Рамазан Стамғазиев: Әнім халыққа ұнаса, мен үшін сол − бақыт

Сөйтіп, ертесіне келсем, «Бағлан» әнін Тұр­сын аға шығарған, сөзін Несіпбек аға жазған «Ар­манның» мен домбырамен орындаған нұс­қасының үстіне әрлеу қосып, қайта жа­зып­ты. Былайша айтқанда, домбыраның сүй­мелдеуімен орындалған әнге қазақи бояу­мен эстраданың киімін кигізіп қойыпты.

Рамазан Стамғазиев: Әнім халыққа ұнаса, мен үшін сол − бақыт
сурет: ашық дереккөз

Қабілет-қарымымен, құдай берген да­ры­нымен қазақ өнерінің даңқын асырып жүр­ген, халық сүйіп тыңдайтын әншілер аз емес. соның бірі − жақында «Қазақ­стан­ның халық артисі» атағы берілген Р­амазан Өмірәлі­ұлы Стамғазиев. Қазақ­тың дәстүрлі ән мектебінің өкілі, бірнеше бағытта әндерді нақышына келтіре шырқай­тын оның шы­ғар­ма­шылығы сан-салалы. 

− Рамазан аға, ұлтымызға танымал, қа­зақтың ән өнеріне еңбегіңіз сіңген тұл­ғаның бірісіз. Кім-кімнің де әнші ата­нып қана қоймай, өнері ел жүрегіне ұя­лау екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екені айтпаса да белгілі ғой. Сө­зі­міз­ді дәстүрлі сұрақтан бастасақ: өнер жо­лыңыз қалай басталды, әнге қалай кел­діңіз?

− Адамның болашағына әсер ететін жай­лар бала кезден басталады ғой, бірақ ол да бір­ден айқындала қоймайтын сияқты. Өйт­кені ынтаңды оятып, қызықтыратын нәр­се­лер көп болады. Мысалы, мен о баста өнерге бет бұрып кетемін деп ойламадым. Спортшы бол­ғым келді. Неге? Себебі ауылымызда еркін кү­респен, классикалық күреспен, жүгірумен ай­налысатын жастар көп болды. Олардың ара­сында жарыстарға қатысып, мара­пат­та­лып жатқандарын көргенде біз де солардай бол­­сақ деп армандайтынбыз. Мен де 6-сы­нып­тан бастап еркін күреске қатыстым. Әбіш дей­тін тренерім болды. Ауылдың балаларына сер­гек қарайтын. Алайда ауылдың ақ­сақал­да­рының құнарлы әңгімелері, солардың өне­гесінің әсері бөлек әлемге тартатын. Кеш­кі­лік ауыл адамдарының жиналып әң­­гіме-дүкен құруы да ерекше әсерлі еді. Әжем Әйімхан мені үнемі қасына ертіп жүре­тін. Сол кісіге еріп тойларға баратынмын. Үл­кен апалар бастарында жарасымды ки­ме­шек­тері, жиылып отырып қосыла ән салып, ме­рекені қыздыратын. Әкем Өмірәлі дом­быра­шы еді, сол кісінің домбыра тартқанын кө­ріп отырып, мен де осылай тарта алсам ғой деп қы­зығатынмын. Өмір бақи жүргізуші болған ада­мның домбырада жорғалаған сау­сақ­тарына қарап таңғалатынмын. Шешем де жақ­сы әнші еді, Мұқағалилар шыққан әулет­тен. Отыра қалып өлең шығара беретін. Әкем көңіл­деніп отырғанда «Ұлдахан, ана бір әнді айт­сайшы, дейтін», содан шешем шырқап, әкем домбырамен сүйемелдеп, екеуі небір әде­мі халық әндерін керемет орындайтын. 
Бөкеш деген ағам болды, ауылдың үлкен әншісі еді. Облыстық филармонияда жұмыс іс­теді. Жетісу облыстық филармонияның ән­шісі болған, қазір зейнетке шыққан Мұ­ха­ме­диев Оралбай деген ағамыз көршіміз еді. Ауыл­дағы 30 шақты үйдің осалы жоқ, әр үйде бір домбырашы не әнші болатын. Соларды тың­дап өстік. Солайша біздің санамызға бала кез­ден халықтық әуен тамшылап сіңіп, тара­зы басы өнерге ауып кетті. 
Алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ ау­данға «Әнші бала» деген атым шықты. Ау­дандық, облыстық байқауларға қатыстым. Ке­ген ауданының «Коммунизм нұры» деген га­зетіне шыққан мақалаларда атым аталатын. Га­зетке шыққан сайын біздің үйде той бо­ла­ды. Ол газеттен менің атымды көрген ағайын-туыс, көрші-қолаң «Балаң газетке шығыпты, көр­діңдер ме?» деп үйге келеді. Бұл әрине жас балаға қанат бітірмей тұра ма? 
Сосын бізді тәрбиелеген Қазақ радиосы ғой, содан әншілерді тыңдаймыз. Радио күнде түс­тің кезінде «Ауыл еңбеккерлеріне ар­нал­ған түскі демалыс концертін береміз» деп саң­қылдап тұрады. Онда Манарбек Ержанов, Қо­сымжан Бабақов, Жүсіпбек Елебеков, Ға­ри­фолла Құрманғалиев, Қайрат Бай­бо­сы­нов­тар шырқап жатады. Сол сияқты Жамал Ома­рова, Зейнеп Қойшыбаева апаларымыз ән­ді нәшіне келтіріп айтып жатады. Дауыс­та­рын естіп таңданып тұрамыз, не деген ке­ре­мет деп. 
Арғы бабаларымыздың бірі Бейсенбай де­ген сері кісі болған. Ел аралап, өнер көр­се­тіп еркін жүрген ғой ол кісі, сондайда ауыл­дас­тарын көріп қалса «Біздің ауыл аман ба?» деп сұрайды екен. «Бағана көрдім, мал-жаның бала-шағаң аман-есен» десе, «Ее, жақсы екен онда» деп ары қарай жүріп кететін болған ғой. Мен кейін әнші болып, гастрольден гастрольге ке­тіп, ауылға сиректеу соғатын кездерімде адам­дар айтатын «сен де атаң Бейсенбай сияқ­ты болдың» деп. Соған қарағанда өнер жа­рықтық атадан балаға көшіп жүре беретін бол­ғаны ғой.

− Ең алғаш қандай оқуға түстіңіз? Ән­­­шілікпен кәсіби түрде қай кезден бас­тап айналыстыңыз? 

− Мектепті бітірем дегенше мені бүкіл ау­дан әнші ретінде танитын. Оқушы кезім­нен-ақ аудандық концерттерден қалдыр­май­тын, адам жіберіп шақырып алдыратын, кей­де әкемнің өзі алып баратын. Мектепті бі­тір­ген соң мені дипломсыз-ақ Кеген ауда­ны­ның орталығындағы музыка мектебіне мұ­ғалім қылып қабылдады. Армияға кеткенше сонда жұмыс істедім. Түске дейін оқушыларға ән үйретемін, түстен кейін сол мектептегі Қы­зай деген өте сауатты музыкант ағамыз­дың, өзге де апаларымыздың сабақтарына кіріп нота үйренетінмін. Олар сабақтан соң да арнайы көңіл бөліп, менімен жеке жұмыс істейтін. Әскерден келгеннен кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк студиясына (қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирк кол­леджі деп аталады) соған оқуға түстім. Оған екі жыл оқытып барып қабылдайтын. Он­да атақты әншілеріміз Қайрат Бай­бо­сы­нов­тың, Жәнібек Кәрменовтердің класы бол­ды. Сол жерде Ғарифолла Құрманғалиев, Жү­­­сіпбек Елебеков, Мағауия Хамзин, Бекен Жы­лысбаев, Бақыт Қарабалина секілді тұл­ға­лардың көзін көрдік, қосымша сабақ ал­дық. Меруерт Өтекешова апамыз актерлік ше­берлік пәнінен, Қанат Омарбаев ағамыз дауыс қою пәнінен сабақ берді. Ол жерде бір ән­шіні бес оқытушы дайындайды: олар ба­ла­ларға актерлік шеберлікті, тіл тазалығын, үн тазалығын, музыкалық сауаттылықты, әнді, ән­нің тарихын үйретеді. Сөйтіп, екі жылдың ішін­де сахнаға дайын артис қылып шығарады. 
Аптасына мамандық сабағы төрт мәрте өт­кізіледі. Сол төрт күнде азанғы оннан кеш­кі сағат сегізге дейін сабақта отырамыз. Со­ның өзінде мұрнымыздан шаншылып жүріп теат­рға баратынбыз. Театрдан Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, т.б. көптеген аға-апамыздың артистік ше­­берліктерін көретінбіз. Солардың өнер­ле­рі­нен үйреніп, еліктей жүріп, солардай бол­сақ деген арманның жетегінде жүретінбіз. Ар­қадан, Батыстан, Жетісуден келген мықты-мық­ты әншілерді көргенде біз де солардай бол­сақ, қатардан қалмасақ деп ұмтылып, іш­тей өзімізді жетілдіруге күш салатынбыз. Жол­дастарымыз бір ән үйренсе, біз екі ән үй­реніп, Қайрат ағалардың ұстаған дом­быра­сы­ның үлгісін іздейтінбіз. Солар секілді бізде дом­бырамызға үкі тағып алатынбыз. Олар­дың киіп жүрген киімдеріндей киім іздей­тін­біз. Кейбір ауылдан келген балалардың Қай­рат, Жәнібек ағалардың әңгіме айтып оты­рып, тықылдатып шақша қағып отыр­ға­ны­на дейін еліктеп насыбай атқандары да бол­ды. Еліктей жүріп солардың ән айтқан­да­ғы иірім-қайрымдарын игеріп, ерекше мек­теп­тен өттік.
Ол заманда қазіргідей толып жатқан оқу құ­ралдары жоқ, «Ән − көңілдің ажары» дей­тін нотасыз ән мәтіндері бар кітаптан әндер­дің сөзін жаттадық. Оның өзі тапшы, біреуде бар, біреуде жоқ. Сөйте жүріп халық әндерін, ха­лық композиторларының әндерін үйреніп, олардың әуенін, мәнін бойымызға сіңіргенуге тырысатынбыз. Сол кезден бастап-ақ өнер жү­гін арқалап жүргенімізді, ата-бабамыздан біз­ге аманат болып жеткен халық өнерінің қыз­метшісі екенімізді, мойнымызда үлкен жауап­кершілік бар екенін жанымызбен сезін­дік.
1989 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы Рес­публикалық эстрада-цирк студиясын бі­тір­ген соң, 1990-1995 жылдарда Абай атын­да­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­си­те­тінің музыка факультетін сырттай оқып бітір­дім. Оны бітіре салып, Қазақконцерттің «Жа­зира» ансамбліне әнші болып қабыл­дан­дым. Ол жерде Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз­бен бірге 15 жылдан аса әнші болып жүрдім. Сол ансамбльмен бірге Қазақстанның түпкір-тү­пкірін араладық. Үш ай бойына гастрольда жүре­тінбіз. Ара-арасында берілген бір апта, он күн демалыста үйіңе барып бала-ша­ғаң­ды көресің де, қайтадан ел аралап кете ба­ра­сың. Күніне екі концертке қатысасың.
Ел аралаудың пайдалы жағы көп қой, көп нәр­се көресің, көп нәрсе үйренесің. Әр жер­дің табиғаты бөлек, адамдары өзгеше, өнерді қа­былдауы басқаша. Қазақтың бәрі бір қазақ деген жалпақ жайылып жатқан ел, рухани жа­ғынан тұтас дегенімізбен әр жердегі ха­лық­тың сөйлеу мәнері басқа, мәдениетінде азды-көпті айырма бар. Соларды көріп көңілге ой түйесің, бұрын білмегеніңді біліп, көр­ме­геніңді көріп білігің артады, танымың кү­шейе­ді. Жалпы, Қазақстанда менің табаным ти­ме­ген жер аз десем болады. 
Қайда барсақ та жай жүрген жоқпыз, бар­ған жеріміздің естіген әңгімемізді құлаққа құйып алатынбыз, аңыз адамдарын іздей­тінбіз, бұрын естімеген әндер болса тыңдап, үйреніп алатынбыз. Кейін магнитофондарға жазып алатын болдық. Сөйтіп, ән қоржы­ны­мыз­ды толтырып, репертуарымызды байы­та­тынбыз.
Біз оқып жүрген кездерде халық әні, ха­лық композиторларының әндері деп үй­ре­тіл­се, 1989 жылы Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясының Халық әні  ка­­­федрасы ашылғанда қазақ әндерін Арқа, Ба­тыс, Жетісу, т.б. басқа ән мектептеріне бө­ліп қарау басталды. 
Біз гастрольде жүргенде, еліміздің қай өңі­ріне барсақ сол өлкеде айтылатын халық ән­­дерін, сол аймақтан шыққан халық ком­по­­зиторларының әндерін айтуға тыры­са­тын­быз. Ол кезде жауапкершілік өте күшті бо­ла­тын, гастрольге шықпастан екі ай бұрын дайын­дық басталатын, әндер іріктеліп, әншілердің ре­пер­туары арнайы көркемдік кеңестің сүз­гісінен өтетін. Баратын облысымыздың та­ри­хымен жақсылап таныстыратын, ол жер­ден шыққан танымал өнер майталмандары­ның өмірі, шығармашылығы жайлы мол мә­лімет беріліп, құлаққа сіңірілетін. Сон­дық­тан барған жерлерімізде өмірден өтіп кеткен өнер адамдарының ұрпақтарымен кездесіп, оларды білетін адамдармен жүздесіп, жа­рық­қа шықпай қалған әндерін жазып алып ар­хив­ке тапсыратын едік, таңдаулыларын ре­пер­туарымызға қосатынбыз. Қазір соның бә­рі сағынышпен еске алатын кездер.
Өмірін өнерге арнаған адамдардың ба­сы­нан не өтпейді. Талай далада қалған кез­де­ріміз болды, баспанасыз жүрген шақтар бар. Біреудің қас-қабағына қарап жүрген уа­қыт­тар да жоқ емес. Ол тек менің немесе біз­дің қатарластарымыздың басынан өткен нәр­се емес, біздің алдымыздағы аға буынның да көрген нәрсесі. Сондай, небір қиындықты кө­ріп, содан қайралып барып танылып, хал­қына ардақты болған тұлғалардың жолымен бүгін біз де жүріп келеміз.

− Кеңестік дәуірде халқымыздың қа­­зақ­тың халық әндеріне, халық ком­по­зиторларының әндеріне ықыласы ерек­ше еді. Ұлттық әндер радио-теле­арнадан берілетін концерттерде ерек­ше насихатталатын. Содан болар, ұлт өнерінің уызына жарыған ұлт ол кезде эстрадалық әндерді тыңдауға аса бір ыңғай бере бермейтін. Бірақ кейінгі отыз жылдан аса уақытта эстрадалық бағытта орындалатын әндер алға шығып кеткендей. Сіздің де эстрадамен ән ай­тып жүргеніңізге біраз жыл болды...

− Менің ұғымымда, өнер деген нәрсе жан-жақты даму керек. Ол тек біржақты ғана да­мып, оған біржақты көзқараста ғана болу дұ­рыс емес. Мысалы, біздердің алдымыздағы Ға­рифолла Құрманғалиев, Манарбек Ер­жа­нов, т.б. тұлғалы әншілер − халқымыздың ән өне­рін кейінге жеткізушілер, бүгінде бүкіл ха­лықтың бәрі білетін көптеген әнді ел ал­дына шығарып, алғаш орындап танымал ет­кендер. Ал солардың өзі бір мезет домбыра­сын қоя тұрып, актер болып сахнада ойнады, операларда арияларды айтты, алғаш­қы құрылған оркестрлердің сүйемелдеуімен ән шырқады. Қолынан келіп тұрса түрлі ба­ғыт­та неге ән салмасқа? 
Сол сияқты мен де өзімді әртүрлі бағытта сы­нап көрдім. Кейде дәстүрлі халықтық жол­мен айтылатын әндердің өзге бағытта орын­далу­да бағы жанып жатады. Мысалы, біз ел ара­сынан жазып әкеліп архивке тапсырған ән­дерді кейін жастар эстрадалық бағытта ай­тып, танымал етіп жатқандары бар.
Бір жылдары Тұрсынжан Шапай, Не­сіп­бек Айтов ағаларымызбен танысып, шығар­ма­шылық байланыс басталған шақта, ең ал­ғаш «Арман», «Дариға-дәурен» әндері шы­ғып жатқан кезде соларды студияға жазып, ра­диоға өткізуге барсам, менің досым, ком­по­зитор-әрлеуші Бағлан Омаров «Әй, Рама­зан, сен мына әндерден де айырыласың ғой» де­ді. «Қалай айырыламын?» деймін мен. Ол «Сен жаздырып шығарасың, ертең өзге біреу­лер бұл әнді алып кетеді» деді. «Не істеу керек ен­ді?» деймін оның ойын дұрыстап түсіне қой­май. 
Сөйтіп, ертесіне келсем, «Бағлан» әнін Тұр­сын аға шығарған, сөзін Несіпбек аға жаз­ған «Ар­манның» мен домбырамен орын­даған нұс­қасының үстіне әрлеу қосып, қайта жа­зып­ты. Былайша айтқанда, домбыраның сүй­емелдеуімен орындалған әнге қазақи бояу­­мен эстраданың киімін кигізіп қойыпты. Мен таңырқап қалдым, мынау қалай деп. Бізге «сен дәстүрлі әншісің, әннің түпнұс­қа­сын бұз­­бауың керек, өйтуге болмайды, бүй­ту­ге бол­­майды» деп, әбден мыйымызға сол ұғым­­ды құйып тастаған ғой. Ол біз оқыған кез­дің талабы.
«Арманның» жаңаша бағытта жасалғанын ал­ғашында «Мен мынаны білмеймін» деп ба­сында қабылдағам жоқ. Содан ән автор­ла­рын шақырып тыңдаттық. Олар ары тыңдап, бері тың­дап қорытынды жасады да, «Әй, сен ап­тықпа! Мынаны радиоға беріп көрейік. Елдің пі­кірін тыңдайық» деді. Бұл ән радиоға беріл­ген­нен бастап менің басқа бір қырым ашыл­ды. Бірақ менің тыңдармандарым екіге бөлі­ніп, пікірлері өзгеріп кетті. «Ей, сен бір есі дұрыс дәстүрлі әнші едің ғой, мынауың не?» де­гендер болды. Сөйткен адамдардың ішінде кейін «Басында дұрыс түсінбеппіз» деп ке­ші­рім сұрағандары да болды. 
Бұдан соң «Дариға-дәурен», «Ай сәулем», «Сәу­ле-ғұмыр» әндері ізді-ізінен шығып, бей­не­баяндар түсіріліп, халыққа кең танылды. Орын­дау ғана емес, әннің әуені, сөзі елдің көңі­лінен шықты. Әндердің өлеңдерін жаз­ған Несіпбек ағамыз сөздерінің ашық, үнді, әуезді шығуына көп күш салды, орындағанда әннің әуенін Тұрсынжан Шапай ағамыз қат­ты қадағалады. Кейде екеуі келіспей қалатын жағдайлар болды, бірақ екеуі де әншінің үні бі­теліп қалмай ашық шығуына, ән әуезінің жан тербер ырғақ үйлесімді болып жаралуына шын көңілімен, бар талантымен еңбек сіңірді. Екеуінің ұйқысыз түндеріне, төккен терлеріне куә болған соң солардың ойлаған ме­жесінен шығу үшін әншіге де жүктелер жауап­кершілік қайдан оңай болсын? Ендеше, сол кісілердің қатал сынынан өтіп, ойынан шық­қаным үшін мен өзімді өте бақытты ән­ші­мін деп санаймын.

− Былайша айтқанда, сіздің ол ән­дер­ді орындауыңыз эстрададағы өзінше бір бағыт болды ғой? Әндерді тағы қан­дай стильде орындап көрдіңіз?

− Ол кезде ол кісілер «Қазақфильм», мен «Ма­мыр» микроауданында тұрам. Оларда са­ғат таңғы 8-де тұрып, кешкі 10-да ұйықтау де­ген жоқ, шабыттары келсе ұйқылары қа­шып, жұмыс істеп кете беретін. Олар сөйтіп тұр­ғанда әншіде қайдан ұйқы болсын? Қас­тарын­да мен де жүретінмін ыңылдап. Кейде өзім­нің ой-пікірімді айтамын, «Аға, мына же­рін бүйтсек бола ма?» деп. Олар кейде пі­кірі­ме құлақ асады, кейде қосылмайды. Бір сө­зін, бір әуенін өзгертуге қарсы болады. Ай­тып жатқанда бір иірімі сәл басқаша бо­лып кетсе, дау шығады. Сөйтіп, мені өзгеше бір мектептен өткізді олар.
Сондықтан эстрада бағытындағы ән орын­дау − Рамазан Стамғазиевтің мына ға­сырдағы белесі, әншіліктегі сара жолы деуге болады. Дегенмен дәстүрлі әнші ретінде мына жақтағы мектебім бар. Оны маған педагогика арқылы дамытуға тура келді. 
Менің ұстаздарым бар ғой, олар менің айт­қан әнімді, жүрген жүрісімді үнемі қада­ға­лап отырады. Мәселен, Қайрат Байбосынов аға­лар ұмытылып бара жатқан, еске түспей жүр­ген әндер туралы айтады, «Рамазан, мына әндер қалып барады, осыны репертуарыңа қо­сып ал» деп әндер ұсынып отырады. 
Өнер де мың бұтақты бәйтерек секілді жа­ра­тылыс, бір бұтағы халық әндері, бір бұ­та­ғы халық композиторларының әндері, бір бұтағы классикалық жанрдағы әндер, бір бұ­тағы эстрадалық әндер дегендей, тарам-та­рам болып кете береді. Қолдан келіп тұрса бә­рінде өзіңді сынап көргенге не жетсін!
Бір күндері отырып ойландым, неге ака­де­миялық оркестрмен айтып көрмеске, неге мен бір шеңберден шықпай, соған байланып қалуым керек деп ойландым. Соны іске асыр­ғым келгенде  марқұм, Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның Еңбек сіңірген әртісі Бек (шын аты Қош­қарбек) Тасбергенов деген ағам мені Құр­манғазы оркестріне, «Отырар сазы» ор­кес­тріне алып барып, оркестр мәдениетінің ерек­шелігін көрсетіп, дирижерлармен жұмыс істеуді, оркестрдің сүйемелдеуімен ән салуды үйретті. 
Одан кейін бір күні тағы да «Осымен қала бе­рем бе, мен неге хормен айтып көрмеймін» де­ген ойға келдім. Сөйтіп, ойымды Болат Ата­­баев ағамызға айтып көрдім. Ол кісі «Хор­мен айтқ­ың келсе неге айтпасқа? Айтуың керек» деп қолдай кетті. Екеуміз отырып алып пә­лен­бай әннің ішінен алты әнді әрең таңдап ал­дық, осыны жасап көрейікші деп. Содан ал­ғашқы концертімде «Шырмауық» пен Сә­кен Сейфуллиннің «Көкшетау» деген екі әнді хор­мен бірге орындадым. Хор деген мүлде бө­лек әлем, желкеңде тұрған жетпіс ән­шімен қосылып айтудың әсері басқаша. Оған үйреткен атақты хормейстер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, 2006 жылы өзінің дирижерлік етуімен Қа­зақстан Республикасының жаңа әнұраны түп­нұсқа ретінде ресми түрде жазылған Бейім­бет Демеуов деген ағамыз. Хормен ән салу да өз алдына бір мектеп. Өткенде Ақан се­рі­нің 180 жылдығында хормен айттым. Ол ба­ғыт та мен үшін рухани бақыт. 
Бір күндері бір концерт болатын болып, эст­радалық-симфониялық оркестрімен ән ай­туға тура келді. Тұрсынжан Шапай аға­мыз­дың «Сәуле-ғұмыр» деген әні бар, оны жеке дом­бырамен де, фольклорлық ансамбльмен де айтып көргем, соны Бағлан Омаров эст­ра­да­лық-симфониялық бағытта жасапты. Сөйтіп, мен сол әнді, Алматының Мәскеудегі күндері­не орай өткен концертте Мәскеудің Үлкен театрының сахнасында орындадым. 
Міне, осыларға қарап отырып, дәстүрлі ән­ші әнді тек домбырада ғана орындау керек де­ген шартқа байланып қалмау керек-ау деп ой­лаймын. Егер әншіге Құдай дауыс берген бол­са, түрлі бағытта айтуға мүмкіндігің бол­са, оған сауатың жетіп тұрса, неге шектелуің ке­рек? Әншінің әр бағыттағы ән орындау сти­лін былай қойғанда, әр әнінің өз тың­дармандары бар. 
Менің шәкірттерімнің арасында да менің дәс­түрлі ән орындауымды да, эстрадалық ба­ғытта ән салуымды да үлгі тұтатындары, ма­ған ұқсап ән салатындары бар. Олардың ара­сында елімізді былай қойғанда, Қытайдан, Моңғолиядан келіп оқығандары бар. Оларға аза­маттық алуына көмектестік, осында үй­лен­дірдік. Біразы облыстық филармонияда ең­бек етіп жатыр.
Мына заманда бір саламен, бір бағытпен бай­ланып қалуға болмайды. Сұранысқа сай да халыққа қызмет ете білуің керек. Жан-жақ­ты іздену қажет. Өйтпеген күнде таныл­май не аш қалуың мүмкін. Мысалы, мені рес­пуб­ли­­­калық үлкен мерекелік концерт­терге дом­бырамен ән салуға қатыстырады, сол сияқты ор­кестрмен ән салуға шақырады, керек де­сеңіз, ел арасындағы жиын-тойларға, тіпті бе­­­ташар ашуға да шақырып жатады. Мен бар­маған жерлерге менің орындауым­дағы ән­дер жетіп жатады. Ел ішіндегі менің ән­шілігіме деген сұраныстың болғаны үшін, тың­дармандарымның бары үшін Құдайға шү­кір деймін, қуанамын.

− Енді әншілік өнер туралы сұрайын: бү­гінде әнші көбейген заман, жастар не­гізінен эстрадалық жанрда ән айтуға көп барады, бірақ олардың арасында ерек­ше тембрі бар өнерпаздар кем се­кіл­ді сияқты. Дарынды әншілерді бұрын ха­лық дауысынан танитын. Қазір неге он­дайлар аз?

− Әрине, әнші болам деген адамның өз ерек­шелігі болғаны дұрыс. Бірақ ондай ерек­ше­лік бірден қалыптаса қоймас, алғашқы кез­де еліктеушілік басым болады. Кейін келе біреу­лері өз жолын тауып кетсе, кейбіреулері елік­теушіліктен аса алмай қалуы мүмкін. Мы­салы, мен ең алғаш он екі жылдай Қайрат Бай­босынов сияқты ән айтып жүрдім, сол кісі «а» десе «а» дедім, «о» десе «о» дедім. Сол кезде ку­рс­тастарым әзілдейтін, «Қытайда Шаолинь де­ген кунфу мектебі болса, бізде Қайрат Бай­бо­сынов мектебі бар» деп. Өйткені Қай­ре­кең­нен тәлім алған кез келген әншінің а деп бас­­тағанынан оның шәкірті екені көрініп тұра­тын. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар, жақсы жағы Қайраттай әншіге ұқсау бол­са, жаман жағы − Қайрекеңнің стилінің кө­леңкесінде қалып қою, соның репер­туары­нан аса алмау, т.т. Қайрат аға «Мен сендерге ұстаз­дық еңбегімді бердім, енді өздеріңді із­деп, қолдарыңнан келгенше өзіндік стиль қа­лыптастырыңдар» дейтін. Шәкірттерін өз жолдарын тауып кетуге үндейтін.
Әншілердің бір ізде қалып қоюы − оларда із­деністің жоқтығы. Түрлі әншілерді тыңдау керек, үйреніп, сіңіру керек, сол арқылы өз жо­­­лыңды табуға ұмтылу керек. Мен өзім әлі күнге Жамал Омарованы, Зәуреш Есбергенова, Зей­неп Қойшыбаева, Әмина Нұғыманова, Кен­жегүл Сыздықованың орындауындағы ән­дерді жиі тыңдаймын. Сол бағыттағы ән­шілерді тыңдау арқылы өзіме керекті дү­ние­лерді табамын. Осы сияқты ізденістердің ар­қасында өзіңдік ән айту мәнерің қалып­та­са­­ды, стилің табылады. Әйтпесе, баяғыда бір үй­ренгенімен қалған адам ешқашан өспейді. Со­сын әншілердің ең ұтылатын жері − ре­пер­туар таңдамау, өзінің болмысына келетін ән­дерді іздеп таппау, репертуары бай болмаса ән­ші тез сарқылады.

− Өнер адамдары қолдап-қоша­мет­теу­ден шабыт алады. Демек, олардың ең­бектері дер кезінде лайықты бағала­нып жатқаны дұрыс. Кейде өнер адам­да­рының ішінде өнерім бағаланбады деп наразылық білдіріп жататындары да бар. Өнер адамдарына атақ сонша маңыз­ды ма?

− Ақан серінің, Біржан салдың, Жаяу Мұ­са­ның, Үкілі Ыбырайдың, Мұхиттың атақ­та­ры болған жоқ, ол кезде ондай атақ дегеннің өзі болған жоқ қой! Бірақ олар халқына та­лан­тымен, өнерімен, лақап аттарымен та­ныл­ды. Ел білген есімдерінің өзі ол кісілерге атақ еді. Ақжігітті халық Ақан сері деп ерке­лет­ті, Нұрмағамбетті Балуан шолақ деп төбе­сі­не көтерді. Олар сол атаққа айналған ат­та­ры­мен тарихта қалды. Бірақ олар ана ға­сыр­лар­дың тұлғалары ғой. Ал мына ғасырда қо­ғам өзгерді, қоғамның өнерпаздарға деген көз­қарасы басқа. Сондықтан қазіргі кез­де мемлекет талантымен танылғанда, өнер­ге сіңген еңбегінің маңызына, лайық­ты­лы­ғына қарай атақ, ордень-медаль беріп жа­тады. Ол қалыпты жағдай. 
Мысалы, маған 31 жасымда  «Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы бе­­ріл­ді. Оған дейін қазақ өнерінің шетелдер­де­гі концерттерінде өнер көрсеттім, рес­пуб­ли­калық үлкен мерекелік концерттерде ән сал­­­дым. Ұстаздық қызметте болып шәкірттер тәр­биеледім. Соның бәрін сараптан өткізіп, мем­лекет еңбегімді бағалады деп ойлаймын. Со­дан кейін 24 жыл өткенше, яғни биыл Қа­зақстанның Халық артисі атанғанша басқа еш­теңе алған жоқпын. Сұрағам да жоқ. Атақ ке­рек деп араға кісі салуды ойлаған емеспін, бір­деңе бермеді деп те өкінбедім. Құдайдың бер­ген қабілетінің арқасында халқыма қыз­мет еттім.
Өткенде Қазақстан Халық артисі атағын алу­ға 800-ден артық құжат тапсырылыпты. Олар­дың көбі сол атақты алуға лайықты деп есеп­теймін, араларында менен үлкендер де, кі­шілер де бар. Бірақ Үкіметтің үлкен сүз­гі­сі­нен, қадағалауынан өткен соң ғана олар­дың лайықты деп санаған адамдарына атақ берілді. Оны ерте берді, кеш берді деп жат­қанымыз жоқ, халыққа еткен азды-көпті ең­бегіміз бағаланғанына ризалық білдіреміз.
Құдайға шүкір, атақсыз-ақ бұған дейін атым­ды ел таныды, мен орындаған әндерді біл­ді, сүйіп тыңдады. Демек, аспаннан түсе са­лып Халық әртісі атанғаным жоқ деп ой­лаймын. Ол әрине, болашақта да халыққа ең­бек ете беретін адам ретінде маған шабыт бе­реді. Әлі де алда орындаймын деген мақ­сат­тар бар. Тек Құдайдан тілейтінім: хал­қы­мыз аман, еліміз тыныш болса екен, деніміз сау болып халық үшін еңбек ете берсек екен дей­мін. Әлі де айтатын ән, тәрбиелейтін шә­кір көп. Ізімізді басар, қазақ өнерін аспан­да­тар жастар көп болсын.

− Әңгімеңізге рахмет!
 

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ