Ақтөбеге бара жатқан пойызда нәресте дүниеге келді

Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған.

Ақтөбеге бара жатқан пойызда нәресте дүниеге келді
ашық дереккөз

Ақтөбе бағыты бойынша жүрген жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді, деп хабарлады turkystan.kz.

Толғағы басталған әйел жолсеріктің көмегімен аман есен босанған.

Жас ана Айнагүл Тілеубергенова Тоғыз станциясынан Ақтөбе қаласына дейін №33 «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызымен жолға шыққан.

«Пойыз бригадасының қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес пойыз машинисін хабардар етіп, жедел жәрдемді жақын маңдағы Жем станциясына шақырды», – делінген хабарламада.

Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажетті көмек көрсетті. Сағат 14:27 минутта сәби дүниеге келген.

Жем станциясына келгеннен кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.

«Мен баламның өмірі үшін қатты қорықтым. Алайда, пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтатын боламыз», - деп бөлісті жас ана Айнагүл Тілеубергенова.

Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған.

Айта кетейік, жолсеріктердің көмегімен соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 11-ге жуық сәби дүниеге келді.