Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сол өмірді мәнді сүру бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Қысқа өмірде сүрініп кетіп бүлініп жүрген қаншама тағдыр таразыға тартылады. Ең қасіреті сол, адамның өз ақыл-ойы мен күш-қайратын қоры қылып, темір тордың ар жағында мән-мағынасыз өмір сүруі.
Бұл қасіретке әркім әрқалай душар болады. Біреу алды-артында ақыл айтар адамы жоқтығынан, біреу жетімдіктің салдарынан, біреу ата-анасы ішімдікке салынып, тәрбиесінің кемшіндігінен ұшырап жатады. Мұндай себептерді санап айтып тауыса алмаспыз. Басты мәселе темір тордан шыққандардың өмірге қайта бейімделе алу, алмауы.
Қайта әлеуметтену – бұл адамның бұрынғы әлеуметтік нормалар мен құндылықтардан бас тартып, жаңа ережелер мен мінез-құлық үлгілерін меңгеруі. Нәтижесінде, адам жаңа ортада өзін еркін сезініп, қоғамның немесе белгілі бір топтың нормаларына сай өмір сүріп, бұрынғы теріс әрекеттерін түзетіп, өмір салтын өзгертеді. Бұл ретте түзету мекемесінен босап шыққан адамның арнайы мамандардың бейімделу процесі (психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, пробация қызметкерлері) көмегімен жүзеге асады.
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне он жылға жуықтап қалды. Қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру нәтижесінде өмірге келген пробация қызметі бас бостандығынан айырылған, сондай-ақ шартты түрде сотталған адамдарға қатысты кеңінен қолданылады.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ның Алмалы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Жанбота Сайпілмүлік пробация қызметін басқарып отырған қайсар қыздардың бірі. Пробациялық бақылауға алынған сотталған әйелдермен жұмыс істеп отырған маманмен аз-кем тілдесіп, сауалдарымызға жауап алған едік.
– Пробация қызметі осы қызметті ұйымдастыру және пробация қолданылатын адамдардың құқықтық мәртебесін белгілейтін «Пробация туралы» заң және Қылмыстық-атқару кодексі аясында, сонымен қатар Ішкі істер министрлігі бекіткен қағидалар бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ пробациялық бақылауға алынғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету де аталған заң талаптарының бірі. Негізінен, ұрлық, алаяқтық немесе басқа да зорлық-зомбылықсыз қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру жазасы қоғамға тиімді емес екені белгілі. Керісінше, пробациялық бақылау жазасы белгіленген сотталғандарды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы олардың түзелуіне мүмкіндік мол екенін уақыт өзі дәлелдеп келеді. Ұрлық, алаяқтық сияқты қылмыстарға көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен жұмыссыздар барады. Ал бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған адамдарды жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтамасыз ету – олардың болашақта қоғамға пайдалы адам болуына бірден-бір кепілдік беретін тәсіл, – дейді Жанбота Сайпілмүлік.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Пробациялық бақылау қызметінің есебінен жыл басынан бері 4 мыңнан астам өтсе, қазір қала бойынша 2 600-ден астам сотталған адам пробациялық бақылауға алынған. Алматы қаласы бойынша 8 аудандық пробациялық қызмет бөлімі бар. Соның ішінде ең ірі аудандардың бірі Алатау ауданында 700-ге жуық адам пробациялық есепке алынған. Пробациялық қызметті реттейтін заң бойынша бақылаудағы сотталған адам жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда оның бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығын айыру жазасына ауыстырылады. Өкінішке қарай, сотталған адамға түзелуге берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай, темір тордан бір-ақ шығатындар да бар. Мысалы, жыл басынан бері қала бойынша 123 адамның жазасы соттың үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Иә, елімізде бұрын сотты болғандардың қылмысқа баруы жиі кездеседі. Халықаралық статистикаға сүйенсек, мәселен бұрын сотталған педофилдердің 40 пайызға жуығы бостандыққа шыққан соң бірінші жылы-ақ қылмыспен ұсталады екен.
– Сотталғандардың қайталап қылмыс жасау фактілерінің алдын алуда оларды қоғамдық жұмысқа тартудың маңызы зор. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробациялық бақылау қызметінің бас бостандығын шектеуге және қоғамдық жұмысқа тарту бойынша атқарып жатқан жұмысы оң нәтиже көрсетіп отырғаны даусыз. Алматы қаласы бойынша пробациялық бақылаудағы сотталғандардың 80 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер де бар. Бүгінде ірі қалаларда тапсырысты жеткізушілер үлкен сұранысқа ие бола бастады. Пробациялық бақылаудағы сотталғандар арасында да осы жұмысты атқаратындар көп. Жалдамалы құрылысшы болып нәпақа тауып жүргендер де бар. Бұл орайда пробациялық бақылау қызметі өздері орналасқан аудандық әкімдіктермен бірге пробация есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру мәселесін тұрақты түрде талқылап тұрады. Сот үкімі бойынша тағайындалған мәжбүрлі еңбекке тартылғандарға жұмыс орнын бөлуге де әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі, – деп түсіндірді бөлім бастығы.
Пробациялық бақылау қызметінің міндеті тек сотталғандарды бақылау ғана емес, пробация инспекторлары олардың әлеуметтік, психологиялық, медициналық көмек алуына көмектеседі. Мысалы, сотталғандардың арасында әлеуметтік жағдайы нашар, көпбалалы аналар немесе жас балалары бар аналар не болмаса бір үйде бір өзі ғана жұмыс істейтін азаматтар да бар. Пробация мамандары мұндай адамдарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында да әкімдіктермен тығыз жұмыс істеп отыр. Әлеуметтік жағдайды түзеуге басты көмек – жұмысқа орналастыру. Бұл орайда қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырып, мәселені шешуге ықпал етіп отыр.
Жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінен бөлек сотталғандар арасында түрлі созылмалы аурулары барлар да кездеседі. Мамандар оларға медициналық көмек көрсету үшін емдеу орындарына хат жазып, емдік шараларын тағайындауға да атсалысады.
Алғаш сотталғандар психологиялық күйзеліске түсетіні анық. Алайда олар пробациялық бақылау қызметінде психолог-инспекторлардан психологиялық көмек алып, сотталу деген өмірдің соңы емес екенін, жаза тәртібін бұзбай кесімді мерзімін өтеген жағдайда қалыпты өмір сүруге болатынын терең ұғынып, керісінше, болашағын түзеп алатын жандар да бар. Олардың көбеюі қоғам үшін пайдалы.
Соңғы кезде қылмыстық-атқару саласының пробациялық бақылау қызметінде сотталғандардың жаза өтеу тәртібін бақылауда электронды білезіктер кеңінен қолданылады. Аталған құрылғының тиімділігі – пробацияның бақылауындағы кісінің жүрген жерін және уақытын дәл көрсетеді. Сотталған адам жаза өтеу тәртібі бойынша кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін орналасқан жерінің шекарасынан шықпауы керек. Алайда Алматы сынды еліміздегі ең ірі мегополисте әр сотталғанның тұрғылықты жеріне барып, оның осы белгіленген уақытта үйінде отырғанын тексеру пробациялық қызметтің инспекторлары үшін күрделі жұмыс.
Алматы қаласындағы пробациялық бақылауға алынғандарды бақылау үшін «Таргетай» жүйесі қолданылады. Ол – пробация бақылауында тұрған азаматтарды және сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасына кесілгендердің қозғалысын автоматты түрде бақылайтын жүйе. Пробациялық бақылаудағы сотталғандар әдетте түнгі уақытта жаза өтеу тәртібін бұзады екен. Ал «Таргетай» бақылаудағы адамдар түнде тұрғылықты жерінен шықса, ойын-сауық орталықтарына барса, түнгі уақытта бетперде немесе көзілдірік кисе де, оларды анықтай алады. Жүйенің «ақылды» камералары теміржол вокзалдары, әуежай, сауда ойын-сауық орталықтары сияқты адам көп жиналатын нысандарға қойылған.
– Қала бойынша сотталған 170 адамға электрондық құрылғы қолданылады. Ереже бойынша бұл құрылғы бірінші кезекте қайталап қылмыс жасауға бейім немесе қайта қылмыс жасағандарға ғана қолданылады. Электронды білезіктің көмегімен инспекторлар кез келген ауытқуларды көріп отырады. Мысалы, сотталған адам тыйым салынған уақытта үйінен пробация инспекторы белгілеп берген радиустан шығып кетсе, ол ақпарат автоматты түрде мониторинг жүйесіне түседі. Сондай-ақ бақылаудағы адам тыйым салынған жерлерге барса да, дереу ақпарат түседі. Жүйе бүкіл маршрутты, уақытты және тіпті адамның қозғалу жылдамдығын да көрсетіп отырады. Құрылғының өзі сотталушының аяғына бекітіледі және оны зақымдау немесе рұқсатсыз алып тастау әрекеттеріне жауап береді. Сотталғанға электронды білезік кигізер алдында пайдалану ережелері түсіндіріледі. Электронды құрылғы арқылы анықталған бұзушылық фактілер тіркелген жағдайда дереу пробация бөліміне шақырылып, ең алғашында ескерту беріледі. Ал бақылау тәртібін қайтадан бұзған жағдайда іс сотқа жолданып, соттың шешімімен бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Мысалы, жыл басынан бері қала бойынша электрондық құрылғымен жүрген 5 адам заңға бағынбағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына тартылды, – деді Жанбота Сайпілмүлік.
Республикадағы ең ірі мегополисте басқа қалалармен салыстырғанда пробациялық қызметтің есебіне алынған сотталғандар санының үлес салмағы басым. Пробация инспекторлары есептегі сотталғандарды аптасына бір рет тұрғылықты жері бойынша мекенжайларына барып тексереді. Алматы секілді үлкен қаланы бақылау үшін қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл сотталғандарға дер кезінде бақылау жасауға көмектесетіні сөзсіз. Осыны ескерген Алматы қаласының әкімдігі Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Пробациялық қызметіне жуырда 6 қызметтік көлік табыстады. Мұндай қолдау қаланы қылмыскерлерден тазалау, оларды уақытылы құрықтау ісінде маңызды рөл атқарады.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен полиция бірлесе іске асырып жатқан жүйенің қалада жұмыс істей бастағанынан бері 5 ай уақыт өтті. Осы кезеңде пробациялық бақылау тәртібін бұзған 50-ге жуық факт анықталып, аталған жүйенің арқасында қала бойынша қайталанатын қылмыстардың саны 20 пайызға төмендеген. Қазір қала бойынша 70 мыңға жуық камера жұмыс істейді, соның ішінде 2 мыңнан астам камера «Таргетай» жүйесіне қосылған. Жылдың аяғына дейін тағы да осындай 10 мың камера қою жоспарланып отыр.
Алмалы аудандық Пробация қызметінің бақылауына алынған жандардың бірі – Катя. Ода бәрі бар еді. Ең бастысы алақанына салып аялаған ата-анасы оның болашағынан үлкен үміт күтетін. Отбасында жалғыз қыз болғандықтан бетінен қақпай өсірді, ештеңеден мұқтаждық көрген жоқ. Бірақ Екетарина ата-анасының үкілеген үмітін, «осы қызымыз бойжетіп, ертең бізге сүйеу болады» деген армандарын өз қолымен тұншықтырғанын терең зерделеген жоқ. Жеңіл ойдың ақыры оның тағдырына өмірі өшпестей дақ салды. Бірінші рет ұрлық жасап сотталған Катя кесікті мерзімін өтеп бітпей жатып, тағы да ұрлық жасап ұсталды. Бұл жолы оның көзі «Меломан» дүкенін аралап жүріп қымбат құлаққапқа түсті. Сатушылардың көзін ала бере жымқырып үлгерген құлаққаптың құны – 86 мың теңгеден асады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 188 бабының 1-бөлімі бойынша 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған Катя қазір Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Алмалы аудандық Пробация қызметінің бақылауына алынған.
Иә, сүрініп кетіп бүлінген тағдырын түзеуге Катяда әлі де мүмкіндік бар. Пробация қызметкерлері оны тура жолға бағыттап, тәртіпке бағыну арқылы тағдырын түзеуге болатынын түсіндірді. Дегенмен Катя пробация мамандары сызып берген тура жолдан қалайда ауытқып кетуге бейім тұрды. Оның мінез-құлқын және екінші рет сотталғанын ескерген пробация қызметкерлері оған электронды білезік кигізіп, бақылауды қатаңдата түсті. Бұл оны дұрыс жолға бағыттап, өмірден өз орнын табуына көмектессе екен дейміз.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ