Көне аспаптар күмбірі

Көне аспаптар күмбірі

«Күй десе,ірке алмайсың бұ қазақты:
оқылмай намаз қапты, дұға қапты.
Кәрілер күй естілген үйге толып,
Жабықтан келін-кепшік сығалапты» деп Жұмекен ақын қазақтың күйге деген аңсарын бір шумаққа сыйдырыпты. Көнеден керуен тартқан, есте жоқ ескі заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан күй өнері бүгінде халықтың асыл қазынасы. Кетбұқа мен Қорқыт, Тәттімбет пен Қазанғап, Есір, Ықылас, Қожеке, Сайдалы Сары Тоқа, Дина Нұрпейісова мен Аққыз, Нұрғиса Тілендиев сынды күні бүгінге дейін үзігі жалғасқан күйшілер ел руханиятына өшпес, өлмес мұра сыйлады. Сол мұраны ел көкірегінде жаңғыртып жүрген күйшілер де аз емес. Бұған жуырда өткен Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы ұйымдастырған «Күйшілер шеруі» атты дәстүрлі өнер кешінде тағы бір рет куә болдық.

Иә, бұл кеш көрермендерді ерекше әсер­ге бөлеп, қазақ күй өнерінің биік ру­хын тағы бір мәрте паш етті. Шараның бас­ты ерекшелігі – қазақ халқының дәс­түрлі музыка мұрасын кеңінен қам­туын­да. Күй десе, әдетте домбыра ғана елес­тей­тіні рас. Алайда «Күйшілер шеруі» бұл тү­сініктің аясын кеңейтіп, қобыз, сы­быз­ғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз сынды кө­неден жеткен аспаптардың үнін сах­нада жаңғыртты. Кеште Қазақстанның әр аймағындағы күй мектептерінің ін­жу-маржандары орындалып, күйдің шерт­пе және төкпе түрлері қатар ұсы­ныл­ды. Бір сахнада бірнеше буын – күйді ұлықтап жүрген аға толқын мен та­лант­ты жастар тоғысып, күй өнерінің үзіл­мей­тін алтын арқауын паш етті. Кештің жүргізушісі әрі идеялық жетекшісі – күйші, ұстаз, өнертанушы, К.Байсейітова атын­дағы Қазақ ұлттық өнер универ­сите­тінің профессоры Жанғали Жүзбай бол­ды. Ол әр күйшіні көпшілікке жеке­лей таныстырып, әр күйдің тағдыры мен тарихына шолу жасады. Ол кер заманда аты­лып кеткен күйші Айдостың Сем­бе­гі­нің домбырасының көшірмесімен «Наз қосбасар» күйін шертті. Бұл – рухани сабақтастықтың тірі көрінісі еді. Кештің құрметті қонағы – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Төлен Әбдік күй басын, Қазанғаптың «Кіші Қаратөс» күйімен бастап берді. «Күй – ұлттық сананың бір бөлігі. Шерт­пе мен төкпе күйдің үндесуі – тұтас ұлт­тық сананың белгісі. Қазақтың жа­нын түсіну үшін күй тыңдау керек», – де­ді жазушы.
Кештің басты ерекшелігі – бұрын-соң­ды сахнада орындалмаған күй­лердің тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылуы болды. Көп жыл бойы мұра­ғат­тарда сақталып келген, нотаға түсі­рі­ліп қана қойылған төл туындылар алғаш рет сахнада жаңғырып, жаңа тыныс ал­ды. Кеш барысында Тәттімбет, Қазанғап, Қо­жеке Назарұлы, Дина Нұрпейісова мен Аққыздың күйлері тың үлгіде ұсынылды. Шарада жетіген, саз сырнай, сыбызғы, шаңқобыз секілді көне аспаптардың үні сахнада ерекше жаңғырды. Әр күйші өз орындау стилімен дараланып, күйдің мазмұндық қабатын терең жеткізді. 
Көне аспаптар күмбірі бөлімінде Мә­дениет саласының үздігі Бауыржан Мұ­хаметбай халық күйі «Ертістің тол­қы­нын» сыбызғымен орындап берді. Күй өне­рін қаламына арқау еткен жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Сары сыбызғы» деген шығармасында сыбызғы туралы мынадай қайталанбас жауһар өрнек бар: «Дауыл соққанда сеңдей соқтығысып, ұлардай шулайтын шерлі қамыстан шық­қан текті сыбызғы – сегіз қырлы, бір сырлы. Оның тілін түсінуге зейін керек. Ор­манның сусылын, бұлақтың сыл­ды­рын, көлдің күрсінуін титтей заттың өз бойына қалайша сіңдіргенін білетін пен­де аз. Сайын сахараның сыбызғыша сың­сып тұратынын еститін құлақ одан да аз. Шіркін, сыбызғы-ай! Тырнаның ты­рауын менсінбей, аққудың әнін ен­шілеген сыбызғы-ай! Жылан шаққан, бүйі тиген адам тәуіптің таусылмас демі­нен, үзілмес ысқырығынан айықса, сы­бызғының құдіреті одан да асып тү­седі» дейді. Міне, дәл осы хәлді Бауыржан Мұхаметбай шебер жеткізе білді. Ал «Қазақконцерт» әртісі Венера Табыс Т.Бел­гібайұлының «Ақарал» күйін жеті­геннің жеті ішегімен сөйлетті. «Қазақ­кон­церт» әртісі Нұрбану Жүртекина бол­са, Сүгірдің «Ыңғай төкпесін» саз сыр­наймен төгілтсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-ко­м­позитор Әлқуат Қазақбай Қорқыт Ата­ның «Қоңыр» күйін қобызбен қоздатты.
Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Мұхаметжан Тілеуханов, Абылғазы Ахмадиев, Бақытжан Дүй­сен­ға­зинов сынды танымал тұлғалар қатыс­ты. Мәдениет саласының үздіктері Болат Тәкішев, Жұмабек Қадырқұлов және Батырлан Әбенов сынды өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Мәдениет саласының үздігі Жұмабек Қадырқұлов кеште адай үлгісіндегі домбырамен Есірдің «Жал­ды­қара» күйін, Рүстем Нұркенов үш ішекті дом­бырамен Абайдың «Тор жорға» күйін орындады. Кеште тартылған күйлер қа­тарында халық күйлерінен бастап аты аңыз­ға айналған бабаларымыздың туын­дылары болды. Кетбұқа мен Қорқыт, Асан қайғының аруақты сарындары, Тәт­тімбет пен Қазанғаптың шертпе-төк­пе күйлері, Есір, Ықылас, Қожеке, Сай­далы Сары Тоқа сынды күй алыптарының мұра­лары орындалды. Сонымен қатар Дина Нұрпейісова мен Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызы, Нұрғиса Тілендиев, Қуат Шіл­дебаев сияқты ХХ ғасыр мен бүгінгі за­мандағы күйші-композиторлардың шы­ғармалары да сахна төрінде жаң­ғы­рып, ұлттың музыкалық эволюциясын паш етті. Ардаби Мәулетұлы, Айтолқын Тоқ­­таған, Қайрат Айтбай сынды күй­шілер де тарихты домбырамен сөйлетті. Әсіресе, көпшілікке күйші, Мәдениет саласының үздігі Динара Нұрбаеваның орындауындағы Мошан Жұманұлының «Көбелек күйі» ерекше ұнады. Салалы сау­сақтарымен еркелей күй тартқанда бейне бір домбыраның қос ішегіне кезек-кезек қонған көбелектің бейнесін көз алдымызға әкелді.
Қазақта тек күй ғана емес, сол күйді шер­тетін домбыраның да бірнеше түрі бар. Осы кеште кезінде аңызға айналған күй­шілер ұстаған домбыралардың жаң­ғырған үлгілері сахна төрінен үн қатты. Қойдың ішегінен жасалған тарихи ас­пап­тарды шеберлікпен қалпына кел­тірген – белгілі аспап жасаушы Бабыр Ар­ғыновтың домбырасы да күйдің бояуын әрлей түсті. 
Кештің құрметті қонағы – мемле-кет және қоғам қайраткері, ICTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қасейінов болды. Құр­манғазы атындағы Ұлттық консерват­ория­ның ректоры, ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымының Бас хатшысы болған жылдары ол ұлттық өнерді әлемге та­ны­туға үлкен үлес қосқан еді. Кеш ба­ры­сын­да ол күй құдіреті туралы тебірене сөй­леп, орындаушыларға жылы лебізін біл­діріп, арнайы сый-сияпаттар табыс­тады.
«Қазақтың жаны – қара домбыраның күм­бірлі үнінде. Қоңыр даласын сырлы да тылсым әуезімен тербеткен дәулескер күй­шілердің рухани мол мұрасын тың­даған сайын жанымыз тебіренетіні сон­дықтан. Ұлттық күйлерімізде тари­хы­мыз­дың барлық кезеңі сақтаулы. Мұң мен қайғысы да, қуанышы мен жұбаны­шы да күй тілінде жазылып, елден елге тара­ған. Сол үшін дәстүрлі күйлерімізді саф күйінде сақтап жүрген өнерпаздарды рухани әлемнің елшісі десек қателес­пес­піз. Әр буын өкілі сап  түзеп, әр өңірдің өлмес күйлерін бебеулеткен өздеріңізді көріп, қатты толқып отырмын. Алтайдан Атырауға, Қаратаудан Алатауға, Сарыар­қадан Сыр бойына дейінгі Ұлы дала көз алдымнан тізбектеліп өтті. Қорқыт, Кет­бұға бастаған, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Дина, Ықылас секілді ұлы­лар қоштаған күйшілердің керуені санамда жаңғырды. Көрермені мен тыңдарманына сондай ерекше әсер сыйлаған өздеріңізге зор алғыс айтамын. Сіздер, осындағы барша күйшілер, қандай қошеметке болса да лайық­сыздар», деген ол мұндай рухани кештер тек Астанада ғана емес, көптеген облыста жалғасын тапса құптарлық іс болар еді деген ойын да жеткізді. 
«Консерватория ректоры болған жыл­дары киелі өнердің үзілмеуі үшін ұлы даланың төрт құбыласынан дәстүрлі күйшілерімізді оқу ордасына шақыртып, айлап сабақ беруін қолға алған едік. Ге­нерал Асқаров, Бахыт Басығараев, Ма­ғауия Хамзин, Сержан Шәкіратов, Рыс­бай  Ғабдиев, Төлеген Момбеков сынды дала профессорлары, күй өнерінің арда­гер­лері қарашаңырақ консерваторияда шеберлік сағаттарын өткізді. Дәл сол уа­қытта қарт күйшілердің бағасын білмесек, бүгінгі күні дәстүрлі күйдің қай деңгейде болатынын болжау қиын болар еді. Ал қазір көнекөз қарияларымыздың алдын көрген көптеген күйшіміз солардың ізбасарына айналды. Ардақты ағайын, Күйдің қадірін – өз қадірім деп түсінген қадірменді тыңдарманы бар өнердің болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін! Күйшілер шеруі құтты болсын!», – деді ол.
Бұл кеш жай ғана концерт емес, қа­зақ күйінің тереңдігін, өмір­шең­дігін, көркемдігін көрсеткен тағы­лымды рухани оқиға болды. Көрермен қауым сүйсініс, күйініш, тарығыс, үміт, наз, нала сынды барлық сезімдерді қатар кеш­ті. Осы ретте жазушы Әбіш Кекіл­баев­тың «Батпан-батпан байлық тек жер кө­кірегінде ғана емес, ел көкірегінде де тұнып тұр. Сүйінерге жарайтын жақсы мен жайсаң тек жер астында жатқан жоқ, жер үстінде де жүр», деген сөзі еске тү­седі. Жаратқан ие қазақты жер астын­дағы мен жер үстіндегі байлығынан айыр­масын дейік.

Наурызбек Сарша

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары