Túrkistan десем, ойыма... ...Қалтай аға оралады

Бұл Túrkistan-ды азулы басылым етеміз деген сол тұста қа­зақ елінің ақпарат құралдарына бас­шы­лық жасаған Алтынбек Сәрсенбайұлының жоспарының бірі болса керек.

Túrkistan десем, ойыма... ...Қалтай аға оралады
ашық дереккөз
975

Осы заманның ойлары мен оқиға­ла­рын жазып жүрсек те, қаламымыз­дың ара-тұра естелікке орын беруіне ту­ра келеді. Бұл жолы Túrkistan апта­лық газетінде өткен жарқын жылдар­дың жалынына жанымызды жылыт­тық.

«Жолбарысым, жеттің бе?» деді Қалтай аға өзіне үш орынбасардың бірі етіп бізді алып жатып. Анау-мынау апталық газетте үш орынбасар бола қоймайды. Бұл Túrkistan-ды азулы басылым етеміз деген сол тұста қа­зақ елінің ақпарат құралдарына бас­шы­лық жасаған Алтынбек Сәрсенбайұлының жоспарының бірі болса керек.
Ағаның «жолбарасым» деген сөзін одан бір­неше жыл бұрын естігенбіз. Egemen Qazaqstan газетінің бөлім меңгерушісі едік. Бір­де біз кезекші болған нөмірге Қалтай Мұ­хамеджановтың «Ақиқатқа жүгінейік, аға» деген бір беттік мақаласы шығып жат­ты. «Қазақстанда мемлекеттік тіл екеу болуы керек» деп Москваның басылымына ма­териал шығарған академик Ісмет Кеңес­баевтың пікірін тас-талқан етіпті. Тамса­нып оқыдық. Риза болып отырдық. Газетті бас­паханаға жіберер алдында түнделетіп кел­ген Қалтай аға мақаласына көз жүгіртіп шы­ғып, «бір қате кетпесіне, бір сөзі өзгер­ме­сіне сенемін, жолбарысым» деген. Сені­мі­нен шықсақ керек.
Міне, енді сол жас жолбарысы өзінің ізін басар орынбасары болып алдына келіп тұрды...

Қалтай аға Túrkistan-ның тәлімі бөлек ре­­­дакторы болды. Газетті ұсақ-түйек дау-да­майға түсірмеді. Қабырғалы мәселелерді қоз­ғатты. Ірі тақырыптарды таңдап жаз­ғыз­ды. Материалдарда осы заманның да­муы мен бұрынғы дәстүрді қабаттасыра, үй­­­лестіріп өргізді. 

Кейбір редакторлар «газет өзімдікі» деп бір бөлігін өз жазбасымен толтырып тас­тай­тын. Қалағаң ондай өктемдік жасамай­тын. Тіпті, Жамбылдың мерейтойына ар­на­­­­ған мақаласын да Egemen Qazaqstan-ға шы­­­­ғартты.

Редакцияда жастар мен үлкен ағалар ара­ласып жұмыс істеді. Нұрқасым Қазыбек, Тиыш­бек Дайрабай сынды аға буынмен ара­ласып жас тілшілердің бір тобы өсіп жат­ты. Олардың біразы қазір түрлі басы­лым­дарда бас редактор болып отыр. 

Алматының Бөгенбай көшесінің бойын­­­­дағы екі қабатты редакциямыздың қа­­быр­ғасында Қалтай ағаның газетке шық­па­ған қаншама сөзі қалды десеңізші. Апта­лық газет әрі үш орынбасар болған соң, ре­­­­дак­цияға асықпай келеміз ғой. Соған орай бірде «Бұл Túrkistan-ның ғимаратында мені көріп екі бұрышқа кіріп кеткен екі та­ра­қаннан басқа ешкім байқалмайды» деп күлген.

Тағы бірде бұрын көрмеген бір авторды қа­былдады. Ол кісі кетіп қалған соң «мына­ның мұрны «Москвичке» гараж болғандай екен» деп күлді.
Осындай жеңіл әзілмен өте салмақты га­зет шығарып тұрдық ол жылдары.

Қайнар Олжай

Серіктес жаңалықтары