2024 жылы зейнетақы мен жәрдемақы қалай өседі?
Зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылатын болады.
2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды (2023 жылы – 120 838 теңге).
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылатын болады, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105%-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгені құрайды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше мысалы:
- 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды;
- мөлшері балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;
- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады.