені басқыншылар қа­шанда өзі жаулаған елдің санасын өзгер­тіп, тарихи жадын өшіруге әрекет жасайды ғой. Сондықтан араб біздің ға­сырлардан ға­­сырларға жалғасып келе жат­қан төл мә­де­ниетіміздің тірегі − руна жазуы­на тыйым са­лып, біздің бабалармен ара­мыз­дағы тари­хи сабақтастықты үзді. Енді осыны айт­саң, өз ішімізде арабқа шаң жуыт­пай­тындар өре түрегеледі. Бір халықтың төл мә­дениетін тү­гелге жуық жойып жіберу де­ген қай ақи­қатқа салсаң үлкен қиянат емес пе? Оны қалай ақтауға болады? Демек, біздің бүгінгі рухани әлеміміздегі ұстындар өзі­міз­дікі емес, басқаның көшірмесі деуге болады. Төл мә­де­ниетін жоғалтып, өзгенің көлең­ке­сіне ай­налған халықтың рухы – жалған­дық­қа бас иген рух. Әлемдегі ірі ұлттар мен мем­­ле­кеттердің бәрінің де арқасүйер ұсты­ны – төл мәдениеті.
Тас бітікке бәдіздеу қағазға жазғандай бұр­қыратып, артық-ауыс сөзге орын бер­мей­ді, онда ең керекті, ең негізгі деректер мен ақпараттар ғана қамтылады. Өйткені оны тас­қа түсірудің өз технологиясы болған, екін­­­­­­­шіден, шектеулі көлемге мәтінді бәдіздеу жи­нақылықты талап етті. 
Руна жазуынан айрылған соң біздің төл сөз­деріміздің талайы ұмытылды, кейбіреу­лері өзге тілдерден бізге неологизм болып қай­тып келді. Мәселен, таблица деген сөзді алайық, оның түбірі – таба. Табло деген де со­лай. Мұндай сөздер өте көп, соларды тү­гендеу керек. Бір тілдегі сөздер екінші бір тіл­ге көшкенде, сол тілдің заңдылығына ба­­­­ғынып, адам танымастай өзгеріп кетеді. 
Рунаны зерттеудің қазіргі кезде рухани да, саяси да мәні бар. Өткенде Түркі халық­та­­рының саммиті өткенде, Түркияның пре­зи­денті Реджеп Тайып Ердоған түркі халық­та­рының төл жазуы − руна болуы қажет де­ген ұсыныс жасады. Бұл шынын айтқанда, үл­кен жасампаздық, прогрессивтік ой. Егер біз өзіміздің рухани мәдениетімізді қол­дан­басақ, рунаның басқаларға керегі жоқ. Мә­се­лен, Хунгария − мажарлар біз өз мә­де­ние­ті­мізді дамытамыз деп руна жазуын қол­да­нып, пластикалық карталарға, көше аттары мен маңдайшаларға таңбалап, бірте-бірте хал­қының көзін үйретті. Негізінде, рунаның бас­ты мұрагері – қазақтар ғой, өйткені біз тү­­гел төрүктің ата қонысында отырмыз. Күл­­лі төрүкті рухани біріктіретін күш руна­ның маңызы зор. Кеңестік дәуірде төрүктекті ұлыс­тар кирилл әліпбиінде болсақ та, таң­ба­лардың дыбысталуындағы елеулі айыр­ма­шылықтың кесірінен бір-біріміздің баспа өнімдерін оқи алмайтын шерменде күйге тү­с­кен жоқпыз ба? Соның бәрі тегі бір ха­лық­тарды бір-бірінен барынша алшақтату үшін мақсатты түрде жасалған отаршылдық саясат еді, оған енді көзіміз жетіп отыр. Елі­міз­де соңғы жылдары әліпби ауыстыру мә­селесі жиі көтеріліп, латынға көшейік деу­шілердің дауысы басымдау шықты. Мен олар­дың бәріне қарсы тұрып, баспасөзде пікі­рімді білдірдім. Әліпбиді саясаттың қол­жаулығына айналдыру қатерлі. Уни­вер­ситетте латын әліпбиіне қатысты өткен бір жиында ғалыммын деп жүргендердің түгелі латынды қолдады. Мен сонда жоқ, оның орнына руна жазуына көшуге дайындық жа­сау керегін ғылыми уәжбен жеткіздім. Олар жеңетінін біліп тұрды. Сонда ғалым­дар­дың бірі маған: «Саяси шешім шығып қой­ды ғой, біз түбі латынды аламыз» дейді. Мен: «Сонда қалай? Онда латынды талқы­ла­май-ақ қабылдай салмай ма? Ғылым не үшін ке­рек? Болашақта не нәрсенің де пайда-зия­нын зерттеп-тексеру үшін қажет емес пе? Егер тамырымыз терең, жасампаз ұлт еке­ні­мізді дәлелдегіміз келсе − рунаны алуға тиіспіз. Оған бірден көше салмай­ты­ны­мыз түсінікті. Мектепте, колледж, уни­вер­ситетте арнайы пән ретінде оқыту қолға алынуы, ресми мекемелердің, дүкен, әлеу­мет­тік нысандардың маңдайшаларына, ха­лықара­лық көліктердің, мемлекеттік рә­міздерге кирилмен қатар рунамен таң­баланса көз үйреніп, иісі төрүктің қанын­да­ғы ақпаратты оятады. Барлық жерлерде бір­­­­тіндеп пайда­лана бастасақ адамдар үй­ре­не береді. Бізден араб, латын, кирилл әліп­биін енгізгенде рұқсат сұраған жоқ қой. Оған қарсы болған талай зиялы қауым «ха­лық жауы» аталып, қуғын-сүргінге ұшырап, аты­лып кетті. Мә­селен, әлеумет тұтынатын тауарлардың эти­кеткасындағы әліпби кес­кініне қарап, араб, қытай, еврейдікі екенін та­нимыз. Ал төрүктекті мемлекеттер өз өнім­дерін рунамен таңбаласа, төрүк елде­рі­нің өнімі деп қабылдамай ма? Сол арқылы төрүк­тік сана, төрүктік отаншылдық сезім қа­лыптасса, өзге ұлттар да төрүктік ерек­шелікті танитын болады дедім. Демек, руна жазуын тірілту − қазақтың, яки тұтас төрүк­тің бол­мыс-бітімін, рухани әлемін биік­те­тетін қадам бол­мақ. Тамырын тереңге жібер­ген ел әр­дайым түпкі мәдениетін сақтап, әс­петтеп, ай­шықтап, көр­кейеді. Ұлт болмысы − төл ру­хани мә­дение­тіне арқа сүйеп, дара­лығын сақтайтын құ­бы­лыс.

− Сіздің руна жазуы бойынша зерт­теу­леріңіздің түркілер руханияты бола­ша­ғына әсері қандай болмақ? 

− Бұл ғылыми зерттеу жұмыстардың нә­­тижесі болашақта империяның бізге те­лін­ген жалған тұжырымдар мен идеялық ұста­нымдардан, қате пайымдаулардан бас тартып, шынайы тарихи, ғылыми ақиқатқа жетуімізге мүмкіндік береді. Түбі төрүктану ғы­лымына қосылар зор олжа «ат айналып қа­зы­ғын табар» дегендей төл мәдениетімізге ора­лып, ұлттық жазба қолтаңбамызды жал­ғас­тыруға, сөйтіп мыңдаған жылдық адам­зат­тық өркениетке қосқан өз үлесімізді дә­лел­деуге және мыңдаған жылдық үзіліп қал­ған дәстүр сабақтастығымызды жалғауға мүм­кіндік туады. Демек, әлемдік деңгейдегі өр­кениеттер қатарында әдейі бұрмаланып, атал­май келген Төрүк Өркениеті өзіне лайық мәртебелі орнын айқын­дайды. Сөй­тіп, төрүктануға жасалған қы­сас­тық пен те­ріс әрекеттердің және адастыру мақ­­сатын­да жасалған ғылыми әдіс-тәсіл­дердің күл­пар­шасы шығып, табиғи даму жо­лына түседі. Сонда ғана жылдар бойы кө­шірінді, бір орнынан жылжымайтын төрүк­тану ғылы­мының тіршіліктің бел­гі­сіндей ақиқаты ашылады. Саясаттың құлы бол­ған төрүктану ғылымы, жалпы ғылыми ұс­таным еркіндігіне жетіп, ұлттың, мемле­кет­тің болашағына, онан қала берсе адам­зат­тың болашағына қызмет етеді. Төрүк­танудың негізі төл руна графикасы. Руна ал­­­­фавиті – күллі төрүктекті ұлт пен ұлысты бірік­тіретін графикалық тіл. Демек, руна гра­фикасы – күллі төрүк әлемін біртұтас бірік­тірудің рәмізі, рухани жаң­ғыруы. 

− Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ