Үкіметте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу талқыланды

Дәрілік заттарды таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеге жоспарланып отыр.

Үкіметте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу талқыланды
gov.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу мәселелері талқыланды. Кеңеске, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері де қатысты, деп хабарлады turkystan.kz.

Бүгінгі таңда республикада темекі өнімдері мен аяқ киім таңбалауға жатады. Бұл шара тауарларды бақылап отыруға, заңсыз өнімді анықтауға, көлеңкелі айналымды азайтуға және бюджетке түсетін салықты арттыруға мүмкіндік берді. Жалпы таңбалау адал кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қорғауға бағытталған.

Дәрілік заттарды таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеге жоспарланып отыр. Осыған байланысты дәріханалар, дәріхана қоймалары және жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ зергерлік бұйымдарды таңбалауды 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланып отыр. Тиісті пилоттық жоба биылғы қазан айында аяқталды.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр белгіленген тәртіппен таңбаланбаған тауарларды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ пилоттық режимде таңбалауды жүргізу үшін тауарларды іріктеу тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Жалпы осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, 2024 жылы мотор майлары, сыра және сыра сусындары бойынша пилоттық жобаларды жүргізу жоспарланған.