Америкадағы қазақ ғалымы: Қазақстан мені неге шақырмайды?

Мен Америкада өмірімнің жартысын өткізіп жа­тырмын. Келесі жартысы қайда өрбитінін біл­­­меймін. Елге тартпайды емес, тартады. «Ауыл­дан адам кеткенмен, адамнан ауыл кет­пей­ді» демекші, мен Қазақстаннан кетке­нім­мен, Қазақстан менен кетпейді. «Еліңді, же­рің­ді, тіліңді ұмытпа» деп санама құйған ата-анамның тәрбиесі қаныма сіңіп кеткен. Оңтүстік өңірде өскенім де рөл ойнайды.

Америкадағы қазақ ғалымы: Қазақстан  мені неге шақырмайды?

Кейінгі кезде «қазақтың «миы» қиырда жүр» деген пікірді жиі еститін болдық. Миы миллиардтаған ақшаға бағаланған мықты мамандардың мұхит асып кет­кеніне көпшілік налып, олардың елге бүй­регі бұрып тұратынына күмән келтіре­ді. Алайда, Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінде (UCLA) зертхана же­тек­шісі қызметін атқаратын Сәкен Шерханов бұл шындыққа жанаспайды дейді. Аме­ри­када тұрып жатқанына 27 жыл болса да, елдегі ғылыми зерттеу ісіне алаңдай­ты­нын, ондағы оқушылар мен жас ға­лымдардан көмегін аямайтынын айтады. Ал­дағы уақытта елге оралып, ғылыми ор­та­ның әлеуетін арттыру арқылы маңы­зы зор жобалар жасағысы келетін ғалым­ға хабарласып, сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен сұрағым келетіні: «Бо­ла­шағымды биология ғылымымен бай­ланыстырамын. Бітті. Болды» деген тү­сі­нік сізге қашан және қалай келді? 
– Мен биология ғылымын кішкентай ке­­зім­нен ұнатамын. Түркістанның Бабай­қор­ған де­ген ауылында құмға аунап, тасқа қыз­ды­ры­нып өскен баламын. Мал ұстадық, бау-бақ­ша­мыз болды. Сосын оқуға барар кезде Түр­кі­стан­­ға отбасыммен бірге кө­шіп келдім. Десе де, бала күнімнен жәндіктерді жақсы көре­тін­­мін. Ата-анам мен неге қызықсам, соның бә­рін алдыма әкеп беретін. Бетімнен қақпай өсірді. Содан соң «Мы­наны оқы» деп көп кітап әкеп бе­ре­тін профес­сор нағашы ағамның да әсері көп тиді. Әлі есімде, ол кісі әкеп берген қа­ра­құрт туралы кітапты оқы­ған соң, сол жән­дікті жі­ті зерттеп, ақырында оны «жақ­сы кө­ріп» қалдым. Балалар кіш­кентай кезінде жы­ланнан, қара­құрттан, өрмекшіден қорқады ғой. Ал мен керісінше, оларды көре қал­сам, ұс­тай қалып, айналама құры­лы­мын түсіндіре жө­нелетінмін. Сөйтіп жүргенде Қа­зақстан бойын­ша бірінші болып Түркі­стан­да 1992 жы­лы ашылған қазақ-түрік ли­цейі­не оқуға түс­тім. Біз – қазақ-түрік ли­цейі­нің алғашқы тү­лектеріміз. Онда сапалы білім алып, жан-жақ­ты ізденуімізге мол мүмкіндік жасалды. Ен­ді егемен ел атанып, Білім министрлігінің ір­гесі көтеріліп жатқан кез. Сол уақытта ми­нистрліктегілер ел бойынша бізді Қазақстан атынан халықаралық олим­пиа­даларға қа­ты­суға лайық деп санап, мұға­лім­дермен тың­ғы­лық­ты дайындалдық. Мен сол олимпиадаларға үш жыл қатарынан қа­тыс­тым. Үшінші жылы бар­ған үш оқушының ара­сынан досым екеуі­міз алтын иеленіп, ал бір бала күміс жүлде ал­ды. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін био­ло­гиядан Қазақстаннан ешкім алтын жүлде ал­маған екен. Мен 2012 жылы Тайваньда өт­кен олимпиадада Қазақ­стан командасына коор­динатор болғанмын. Сол кезде команда жетекшілері биологиядан менен кейін әлі ешкім алтын жүлде алма­ға­нын айтты. Лицей бі­тіріп, Қазақстанда бір жыл­дай тұрған соң, ай­наламдағылар «Білім қай­да болса, сонда бар» деп, ақырында өз кү­шіммен Америкаға ке­тіп қалдым. Ағыл­шын­шам жақсы болған­дық­тан, онда тіл кур­сын екі ай ғана оқыдым. Со­сын community college, біздің тілмен айт­қан­да техникумға түсіп, онда екі жыл оқы­дым. Жағдайым жоқ бол­ғандықтан, мей­рам­ха­на, кітапханаларда жұ­мыс істеп, оқу ақы­сын төледім. Сосын ең үз­дік университеттердің бірі саналатын Ка­лифорния технология уни­­­­верситетіне (Caltech-Калтех) ауыс­ты­рыл­дым. Негізі, Гар­вард, Лос Анджелестегі Ка­ли­фор­ния уни­вер­ситетіне (UCLA) түскенмін. Алай­да Калтехте оқы­ғанды жөн санадым.
– Америкада ертеректе оқуға түскен қа­зақстандық студенттер оқуға тап­сы­рарда халықаралық олимпиадалардан ал­ған жүлденің ықпалы зор болғанын ай­тады. Ал сізге олимпиаданың алтын жүл­десі көмектесе алды ма?
– Әлбетте, көп көмегін тигізді. Калтехке қа­­­­былданған соң, бірден оқуды бастап кет­пей­сің. Емтихан, сұхбаттасу секілді процестер ұзақ­қа жалғасады. Тағы бір айта кетерлігі, Аме­рикада халықаралық студент болу да оңай емес. Олар Қазақстанның қандай ел, қай­да орналасқанын да білмейді. Ко­ми­тет­тегі­лер «Біз сенің еліңнің қайда екенін, ол жақ­та студенттерге баға қалай қойылатынын біл­мейміз. Бірақ олимпиадада алған жүл­де­леріңді көріп, сені автоматты түрде оқуға қа­­­­­был­дадық» дегені есімде. Кейін Син­га­пур­дан, Түркиядан, Тайландтан келген сту­дент­тер­мен танысқанда бәріміздің олимпиада жүл­дегерлері екенімізді білдім. Сөйтсем, олим­пиадаларға қатысқан студенттерге ба­сым­дық береді екен. Алайда қазір де солай ғой. Оқушы олим­пиададан орын алса, кез кел­ген уни­вер­ситетке түсуге жол ашылады. Ме­нен кейін Кал­техке түскен 3-4 қазақтар да – олим­пиа­дадан жүлде алғандар. 
– Ал ғылым жолына қалай келдіңіз? Бір оқумен шектелгіңіз келмейтінін, америкалықтар қызығатын жобалар жүргізгіңіз келетінін қашан түсіндіңіз?
– Калтехті бітірген соң, жалпы мектепте мұ­ғалім болып еңбек еттім. Мұнда мек­теп­тер­дің жағдайы мәз емес. Бес-алты маман жи­налып, осында мектеп ашқанбыз. Сонда бес жылдай ұстаздық еттім. Содан кейін био­хи­мия саласы мықты жолға қойылған Ка­ли­фо­р­ния университетінің (UCLA) докто­ран­тура­сына оқуға түстім. Бізде Қазақстанда қа­лай екенін білмеймін, мұнда докторант бол­­саң, ғылыми зерттеу жазуың керек. Жал­пақ тілмен айтқанда, дүниежүзінде ешкім іс­темеген нәрсе жасауың керек. Сол кездері жаһан­дық жылыну, мұнайға балама энергия көз­дері тақырыбы өзекті болатын. Осылайша, ғы­лыми зерттеу жүргізе бастадым. Бұл оқу­дың өзіндік қызықтары мен қиындықтары да бол­ды. Қиындығын сөз етсем, зерттеуімді әлем­дік басылымға шығарғалы жатқанда, ме­нің идеямды басқа бір ғалым тауып, менен бұ­рын зерттеп-зерделеп, жариялап қойғанын біл­дім. Мен ол уақытта басқа ғалымның мұны зерт­теп жатқанын да білмедім. Сөйтіп, басқа идея­ны жетілдіріп, ғылыми зерттеу жасап шықтым. Осылайша, оқу мерзімі бес жылдың ор­нына алты жарым жылға жалғасты. Оны бі­тір­ген соң, екі жылдай биотехнология ин­дуст­риясында жұмыс істедім. Сосын өзім оқы­ған университеттің зертханасына қайта кел­дім. Оның алдында екі жас ғалыммен бірге бір­неше зерттеуден қорытынды шығаруды ой­ластырып жүргенбіз. Сөйтіп, үшеуіміз син­тетикалық биохимия платформасын әзір­ле­дік. Мұның соңы немен аяқталатыны өзіме де қызық болды. Сөйтіп, бір жыл істеп көрейін деп шештім. Бір жыл ішінде қолға алған бұл жо­баның нәтижесі біз ойлағаннан да асып түс­ті. Түрлі конференцияға қатысып, инвес­ти­ция қорын таптық. Ақырында мұны био­тех­нологиялық компания етіп жасақтадық. Со­дан соң мен университет зертханасында қа­латын болып шештім. Ал қалған екі маман біз құрған компанияда қалды. Осылайша, уни­верситет пен компания арасында ын­тымақтастық орнатып, бірнеше стартапты бір­ге дамыттық. Ал бастығымыз – менің егде жас­тағы профессорым барлық жобаны бақы­лап отырғанымен, зертханаға қатысы болма­ды. Біз үлкен зерттеуімізді бастаған кезде пан­демия басталып кетті. Сосын профессор «Өз­дерің жүргізе беріңдер» деп барлық жұ­мысты бізге тастап, басқа қалаға көшіп кетті. Со­дан бері осы зертханадамын. Толығымен ғы­лыми зерттеу жұмысына беріліп кеттім. Дәл қазір командада он бес шақты маман бар. Осы уақытқа дейін 10 млн доллар көлемінде грант­тар алып, өнімді еңбек еттік. 
– Бір сұхбатыңызда зерттеу жағынан сіз­дің командаңыз жеткен жетістікке әлі еш­кім жеткен жоқ екенін айтып қал­дыңыз. Жобаңыздың ерекшелігі туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Жобамыздың басты мақсаты – ақуыз­дан айырылып алынатын биоотын өндіру. Біз­дің биоплатформада мұны өндіруге бола­тын бактерия, адам ағзасындағы ақуыз, вул­кан түбінде өмір сүретін археобактерия се­кіл­ді 15 шақты ақуыз бар. Біз соны сыртқа шы­ғарып, толығымен инженерия жасап, со­сын түтікте өзара реакциясын бақылаймыз. Түр­лі ағзадан оңтайлы ақуызды алып, қыш­қылын қойып, биоотын жинап аламыз. Ақ­уыз­­дар ұзақ өмір сүруі керек. Көбі ұзаққа шы­да­май­ды. Ал ұзақ уақытқа шыдамды болуы үшін ген­дік инженерия жасаймыз. Одан бөлек, бір­неше университет қызығушылық таныт­қан, денсаулық сақтау ісіне қатысты күрделі жобамыз да бар. 
– Зертхана жетекшісі болу қиын емес пе?
– Мен басқара білгенім үшін жетекші қыз­метіне сайландым. Неғұрлым көп нәтиже шығарып, өз сөзіңді тыңдата білсең, аса қиын түгі жоқ. Бізде бір профессорлар бір литрден 50 грамм био отын алып шықты. Ал мен мұны ең максимум саналған 60 граммға жеткіздім. Сосын бір жарым жыл ішінде 150, содан соң 240-қа жеткіздім. 60-тан 240-қа жеткізу деген – үлкен нәтиже. Мен әдепкіде бұл зертханада бір ғана жыл істеймін деп ойлағанмын. Алай­да әлгі жетістіктен соң, автоматты түрде грант бе­ріліп тұрған соң, профессорлар сонда қалуым­ды өтінді. Сөйтіп, үлкен грант алған соң, сол жобаның басы-қасында жүру үшін зерт­ханадағы жұмысымды әрі қарай жалғас­тыру туралы шешім қабылдадым. 
– Ғылыми зерттеу ісіне берілгеніңіз сө­зіңізден-ақ байқалып тұр. Нәтиже шық­қанша үй көрмейтін, тіпті зерт­ха­на­да түнеуге дайын ғалымдардың қата­ры­нан секілдісіз.
– Дәл солай. Бала-шағам «Үйге жай келе­сің» деп талай рет ескертті. Алайда жан-тәнің­мен беріліп істесең, жұмысың өміріңнің мәні бо­лып кетеді екен. Дегенмен бұл тәртіпке екі­нің бірі шыдас бере алмайды. Біреуі бас тарт­са, екіншісі басқа жобаға ауысып кетеді. Се­бебі расында, бұл өмір сүру стиліңе айна­лып кетеді. Әсіресе, биореакторға литрлеп био­отын жинаған кезде, бес күн қатарынан зерт­ханада болуың керек. Кейде әріптес­терім­мен бір-бірден ауысып, жұмыс істейтін едік. Пан­демия уақытында көбі жұмысқа келе ал­ма­ды. Сол кезде мен бес күн бойы зертха­наға түнедім. Үйге жуыну, тамақ ішу үшін ғана барып жүрдім. Нәтиже қалай шығатыны өзіме де қызық болды. Бойымды азарт биледі. Дей­тұрғанмен, арада тепе-теңдікті ұстауға да ты­рысамын. Мысалы, жеті күн бойы тоқтамай жұ­мыс істесем, бір күн отбасыммен дема­ла­мын. Ал былайынша, өз жұмысымды қатты жақ­сы көремін.
– 2012 жылы Тайваньда өткен олим­пиа­дада Қазақстан командасына коор­ди­натор болғаныңызды айтып қал­дыңыз. Сыртта жүргеніңізге ширек ға­сыр болса да, болашағын ғылыммен бай­ланыстырған қазақстандық оқу­шы­ларға бәрібір бүйрегіңіз бұрып, тіпті ар­найы Америкадан келіп, координатор бол­ғаныңызға таңырқап отырмын.
– Мен қолымнан келген көмекті аянып қал­­­маймын. Мен секілді Калтехте оқыған Ернұр Рысмағамбетов деген досым бар. Ол – қа­зақстандық оқушыларды халық­аралық олим­пиадаларға қатыстырамын, елде бәсі биік ғылыми олимпиадалар өткіземін деп шап­қылап-шауып, «Дарын» орталығының мәр­­тебесін көтеріп жүрген ұлтжанды азамат. Ол бірде Лос Анджелесте өткен жобалар олим­пиадасына елден бірнеше студентті алып кел­­ді. Сол кезде маған хабарласып, келіп қол­­­дау көрсетуімді, бір қыз оқушының жо­ба­сына көмек керек екенін айтып, шақырған еді. Сөйтіп, екі күн олармен бірлесіп, жұмыс істеп, шама-шарқы жеткенше көмектестім. Био­логиядан менен кейін әлі ешкім алтын жүлде алмағанын сол кезде жетекшілерден білдім. Бәлкім, одан кейін алғандар бар шығар. Сол кезде олар Қазақстанға келіп көмектесуімді өтінді. Мен бұл ұсынысты қуа­на-қуана қабылдап, кейін елге барып, олармен ете­не жұмыс істедім. Сосын бірде «Тайваньда өте­тін олимпиадаға координатор болып бар­саңшы» деп ұсыныс айтты. Мұны да қуана қа­былдадым. Ол уақытта қазақстандық ко­ман­даны бастап апаратын коор­ди­на­тор­лар­дың ағылшыншасы анау айтқандай жетік емес-тін. Сөйтіп, Қазақстаннан төрт баланы дайын­дап, Тайваньға жарысқа апардық. Пай­дамыз тиген болар, сол жарыста 1 күміс, 2 қола медаль арқалап қайттық. 
– Бұл көмегіңізді кезінде сізге жол ашып берген олимпиада медалінің ық­па­лы болар деп түсіндім.
– Дәл солай. Бар білгенімді үйрету – менің өмір­лік философиям. Білгеніңді бөліспесең, оның не пайдасы бар? Оны іште сақтап, «тек өзім білемін» дегеннен не пайда? Екіншіден, менің бүгінгі жетістіктерім – лицейдегі мұғалімдердің арқасы. Олар бізді терлеп-теп­шіп жүріп оқытып, ақыр аяғында адам қылды ғой. Сол сияқты мен де буыны енді қатайған жас­тарға көмектескім келеді. Құдайға шүкір, жағ­­дайым жаман емес. Менде бәрі бар. Бұл дү­­ниеден сауаптан басқа не алып кетесің? Еш­­теңе. Ал мен басқаларға не бере аламын? Ілім мен білім. Бұл ілім мен білімді кімге бере ала­­мын? Өз еліме. Өз жеріме. Өз халқыма. Ме­­нің философиям – осы. Мен біреуге кө­мек­тесуді қиынсынбаймын. Қайта қуанамын. Ел­дегілер мені көрген сайын «Қазақстанға ке­­ле­сің бе? Көмектесе аласың ба?» деп сұ­рай­ды. Әрине, көмектесемін. Назарбаев, Био­тех­нология университеттері ашылғанда хи­­микаттар, препараттарды қайдан алуға бо­ла­тынын айтып, көмек­тес­кен­біз. «Шетке кеттім, бол­ды, мені мазаламаңдар» деген түгім жоқ.
– Төрт жыл бұрын берген бір сұхба­тыңыз­да «Қазақ­стан­ға келуге дайынмын, бір­ақ ол жақ­та перспектива жоқ» деп­сіз. Сіз­ді елге шақыру үшін қан­дай перс­пек­тива қажет, сіз­діңше?
– Әлия ханым, сізге қалай айт­сам болар екен? Қазір жасым қы­рық­тың үстінде. Елден кет­кеніме 27 жыл­дай уақыт болды. Қазақ­стан­да білім са­ласы енді көтеріле бастағанда жағ­дай­дың бәрін естіп, біліп отырдық. Мен – Кал­тех, Калифорния уни­вер­си­теті секілді бе­делді оқу орын­дарына түскен алғаш­қы қа­зақпын. Мені тани­тын адамдар сіз айтып тұр­­ған перспек­тиваларды сұ­рап хабарла­с­қан­да, бә­рін егжей-тегжей айтып бер­генмін. Өкі­­­ніштісі сол, біз­дегі бюрократия, сы­бай­лас жем­қорлық бұл перс­пективаларға барар жол­ды ашып беруге мүм­кіндік бермейді. Мен сізге айт­­қан үлкен жобаны қолға ал­ғанда елге кел­­ген­мін. Ол уа­қыт­та елде EXPO көрмесі өт­кен соң, жасыл энер­гияға көп назар ауда­ры­лып жатқан бола­тын. Жауапты мамандарға кі­ріп, жоба­ның маңызын айтып, «Бірге іс­тейік» деп талпынған едім, мұнымнан түк шық­пады. Ал бұл жобаның болашағы зор еке­нін дер кезінде түсінген Американың энер­гия департаменті бізге 5,5 млн доллар ау­­дарды. Сосын 3, содан соң 4 млн доллар бер­­ді. Ал егер сол қаражатты Қа­зақстан бер­ген­де бұл қазақстандық жоба бо­лар еді. Па­тент­тері де елдікі болатын еді. Қазақстанға келу үшін маған не керек? Алдымен, ғылыми ор­та, жағдай керек. Мен университетте жұ­мыс істегім келмейді. Ғылыммен айналысқым ке­леді. Ғылымды ілгерілетуге жеткілікті қара­жат Қазақстанда жоқ емес, бар. Мен елге бар­ған сайын, бірнеше университетті ара­лай­мын. Біреуіне барғанда бір жәшікті көрдім. «Ішін­де не бар?» десем, «Электрондық мик­рос­коп» дейді. «Неге аш­па­ғансыңдар?» десем, «Ол құралды қолдана бі­ле­­­тін маман жоқ» дей­ді. Сөйте тұра, сатып алып, әкеп қойған. Электрондық микроскоп – қазір әлем ға­лым­дары қатты қызығатын бағалы құрал. Оны­мен көп нәрсе істеп, біраз жаңалық ашуға бо­­­лады. Ал елдегілер ол жәшіктің үстінде шай ішіп отыр. Сосын грант алған бірнеше жо­ба­ны байқадым. Миға қонбайтын зерттеулер. Мы­­салы, жылқының генін анық­тау туралы зерт­теуді алайық. Жылқы етін бәрінен биік қоя­мыз, алайда қазір жыл­қының генін анық­тау кімге керек? Қазір заман басқа, көзқарас бас­қа. Ғылым бір орында тұрмайды. Ал бірақ біз­дің елде біреудің ойына келген тиім­сіз идеяға қыруар ақша бөлінеді. Осы рет­те айта ке­тетін жайт, Қазақстанда ғылым­ға қатысты ше­шімдерді ғалымдар қабылда­май­ды. Ел бо­лашағына ықпалы тиетін мұндай маңызы зор ше­шімдерді бюрократия, сыбай­лас жем­қор­лық­тың жетегінде кеткен­дер қа­был­дайды. Ал он­дай жерде ғылымның ілге­рілеуі неғайбыл. Ғы­лымның қайда бет алға­нын депутаттар, министрлер емес, ғалымдар шешуге тиіс. Ал ғы­лыммен айналысып көр­ме­ген адамдар өз идеясын тықпалай берсе, мұнымен іс өнбейді. Мысалы, Америкада маған профессорлар ғана баға береді. Маған да ай сайын ғалымдар аш­қан жаңалықтар туралы екі-үш мақала тү­сіп тұрады. Сосын біз оны үш ғалым жіті тек­серіп, өз бағамызды ай­тамыз. Біз баға­ла­майынша, ол зерттеу еш­қайда жарамайды. Қа­зақ­станда да осылай болуға тиіс. Елдегі ғы­лымның дамуына нем­құрайлы қарай ал­май­тын ғалымның бірі – мен­мін. Маған елден ға­лымдар, жастар ха­бар­ласып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Ешкімнің бе­тін қайтармаймын. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, қиынсынбай­мын. Уақытым тапшы болса да, түбі бір жолын тауып көмектесемін. Осы айдың аяғында бір жол­дас баланың танысы Америкаға келе жа­тыр. Осында университетте білімін жетіл­дір­гісі келеді екен. Мархабат, екі-үш сағатымды бө­ліп, қасыма ертіп аламын да, универ­си­тет­тер­ді аралатамын. Басқа студенттерге сту­дент­тік қордан қаражат алу жағын түсін­діре­мін. Мен осында білім қуып келгенде жөн сіл­тейтін адам болған жоқ. Сондықтан мен олар­ды жақсы түсінемін. 
– Сіздің оқушыларға, ғалымдарға кө­мек қолын созып жүргеніңізді бай­қа­ған елдегі жауапты орган өкілдерінің сіз­ге хабарласқан кездері болды ма?
– Соңғы бес жылда ешкім көмек сұрап ха­­бар­ласқан емес. Әйтпесе, мен олардың да бе­тін қайтармас едім. Өткенде Астанада ата-ана­лар қоғамының бір ивентіне шақырылдым. Он­да елдегі ғылымды дұрыс жолға қойғысы ке­летін профессорлар мен ел болашағына алаң­дайтын, Кремний алқабында жұмыс іс­тейтін бір бауырым да болды. Сол жерде ел­дегі ғылыми зерттеу ісінің деңгейін көтеруге қа­­­­тысты өз ойларымды ортаға салдым. Мен Америкада өмірімнің жартысын өткізіп жа­тырмын. Келесі жартысы қайда өрбитінін біл­­­меймін. Елге тартпайды емес, тартады. «Ауыл­дан адам кеткенмен, адамнан ауыл кет­пей­ді» демекші, мен Қазақстаннан кетке­нім­мен, Қазақстан менен кетпейді. «Еліңді, же­рің­ді, тіліңді ұмытпа» деп санама құйған ата-анамның тәрбиесі қаныма сіңіп кеткен. Оңтүстік өңірде өскенім де рөл ойнайды. Де­ген­мен елдегі ахуалды сырттан бақылап, кем­шін тұсын байқап жүрген соң, үндемей қалу­ға тағы болмайды. Мен ол тұстары жө­нін­де жаным ашып, жақсы болсын деген ниет­пен айтып отырмын.
– «Сәкен, айтқан талабыңның түгелін орын­даймыз. Елдегі ғылыми зерттеу ісін дұрыс жолға қою қолыңнан келері сөз­сіз. Дұрысы, сен елге қайт. Бізге көмек­тес» деп айтса, ана жақтағы құны мил­лион доллар тұратын жобаңыз бен бо­йы­ңыз үйренген жайлылықты тастап ке­лер ме едіңіз?
– Басқа, басқа, мен жайлылықтан қинал­май­мын. «Америкаға үйреніп қалған ол бізді қайт­сін?» деп ойлап қалмасын. Мен жайлы ор­та­ны ойлап, бас қатырмаймын. Келешекте бәрі өзгеретін болса, әлбетте, келемін. Мен бұ­ған дейін «көмектесейінші» деген оймен екі-үш рет келдім ғой. 2012, 2015, 2017 жыл­да­ры келгенде университеттерді араладым. Соңғы рет келгенімде осындағы бір мықты ма­ман дұрысы, елге оралмауымды, мұнда ба­ға­ланбайтынымды айтты. Алайда мен айт­қан­дай, барлық процесті ғалымдар қолға ал­са, жағдай түбегейлі өзгерер еді. Қазір, Құ­дай­ға шүкір, Қазақстанның жағдайы жақсы. Ұстан­ған бағыты позитив, сенімділік ұялата­ды. Қалалары да қарқынды дамып келеді.
– Бәрінен бұрын туған жеріңіз Түркі­стан­ның түрленгеніне қарап, тамсанбай қой­майтын боларсыз.
– Әлбетте! Жиырма жыл бұрынғы Түр­кі­стан­мен қазіргі Түркістанды салыстыруға кел­мейді. Жер мен көктей. Көзбояушылық емес, расымен солай. Адамдардың жағдайы да жақсарған. Бұдан да жақсы қылуға болар еді, себебі елге барған кезде қиналып жүрген­дер­дің назын құлағым шалып қалады. Деген­мен елдің дұрыс бағытта келе жатқаны анық бай­қалады. Жақсы, жағымды өзгерістер же­тер­лік. Айналасында Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкі­стан бар. Бәрінің білім саласына көңілі тол­майды. Ал біздегі білім жүйесін қанша сы­наса да, елде білімге баса назар аударылады. Осында «Болашақпен», өз күшімен оқуға түсіп жатқандар жетерлік. Бәрінің көксегені – оқу, жетілу, көкжиегін кеңейту. Барлық мәдениетте «оқы» деп талап қоймайды. Мен көп елді ара­ла­­­дым ғой. «Оқымасаң қоя сал» дейтіндер жетіп артылады. Ал біздегі тәрбие, талап тіпті бас­қаша. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Жалпы, біздің елдегі мектеп-ли­цейлерде берілетін білім сапасы Аме­ри­ка­да­ғы мектептерге қарағанда әлдеқайда жақ­сы. Мысалы, мен мұнда лицейде алған база­мен келдім. Сол база осындағы көпшілікпен иық тіресіп оқуыма мүмкіндік берді. Осында сондай базамен келген мықты ғалымдар бар. Оларға жағдай жасалса, мен айтқан кедергілер алынып тасталса, елге қайтып, пайдасын ти­гі­зері анық қой. Тағы қайталап айтайын, олай бол­са, мен де келемін. Мен еш қиналған емес­пін. Жұмыстан қашқан емеспін. Қазір мына жобаны жүргіземін деп ішім пысып кетті. Бас­қа жоба бастағым келіп жүр. Жуырда бір-екі жұмысқа құжат жолдадым. Өткен аптада Ко­пенгагендегі мамандармен сұхбаттасу ке­зеңі­нен өттім. Оның алдында Сауд Арабия­сын­дағы мамандар шақырған. Мына жақтағы ірі мұнай компаниясы саналатын ұйымның био­технология негізінде жасалатын жобасы бар екен. Олар да мені шақырып отыр. Басқа ел­дер шақырып жатқанда, Қазақстан неге мені шақырмайды? Мақтанбаймын, бірақ мен Америка болсын, Африка болсын, кез келген жерден ілімім, білімімнің арқасында жарқыл­дап шығамын. Өз күнімді өзім көре аламын. Бала-шағама тәрбие, білім бердім. Бағытын анық­тап бердім. Кәмелет жасқа толған соң, өз жолымен кететіні анық. Ал біз болсақ, одан кейінгі кезеңде оқығаның-тоқығаныңды елің­нің, жеріңнің игілігіне жұмсауды көбірек ойланады екенсің. Сондықтан алдағы уақытта ту­ған топырақта жаңа мүмкіндіктер ашылса, жақ­сы болар еді. Дегенмен «есік жабылса, те­ре­зеден кіреміз» дегендей, барлығы жақсы бо­лады деп кәміл сенемін (күліп). 
– Лайым солай болсын! 
Әңгімеңізге рах­мет!

Сұхбаттасқан – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ