«Тальгоны» қуған Túrkistan-ның хикаясы
Ақ тер-көк тер болып жеткенде, әлгі пойызымыз стансаға тоқтамай, бізге «қол бұлғап» кете барды. Жанұшырып, станса қызметкерлерінен сұрап жатырмыз. «Мұнысы не?» деп. Олар: «Бұл арнайы пойыз! Шуға да тоқтамайды. Тек Таразға жеткенде ғана бір аялдайды!» Игорь екеуміз бір-бірімізге қарадық та, ымсыз мәшинеге жүгірдік. Тағы да «қыз қуу»!
Бұл 2000 жылы болған оқиға еді. Көне шаһар Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңы. Республикалық, облыстық, жергілікті басылымдар той дүбірі тербеген Түркістанның тотыдай түрленіп жатқан кезі.
Бас редакторымыз Шәмшидин Паттеев шақырып алып, газетті жаңа форматта, әрі түрлі-түсті етіп шығару керегін айтты. Ол кезде мың құбылған бояумен тек «Караван» ғана шығатын. Тапсырманың аты тапсырма! Алдымен, «Түркістан түркі әлемінің туы» деп айдарын сайлап алдық. Ғасырлар жаңғырығына айналған қаланың мың бес жүз жылдығына арналған басылым да әлбетте мазмұндық жағынан да, көркемдік жағынан салмақты әрі әсем шығуы керегін бас редактордан бастап қатардағы барлық қызметкерлер жете сезінеді. Материал жетіп артылады. Дидахмет Әшімханұлы, Көлбай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатай секілді қаламы жүйрік, жаны жайсаң азаматтармен қатар, Рымтай Сағымбекова мен Таңсұлу Мирманова, редакция табалдырығын жаңа аттаған Есенгүл Кәпқызы, Гүлбиғаш Омарова, Гүлзина Бектасова, Жұлдыз Төлеу бәрі-бәрі мерекелік нөмірге бар ықыласымен жанашырлықтарын танытып жүр. Тіпті, абыз ақсақалдарымыз Қалтай аға Мұхамеджановтан бастап, Әбілмәжін Жұмабай, Сейфолла Оспан, Нұрқасым Қазыбек, Тынышбек Дайрабайлар бәрі бір кісідей ат салысқаны есімде.
Бірақ айтпағым бұл емес. Осындай тұлғалар тұрғанда газеттің көркем шықпауы мүмкін емес еді. Ең қиын тұсы газетті түрлі-түсті етіп басып шығару мәселесі болатын. «Караванның» шығарушыларымен келіссөздер өте-мөте қиын жүрді. «Дәуір» баспасының бұрыңғы бас инженері Владимир Михайлович Ямщиков сол уақытта «Караван» баспасының директоры болатын. Ал келіп қисайсын! Болмайды да, болмайды. Үлгермейміз деп ат тонын ала қашты. Артынан қалар түрім жоқ. Ұрыстық, керістік, соңында келістік. Соның өзінде бір-екі күн уақытты созып алған едік. Қысқасы, газеттің компьютерлік көшірмесі баспаға кетті. Енді, ол жақтың дизайнерлері суреттің форматы келмейді, бояуы қанық емес секілді сылтауларын көбейтіп, олардың да шалқаймасы бар ма. Шәй-пайын құйып, күлшесін де, күштісін де ауыздарына тығып, оларды көндірдік, әйтеуір. Ертең кешке Алматыдан Түркістанға арнайы жасақталған «Тальго» пойызы екінші вокзалдан жүруі тиіс. Біздің газетті болса, баспадағылар есек-аяңмен керіліп-созылып әлі басар емес. Бір күн, бір түн өтті. Шәкең шарасыз күй кешіп жүр. Бәрі қамданып, пәшкі-пәшкі газеттерін арқалып, пойызды бетке ала бастаған шағы. Біз болсақ әлі баспадамыз. Ұялы телефонда дамыл жоқ. Тұтқаның ар жағынан Шәкең бәйек болып, «Не болды?» деп жүз рет сұраған шығар. «Басылып жатыр» деймін мен. Қасымда редактордың жүргізушісі Игорь бар. Газет шықса болды, вокзалға «ұшқалы» тұрмыз. Қайдан? Баспадағылар баспа конвейерін пойыздың жүруіне жарты сағат қалғанда ғана қосты. Пойыз кетті, пойызбен бірге Шәкең де кетті. Қанымыз басымызға шауып жатыр. Бір-бір жарым сағат дегенде, газеттің бір-екі бумасы әрең дегенде қолға тиді. Ямщиков жүр «Мен ескертіп едім ғой» деп. Кейін ұқтым. Бізді үлгермесін деп әдейі жасаған тәрізді. Газет қолымызға тиісімен жанұшырып, пойызды қудық. Біз білетін «Тальго» болса, ол алдымен Отар стансасына аялдауы тиіс. Игорь «Волгасын» қамшылап келе жатыр. Самсы, Тарғап елді мекендері артта қалды. Алдымызда Отар. Көлік желдей есіп келеді. Шамамен он-он бес минут ерте жетуіміз керек. Жеттік те. Пойыздың қарасы көрінді. «Уф» дедік біз. Мә! Ақ тер-көк тер болып жеткенде, әлгі пойызымыз стансаға тоқтамай, бізге «қол бұлғап» кете барды. Жанұшырып, станса қызметкерлерінен сұрап жатырмыз. «Мұнысы не?» деп. Олар: «Бұл арнайы пойыз! Шуға да тоқтамайды. Тек Таразға жеткенде ғана бір аялдайды!» Игорь екеуміз бір-бірімізге қарадық та, ымсыз мәшинеге жүгірдік. Тағы да «қыз қуу»! Көлікке ешнәрсе көрінбесе, Қордай асуынан аман-есен өтсек, Таразға жобасы 30-40 минут ерте жетуіміз керек. Солай болды да. Вокзалға жеткенде, алдымен пойызды, сонан соң көңілі құлазып келе жатқан Шәкеңнің вагонын аңдыдық. «Түркістан-1500» пойызы ырс-ырс, пыс-пыс етіп тоқтаған кезде, біз екі пәшкі газетті құшақтап, 9-вагонның алдында тұрғанбыз. Жолсеріктен бұрын перронға Шәкең атып шықты.
– Жеттіңдер ме, қарақтарым!
– Жеттік!
Жылы шырай танытып, арқамыздан қаққан Шәкең ешкімге сенбестен, газеттерді құшақтай алып, күлімдеп вагонына секіріп мінді...
Ғалымжан Мелдеш,
ҚР мәдениет қайраткері