Түркістан облысында мектеп күзетшілері жаппай жұмыстан шығарылған
Жұмыс беруші 934 жұмысшыға тиісті өтемақыны төлемеген
Түркістан облысында бірнеше мектепте күзетшілер жаппай жұмыстан шығарылған. Ал білім беру ұйымдары жұмыссыз қалған қызметкерлеріне тиесілі өтемақыны аудармаған, деп хабарлады turkystan.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің бұйрығымен білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын объектілер террористік тұрғыдан осал объектілерге өтуіне байланысты, оларды күзету жеке күзет агенттіктеріне берілген.
Бұл құқықтық өзгерістердің салдарынан Түркістан облысының білім беру бөлімдері мектептегі 1 473 мектеп күзетшісімен еңбек шартын біржақты бұзған.
«Алайда жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақыны төлемеген. Қолданылған шаралармен бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде, барлығы 115 млн теңге өтемақы төлемдері аударылды», – делінген хабарламада.