Елімізде транзиттік жүк тасымалдау көлемі 25 млн тоннаға дейін өсті

Контейнерлік транзиттің оң динамикасы сақталуда

Елімізде транзиттік жүк тасымалдау көлемі 25 млн тоннаға дейін өсті
ашық дереккөз

2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 19%-ға ұлғайып, 24,8 млн тоннаны құрады, деп хабарлады turkystan.kz.

Көлік министрлігінің мәліметінше, контейнерлік транзиттің оң динамикасы сақталуда. Бұл 1 млн 180 мың ЖФЭ құрайды.

«Транзиттік ағындарды бөлу мәселелерінде Қазақстанның ұстанымын қолдау үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы жалғасуда, бұл учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттырады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ биыл 3 ірі жаңа жобаны іске асыру басталды:

– «Дарбаза-Мақтаарал», бұл Орталық Азия елдері бағытындағы өткізу пунктерінің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

— «Алматы станциясын айналып өтуге арналған темір жол», бұл жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді;

− Қытай бағытында қазақстандық инфрақұрылымның өткізу қабілетін жылына тағы 20 млн тоннаға арттыратын «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол өткізу пункті.

Сонымен қатар 2023 жылы 133 жаңа локомотив (паркті 6% - ға жаңарту, тозу деңгейін 58% - дан 52% - ға дейін төмендету) және 275 жартылай вагон сатып алынды.

Жолаушылардың ыңғайлылығын арттыру үшін 856 жолаушылар вагоны сатып алынады. Оның ішінде биыл 100 бірлік жеткізілді. Нәтижесінде көлік паркінің тозу деңгейі 47 пайыздан 45 пайызға дейін төмендеді.