Brent маркалы мұнай бағасы 90 доллардан төмен түсті

/
Brent маркалы мұнай бағасы 90 доллардан төмен түсті
istockphoto.com

Әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеуін жалғастыруда. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 90 доллардан төмен түсіп, соңғы үш айдағы ең төменгі деңгейге жетті. Бұған Таяу Шығыстан мұнай жеткізу көлемінің қалпына келуі, Ливияда мұнай құбырының іске қосылуы және нарықта ұсыныстың артуы мүмкін деген болжамдар әсер етіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана уақытымен сағат 08:26-дағы жағдай бойынша, Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қаңтар айындағы фьючерстері 3,61 пайызға арзандап, барреліне 89,22 долларды құрады.

Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың қаңтар айындағы фьючерстері 3,89 пайызға төмендеп, барреліне 80,16 долларға дейін түсті.

Мұнай бағасы неге төмендеп жатыр?

Әлемдік нарықта мұнай ұсынысының артуы бағаға қысым түсіріп отыр. Ливияда Шарара мұнай құбыры қайта іске қосылды. Ол арқылы шикізат Завия қаласындағы Акакус мұнай сақтау қоймасының резервуарларына жеткізіле бастады. Бұл мұнай жеткізу көлемі қалпына келеді деген үмітті күшейтті.

Сонымен қатар, 2027 жылы мұнай өндіру көлемі артады деген болжамдар да бағаның төмендеуіне әсер етуде. JPMorgan сарапшылары Иранды қоспағанда, Таяу Шығыс елдерінде, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Америкада, әсіресе АҚШ-та мұнай ұсынысы көбейеді деп күтеді.

Осыған байланысты сарапшылар нарықта мұнай артығы қалыптасуы мүмкін екенін және 2027 жылдың бірінші жартысында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне шамамен 70 долларға дейін төмендеуі ықтимал екенін айтады.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа әскери шабуыл жасау ықтималдығы азайғаны туралы болжамдар да нарыққа әсер етуде. Бұл мұнай жеткізілімінің үзілуіне қатысты алаңдаушылықты бәсеңдетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары